«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛАН ЖЫЛЫНАН КҮТЕРІМІЗ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлжан ТӨКЕНОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған

гимназия-интернаттың директоры.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында өскелең ұрпаққа сапалы білім беруді алдыңғы кезекке қояды. Мемлекет басшысының биік талаптарын жүзеге асыру білім ошақтарына зор міндеттер жүктейді. Өткен 2012 жыл біздің мектеп-гимназия үшін қай жағынан болса да табысты болды. Жаңа жылды да тың ойлармен, жаңа жоспарлармен қарсы алмақпыз.

 

2012-2013 оқу жылында мектебімізді бітіретін түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлық үстінде. Одан басқа, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар сайыстарына, түрлі олимпиадаларға әзірленіп жүрген оқушыларымыз бар. Таяуда ғана 1-7-сынып оқушылары арасында өткен “Зерде” зерттеушілік жұмыстары мен шығармашылық жобаларының облыстық кезеңінен төрт жобамыз 1-орынға лайық деп танылып, республикаға жолдама алды.

Сонымен қатар қаңтар айында Ресейдің Протвино қаласында өтетін “Компьютерлік физика” конкурсына 11-сынып оқушысы Әбілқайыр Әскербек дайындалып жүр. Оқушыларымыз Түркия, Америка, Ресей мемлекеттерінде өтетін сайыстарға да өз жобаларымен қатысып, бақтарын сынамақшы.

Ұстаздарымыз бен тәрбиешілеріміз де оқу-әдістемелік жұмыстарын облыс, республика көлеміндегі баспасөз беттеріне жариялап, тәжірибе таратып келеді. Олардың бірқатары алдағы жылы ел көлемінде педагогикалық шеберлік орталығында қайта даярлаудан өтеді.

Жаңа жылда үміттеріңіз ақталып, жаңа жоспарларыңыз жүзеге ассын!

 

* * *

Бақытжан ОМАРОВ,

облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының

директоры.

Ұлу жылы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты үшін табысты жыл болды. Атап айтсақ, облыс көлемінде ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары көрсеткішке ие болдық. Республикалық пән олимпиадасында 7 оқушы жеңімпаз атанып, облысымыздың намысын қорғады. Түрлі халықаралық ғылыми жоба жарыстарына қатысқан 11 оқушы мемлекеттік грантқа ие болды. Жалпы лицейдің 43 түлегі еліміздің және шетелдердің жоғары оқу орындарына түсті.

Жаңа жылдан қашанда жақсылық күтеміз және оқу-тәрбие жүйесінде көптеген міндеттер қойып отырмыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Сондықтан оқушыларымыздың ғылыми-зерттеушілік бағытта білім алуын басты назарда ұстаудамыз. Оқушыларымыз тоқсан сайын 2-3 пәннен оқу бағдарламасы негізінде ғылыми жоба жұмысын қорғайды. Ғылыми-зерттеушілік жоба жұмыстарына баулу оқушының өзіне деген сенімін, жауапкершілігін, ізденушілігін, пәнге деген қызығушылығын арттырмақ.

Лицейде үш жылдан бері “Мемлекеттік тілді меңгеруде менің үлесім” атты қазақ ақын-жазушыларының кітабын оқу жарысы өткізіліп келеді. Ең көп кітап оқыған оқушылар, ата-аналар сыйлықтармен марапатталады. Осы істің жалғасы ретінде қаңтар айынан бастап сыныптарда “Кітап оқу сағатын” ұйымдастыру жоспарлануда. Оқушыларға күн сайын әдеби кітап оқуға жарты сағат көлемінде уақыт бөлінеді. Аталған жұмыс түрі жас ұрпақтың рухани жан дүниесін байыту көзі болмақ. Себебі, жас ұрпақ ата-баба дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен мұрасын көркем шығарма арқылы алады.

Жалпы қазақ-түрік лицейі оқу-тәрбие жүйесінде жеке тұлғаны шығармашылық тұрғыда ойлауға, еркін шешім қабылдауға, еңбек пен білімді ұштастыра білуге дайын болуға жетелеу жолында заманауи өзгеріс-жаңалықтар негізінде білім бере отырып, 2012-2016 жылдарға арналған оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың ұлттық жоспарын жүзеге асыру жолында еңбек етуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp