Балахмет МОЛДИНОВ,
“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалының директоры.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын жариялады. “Өткен күннен алысы жоқ, келер күннен жақыны жоқ” деген бабалар даналығын тілге тиек ете сөйлеген Президентіміз алдымен Тәуелсіздіктің 20 жылдық көкжиегіне көз жүгіртіп өтіп, ондағы қол жеткізген зор жетістіктерімізді атады.
Өзім қаржы саласының маманы болғандықтан, Елбасының “Қазақстан – 2030” Стратегиясына байланысты айтқан ел экономикасының жетістіктеріне айрықша ықылас таныттым. Расында да, 15 жылдың ішінде ұлттық экономика ауқымының 1,7 триллион теңгеден 2011 жылға дейін 28,0 триллион теңгеге жетіп, 16 еседен артық өскені ел тұрғындарын қуантарлықтай. Сондай-ақ жалпы ішкі өнім үлесі 7 есеге артып, жан басына шаққанда 12 мың долларға жеткені халқымыздың әл-ауқатын арттырғаны сөзсіз. Елбасымыздың өзі атап өткеніндей, ел экономикасына 160 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылыпты, ол Орталық Азиядағы ең ірі инвестиция екен.
Сонымен бірге Елбасының экономиканың ауқымы бойынша 2012 жылдың қорытындысында біз әлемнің қуатты 50 экономикасына кіреміз деген сөзіне қалай қанаттанбайсың?! Міне, осындай дамудың оң нәтижелерін өз көзімізбен көріп, еліміздің ерен табыстарға жеткеніне шаттана түсеміз.
“Қазақстан – 2030” Стратегиясының бірқатар бағыттарының мерзімінен бұрын орындалғаны белгілі болып отырғандықтан, Президенттің Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын жариялап, алдымызға 2050 жылға таман әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуді мақсат етіп қойғаны, барша қазақстандықтардың көңілінен шығады деп білемін.