«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫН ТОЛЫҒЫП, ӨНІМ МОЛАЯ ТҮСУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданында сиыр малының басын қалпына келтіру және көбейту жөніндегі жұмыс қызу жүріп жатыр. Мемлекеттік “Экспорттық ірі қара етінің қуатын дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру, мал шаруашылығы өнімдерінің өсімін қамтамасыз ету мақсатында аудан шаруашылықтарына 2012 жылы 2850 бас ірі қара сатып алу міндеті жүктелді. Жыл мәресіне жақындап келе жатқан осы кезеңде мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес атқарылып жатқан істер жайында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Меделбай Әбдірахмановты сөзге тарттық.

 

– Меделбай Тұяқбайұлы, алдымен мал сатып алу жайынан хабардар етсеңіз. Оған аудан бойынша қанша шаруашылық қатысуда және қандай көздерден қаржыландырылады?

– 15 қарашаға дейін аудан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 2472 бас ірі қара сатып алды, ол жоспарланған меженің 86,7 пайызын құрайды. Соның ішінде АҚШ-тан – 146 бас, Ресейден – 100 бас, республиканың басқа өңірлерінен 211 бас және облыс ішінен 1653 бас мал сатып алынды. Жыл аяғына дейін тағы 397 бас мал қосуымыз керек. Жасалған шартқа сәйкес “Московский” ЖШС-і 200 бас қалмақтың асылтұқымды қашарларын жеткізеді. Сол сияқты “Пушкин”, “Агрохимснаб” және “Бай-Еңбек” ЖШС-лері әрқайсысы 100 бастан республиканың басқа облыстарынан мал әкеледі. Қалған 217 мал басы өз облысымыздың ішінен сатып алынбақшы.

Экспорттық ірі қара етінің әлеуетін дамыту жөніндегі жоба таяудағы бес жылға шақталған. Қойылған міндетті жүзеге асыруға 89 шаруашылық қатысуда, соның ішінде “ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы – 2 шаруашылық, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы – 3 шаруашылық, “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 7 шаруашылық, “Достық” СКТ арқылы бір шаруашылық және өз қаржылары есебінен 76 шаруашылық айналысады.

– Аталмыш қаржы көздерінен кредит алып, осы бағытта нақтылы іс тындырып жатқан шаруашылықтардан мысалдар келтіре аласыз ба?

– Ондай мысалдар жетерлік. Айталық, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-дан қолдау тапқан “Достық” шаруа қожалығы 22,8 млн. теңге кредит алып, жергілікті 98 бас сиыр және 5 бас қазақтың ақбас бұқаларын сатып алды. Сол сияқты “Бай-Еңбек” ЖШС де олардан 20 млн. теңгенің кредитін алып, мал қораларын салумен және сатып алатын мал басын іздестірумен айналысуда. Ал “Бақыт” фермерлік шаруашылығы 0,9 млн. теңгенің шағын кредитіне 2 асыл тұқымды бұқа сатып алды.

“ҚазАгроФинанс” АҚ-дан 35 млн. теңге кредит алуға өтініш берген “Агрохимснаб” ЖШС-і қажетті құжаттарын тапсырып, қазір мал іздестіруде. “Атамекен-Корнеевка” ЖШС-і 107 млн. теңгенің кредитіне қол жеткізіп, оған 140 бас қашар және АҚШ-тың ангус тұқымды 6 бас бұқасын алды. Сол сияқты “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 7 адам жалпы сомасы 20,9 млн. теңгенің кредитін алып, жергілікті 98 бас ірі қара және 7 бас асылтұқымды бұқа сатып алды. Осы бағдарламаға сүйенген “Ерлан” шаруа қожалығының басшысы К.Жәкенов 3 млн. теңгенің кредитіне алдымен асыл- тұқымды бұқа алып, қалған қаржыға құнарлы қашарлар сатып алуға шарт жасады. Ал 20 адам ауыл тұрғындарына арналған шағын кредитке қол жеткізіп, барлығы 15 млн. теңгеге 90 бас мал қосты. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығы арқылы да қаржылық көмек алғандар бар. Мысалы, 10 адам осы орталықтан мал шаруашылығын дамытуға 7,2 млн. теңге несие алып, оны 36 бас ірі қара сатып алуға жұмсады.

– Қазір аумақтық құрылымдағы мал басы санының деректері жекеменшік қолдағы малмен бірге қоса көрсетіледі. Ондағы шаруашылық құрылымдарындағы мал басы санының үлесі әлі де аз. Осы жайды ашып көрсете аласыз ба?

– Осы жылдың 1 қазанындағы дерегі бойынша аудандағы ірі қара саны 19761 басты құрайды, оның 9029 басы – сиырлар. Сол сияқты 8769 бас жылқы, 26459 бас шошқа, 28539 бас қой мен ешкі және 253,5 мың бас құстың барлық түрлері есепте болды. Малдың негізгі үлесі үй шаруашылықтарына тиесілі. Оларда ірі қараның 72,2 пайызы, қой мен ешкінің 89,4 пайызы, шошқаның 93,3 пайызы және жылқының 96,5 пайызы ұсталады. Ауданның ветеринарлық қызметі барлық мал басын сәйкестендіру жұмысын жүргізуде.

Биылғы жылы ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарында мал басы 123,8 пайызға өсті. Барлығы аудан бойынша 5496 бас ірі қара, соның ішінде 1640 бас сиыр, 1760 бас шошқа, 3017 бас қой және 306 бас жылқы ұстайтын 24 мал шаруашылығы фермасы жұмыс істейді. Сүтті және етті бағыттағы ірі қара өсірумен айналысатын төрт асылтұқымды шаруашылық бар.

Бүгінде мал шаруашылығын дамытумен дәйекті түрде айналыса бастаған ауданның ірі құрылымдарын атар болсақ, “Ильинское” ЖШС-і сүтті бағыттағы қара-ала тұқымды 1302 ірі қара, соның ішінде 400 бас сиыр ұстайды. Ал “Заградовское” ЖШС-інде етті бағыттағы 1314 бас қазақтың ақбас малы, соның ішінде 465 бас сиыр бар. Сол сияқты “Столыпинское” ЖШС-і 387 бас қазақтың ақбас тұқымын, соның ішінде 162 бас сиыр ұстап отыр. 2011 жылы “Азия-Тарангул” ЖШС-і герефорд және ангус тұқымды 399 бас асылтұқымды мал сатып алды. Осы айда “Қозыбаев және К” ЖШС-і Батыс Қазақстаннан етті-жүнді тұқымды 500 бас қой әкелді. Сатып алуды жеңіл кредиттеу “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының займдық қаржысы есебінен жүргізіледі. Кредиттер мен демеуқаржы – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары. Соның арқасында ауданда қазір 3 қой фермасы ашылды, оның біреуі асылтұқымды қой шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ауданның кейбір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің етті мал шаруашылығының экономикалық тартымдылығына көздері жетіп, олар осы бизнеске ден қойып отыр.

– Әрине, табындағы мал толықтырылған соң өндірілетін өнімнің де молая түсері сөзсіз. Осы жайында не айта аласыз?

– Ауданымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдарында өткен он айда 1950 тонна сүт өндірілді, бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112 пайызды құрайды. Барлығы 326 тонна ет өндірілді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында сүт өндіру – 133 пайызға, ет өндіру 120 пайызға өсті. Ауданда барлығы 10 мал сою нысаны жұмыс істейді, оның ішінде өндірістік қуаты қарымдысы – Корнеевка ауылындағы ЖК “Шаров” мал сою қосыны. Қалған 9 мал сою алаңы бұрынғы кеңшарлардың орталық қоныстарында орналасқан.

Мал табынын өз төлі есебінен өсіру тапсырмасына сәйкес биылғы жылы 10785 сиырды күйектен өткізуіміз керек болса, ол толық орындалды. Соның ішінде 2632 бас мал қолдан ұрықтандырылды. Ауданда 26 қолдан ұрықтандыру қосыны жұмыс істейді. Жергілікті мал тұқымын асылдандыру үшін биыл 2576 сиыр мен қашарды етті тұқымды бұқалармен ұрықтандыру міндеті қойылған болатын, ал іс жүзінде осындай жолмен 2812 бас мал ұрықтандырылды.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін тұрғындардың жеке үй шаруашылықтарынан жиналатын өнімдермен толықтыру үшін облыстың қайта өңдеу кәсіпорындарының сатып алу қосындары жұмыс істейді. Мысалы, “Маслодел” ЖШС-і Волошинка, Явленка және Заречный ауылдық округтерінде сүт сатып алу жүргізеді. Сүтті қайта өңдейтін ЖК “Шаров” кәсіпорыны Корнеевка, Тораңғыл және Бесқұдық ауылдық округтерінде сүт жинайды. Барлығы аудан бойынша сүт сатып алумен 54 елді мекен қамтылған.

– Енді ауданда мал шаруашылығын дамытудың болашағы туралы айтып берсеңіз деймін.

– Қолдағы мал басын жемазықпен қамтамасыз ету мақсатында жемшөп өсірілетін танаптарды пайдалану мәселесі қарастырылуда. Мысалы, 2013 жылы біржылдық шөп өсіруге – 69041 гектар, көпжылдық шөпке 12037 гектар егістік жер пайдаланылатын болады. Көпжылдық шөп егістігіне жыл сайын жаңарту жүргізіледі, айталық, биыл ол 415 гектарда атқарылды.

Мал шаруашылығының болашағы етті ірі қара өсіруге және сиыр етін өндіруге бағдарланып отыр. Ауданда 5 асылтұқымды репродуктор шаруашылық, 10 мал семірту шаруашылығы және 75 етті ірі қара фермерлік шаруашылығы жұмыс істейтін болады. Аталмыш бағдарламаны орындау үшін 2013 жылы аудан ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 500 бас мал сатып алғалы отыр. Сауын малының басы келер жылы – 600 басқа, 2014 жылы – 1200 басқа, 2015 жылы 1800 басқа жететін болады. Бұрыннан қолда бар малды қоса есептегенде, 2015 жылы аудандағы жалпы ірі қара басы 24500-ге жетеді. Ал соның ішінде етті бағыттағы мал саны 6500 басқа жетіп, барлық мал басының 27 пайызын құрайтын болады.

Болжам бойынша алдағы жылы ет өндіруді 104 пайызға көтеріп, 8200 тоннаға жеткізу ойымызда бар. Сосын одан кейінгі жылдары 8500 және 8900 тоннаға жеткіземіз. 2013-2015 жылдары сүт өндіру 102 пайызға өседі. Ауданымызда, әсіресе, қой шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінбекші. Қазір “Қозыбаев және К” ЖШС-нің негізінде етті-жүнді ақжайық тұқымды 500 қой басы бар үшінші қой фермасы ұйымдастырылып жатыр. Осындай жарқын істер мал шаруашылығының болашағына сендіреді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp