«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРБІР БЕСІНШІ ҚЫЗМЕТКЕР ӨЗ ЛАУАЗЫМЫНА САЙ ЕМЕС БОЛЫП ШЫҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаржы полициясы агенттігінде бейнеконференция байланысын пайдалану арқылы осы ведомство жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Бұл отырысқа СҚО бойынша қаржы полициясы жанындағы қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысты.

Отырыста екі мәселе қаралды: “Шағын және орта бизнес қызметіне негізсіз араласу фактілерін болдырмау бойынша қабылданған іс-шаралар туралы” және “Қаржы полициясы агенттігінің өз қатарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қабылдаған іс-шаралары және кезектен тыс аттестаттаудың нәтижелері туралы”.

 

Отырысты алғы сөзбен Қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ашты.

Экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат Элиманов Елбасының инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қылмыстық заңнаманы декриминализациялау және ізгілендіру жұмысы жүргізілгендігін айтты. Нәтижесінде ҚР ҚК-нің 5-бабы толық, 23-бабы ішінара декриминализацияланды, кейбір баптар бойынша қылмыстық жауапкершілік басталатын ең төменгі сомалары арттырылды. Декриминализациялау арқылы 941 қылмыстық іс қысқартылып, тергеуге дейінгі тексерістің 321 материалы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды.

Агенттік кәсіпкерлік субъектілерін негізсіз тексеру фактілерінің жолын кесу мақсатында аумақтық бөлімшелерге алдын ала жедел тексерусіз тергеуге дейінгі тексерулерді тыю, тексеріліп отырған субъектінің қызметінің тоқтатылуына жол бермеу, соның ішінде үй-жайларды жабу және автокөліктерді тұрақтарға қоюға жол бермеу туралы нұсқаулар жіберді. Тексерулер экономиканың көлеңкелі секторында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты, сондай-ақ мемлекет қаржысын қымқыру фактілері, соның ішінде индустриялық-инновациялық және мемлекет қатысатын басқа да жобаларды жүзеге асыру кезінде орын алатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіледі. Қолданылған шаралардың нәтижесінде бақылаушы және қадағалаушы органдардың кәсіпкерлік субъектілерін тексерулері азайғаны байқалады.

Мәселен, 2011 жылғы 10 айда бақылау және қадағалау органдарын тергеуге дейінгі тексеріс және тергеу барысында 1680 тексеріс жасаса, биыл осындай кезеңінде олардың саны 923-ті құрады (1,8 есе азайған).

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан шағын және орта бизнестің қызметіне заңсыз араласу фактілерінің жолын кесу жұмысы жүргізілуде. Мәселен, 2012 жылдың 11 айында қаржы полициясы органдары лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруінің 304 фактісін анықтады. Әшкереленген қылмыстар бойынша 146 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, олардың 41-і сотталды.

Агенттіктің ішкі қауіпсіздік қызметі 2012 жылдың 11 айында қаржы полициясы қызметкерлерінің тарапынан заңды кәсіпкерлік қызметке араласудың 5 (2011 жылдың осы кезеңінде – 18) фактісін анықтады. Олар бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды, 18 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қолданылған шаралардың нәтижесінде агенттік күшімен 16 қызметкерге қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 16 қылмыстық іс қозғалды. Олардың 7-еуі – пара алу фактісі бойынша. Ал 2007 жылдан бастап пара алу фактісі бойынша жыл сайын 2 қылмыстық істен ғана қозғалған.

Биыл 15 ақпанда агенттіктің ішкі қауіпсіздік басқармасы “Сити Лайт” ЖШС тексеруді тоқтату үшін 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде Алматы қаласы бойынша ЭҚСЖҚД инспекторы У.Хасановты ұстады. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

2012 жылғы 21 маусымда Ақтөбе облысының ҰҚКД қызметкерлерімен бірігіп жасалған жеделіздестіру шараларының нәтижесінде Донцованы қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін одан 30 мың АҚШ долларын алу кезінде Ақтөбе облысы бойынша ЭҚСЖҚД тергеушісі А.Госсен ұсталды. Ол да 10 жылға бас бостандығымен қоштасты.

Қаржы полициясы органдарының ішкі қауіпсіздік бөлімшелері 2012 жылы 1166 (2011 ж. – 1564) қызметтік тексеріс жүргізді, 665 (885) факт расталып, қаржы полициясының 709 (2011 ж. – 934) қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қаржы полициясы органдары қызметкерлерінің кезектен тыс аттестаттаудан өту барысы мен нәтижелері туралы агенттіктің кадрлар басқармасының бастығы Нұрлан Итемгенов баяндады.

Жалпы республика бойынша кезектен тыс аттестаттаудан қаржы полициясының 3052 қызметкері өтті, нәтижесінде олардың 267-сі – жоғары лауазымға тағайындалуға ұсынылды, 2257-сі – лауазымдарына сай деп танылды, 157-сі – жұмыстан шығарылуға ұсынылды, 228-і – лауазымдарынан төмендетуге ұсынылды, 143-і – басқа қызметке ауыстырылуға ұсынылды. Оған қоса, 63 қызметкер кезектен тыс аттестаттаудан өтуден бас тартуға байланысты қаржы полициясы органдарынан жұмыстан шығарылды.

Осылайша қаржы полициясының әрбір 5-ші қызметкері лауазымына сай емес деп танылды.

Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша дайындалды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp