«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҚИНА КІМДЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Сақина кімде?” ойынын біздің аталарымыз бен әжелеріміз де ойнаған. Содан бері көп уақыт өтсе де, бұл ойын, әсіресе, ауылдық жерлерде осы кезге дейін кеңінен танымал.

Балалар қолдарын алдарына ұстап, бір-бірлерінен қол созым жерде, алқа-қотан жайғасады. Ортадағы жүргізуші ұсынған алақандарға “сақинаны” қалдырып кеткен сыңай танытып, ойыншыларды жағалап жүреді. Әрине, сақина табылмаса, оның орнына ұсақ тасты, кәмпиттің орама қағазын, керексіз түйме дейсіз бе, әйтеуір, кез келген кішкентай затты пайдалана беруге болады.

Сонымен, жүргізуші ойыншыларды жағалап жүруін одан әрі жалғастыра береді. Бәлкім, “сақина” бұл кезде біреудің алақанына салынып та қойылған болар. Бірақ мұны жүргізуші де, “сақина” алақанына салынған ойыншы да өзгелерге білдірмеуі тиіс.

Міне, жүргізуші ойыншыларды бір рет немесе бірнеше рет жағалата айналып шығады. Енді бір сәтте ол: “Сақина кімде?” деп айқай салады.

Осы сәтте қолында “сақинасы” бар ойыншы орнынан қарғып тұрып, ортаға жетуге ұмтылады.

Ал бірақ бұл оңай емес!

Себебі, ойынның шарты бойынша әр ойыншы өзінің сол жағындағы көршісінің әрбір қимылы мен қас-қабағын бағып, орнынан тұрып, ортаға кетіп қалмауын қадағалап отыруы керек. Тұрып бара жатса, иығынан басып, ұстап қалуы тиіс. Алайда, егер “сақина” иесі орашолақ көршісін қапы қалдырып, ортаға жетіп үлгерсе, онда оны қолдан шығарып алған көршісі ойынды әрі қарай жүргізуші болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp