«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕКЕНІҢ ШЫРҚЫ БҰЗЫЛМАСЫН ДЕСЕК…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наталья ПОПОВА,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметкері.

Жыл сайынғы жаңажылдық мереке күндерінде адамдар жарақат алатын және тіпті, мерт болатын өрт оқиғалар орын алып жүр. Соңғы үш жылдың ішінде 31 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін облыста осындай “жаңажылдық” төтенше жағдайлардың өсе түскені байқалады. Атап айтқанда, 2010 жылы 8 өрт шығып, 1 адам қаза тапса, 2011 жылы өрт саны 13-ке жетіп, 6 адам мерт болды.

Өрт шығуының негізгі себептері: отқа немқұрайды қарау, пештерді пайдаланған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы, электр жабдықтарындағы сымдардың қысқа тұйықталуы, сөндірілмеген газ плитасында ұмыт қалған тамақ, төсекте жатып темекі тарту болып табылады. Мұндай оқиғалардың түп төркінінде шектен шыға ішімдікке салыну жатыр.

Бірнеше жыл бұрын Урожайная көшесінде тұрған қалалық азамат Жаңа жылды қарсы алу кешінде темекі тартып ұйықтап кеткен. Абырой болғанда, оны облыс орталығының өртсөндірушілері дер кезінде оятып, ажалдан аман алып қалды. Бескөлдің өртпен күресушілері Петропавл қаласының №2 өрт сөндіру бөлімшесіндегі әріптестерімен бірге өткен бір жаңа жылды Қызылжар ауданының Асаново ауылындағы жалындаған оттың ішінде қарсы алды. Ауылдықтар өртті өте кеш байқаған, сумаңдаған қызыл жалын тұрғын үйді де және оның 53 жастағы сал болып төсекке таңылған иесін де аяған жоқ.

Тағы осындай өрт оқиғасы Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында орын алды. Онда электр сымының қысқа тұйықталуынан шыршаға ілінген шамшырақтан өрт шығып, біраз үй мүлкі жанып кетті. Жамбыл көшесінде тұратын қалалық азамат мереке қарсаңында жекеменшік үйдің шатыр ішінде отшашу ракетасын сынап көрмек болады. Соның салдарынан үйінің шатыры өртеніп, қыруар шығын шекті.

Мұның бәрі қуаныш әкелетін қызықтардан құр қалу керек дегенді білдірмейді, бірақ әр нәрсенің шегі бар, бәрін сақтықпен және ақылмен жасап, өз қауіпсіздігіңді ұмытпаған жөн. Жаңажылдық мерекеміздің қалай өтетіні – біздің өзімізге байланысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp