«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖЫЛ ЖАЙЛЫ ӨТСІН ДЕП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айнагүл ҚАРАБАЕВА,

“Жедел жәрдем” орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Жаңа жылдың алғашқы сағаттарын отбасымен емес, қызмет орнында қарсы алатын “Жедел жәрдем” орталығы биыл да сақадай сай.

Әдеттегі жұмыс күнінен бұл күн секунд сайын толастамайтын шақыртумен ерекшеленеді. Сондықтан 31 желтоқсанда “Жедел жәрдемнің” барлық бригадалары бір адамдай қызмет етуге кірісті. Бұл күні ішімдікті мөлшерінен көп ішетіндер саны екі есе көбейетіндіктен, қосымша бригадалар мен санитарлар бөлініп отыр. Сондай-ақ кардиологиялық, травматологиялық, педиатриялық және фельдшерлік бригадалар күшейтілді.

 

Спартак ҚАБДЕНОВ,

СҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы:

– 29 желтоқсан – 2 қаңтар аралығында облыс полицейлері күшейтілген қызметте кезекшілік атқаратын болады. Тұрғындар көп шоғырланған орындарда, облыс орталығы мен аудандардағы бас шыршалар маңында арнайы топтар жүреді. Автопатрульдер күндіз-түні жолдарда бақылау жүргізуде. Барлық полиция құрылымдары жұмысының тиімділігі, құқықтық тәртіп және қоғамдық қауіпсіздік деңгейі полицейлердің техникалық жабдықталуы мен мобильділігі дәрежесіне тікелей байланысты. Жаңа жыл демалыстарында заманауи техникалық құралдармен жабдықталған ішкі істер органдарының қызметкерлері – полицейлерге оқиға орнына жедел келіп, қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар Петропавл қалалық ІІБ мен СҚО ІІД аппаратының жеке құрамы да кезекшілікке шықты. Қандай да бір құқық бұзушылық немесе қылмыс орын алатын болса, азаматтардың 102 нөміріне хабарласуларын сұраймыз.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

СҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы:

– Жаңа жыл түні солтүстікқазақстандықтардың тыныштығын СҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің 132 қызметкері қамтамасыз етуде. Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі, суда құтқару және департаментіміздің бірыңғай кезекші диспетчер қызметтері демалыс күндеріне қарамастан, аса үлкен жауапкершілікпен қызмет атқаратын болады. Бұдан басқа құрылымдық бөлімшелердің басшылары арасынан жауапты тұлғалар анықталып, олар жұмыс орнында тәулік бойы төтенше оқиғаларға қатысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мереке күндері демалып жатқан өзге қызметкерлеріміз де жедел даярлықта. Сондықтан облыс тұрғындарына еш нәрсеге алаңдаудың қажеті жоқ. Әрине, қала мен ауылдардың тұрғындары тамаша мерекені ешбір төтенше жағдайсыз қарсы алса екен дейміз. Ол үшін әрбір солтүстікқазақстандық қажетті барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды деген үміттеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp