Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бір кезде Қызылжар өңірінде сүт және сүт өнімдерін өңдейтін 22 зауыт болған. Олардың көбі өткен ғасырдың экономикалық құлдырау жылдарында жабылып қалғанды. Кейбір іскер азаматтардың арқасында ғана қайсыбір кәсіпорындар аман қалды. Солардың бірі – “Сүт одағы” ЖШС-і. Қабырғасы 1922 жылы қаланған кәсіпорынның осы күнге дейін қалыпты жұмыс істеуіне зор еңбек сіңірген Александр Кузлякин аталмыш серіктестікті іргелі өндіріс орталығына айналдырып қана қоймай, ел экономикасын өркендетуге салмақты үлес қоса білді. Жыл он екі ай бойына, тіпті, жаңажылдық демалыс кездерінде жұмысын тоқтатпайтын цех күнделікті өнімдерімен тұтынушыларының дастарқанын ақтан арылтпайды.
– Александр Константинович бұл кәсіпорында 1988 жылдан бері еңбек етеді. Ол ұжымдағы ұйымшылдықты жоғары бағалайтын, өндірісті дамытуда жаңашылдықты таңдайтын іскерлігімен танылған. Мамандығы – технолог, сондай-ақ ол өзінің біліктілігі мен білімділігінің арқасында техника ғылымының кандидаты атағын алған. Ол осы кәсіпорынның қазіргі жағдайын жасау үшін қаншама маңдай терін төгіп, еңбектенді десеңші?! Кәсіпорындағы құрал-жабдықтарды жаңғырту, өндіріске жаңа технологияларды енгізу басшының басты мақсаты саналады. Соның арқасында кәсіпорнымыз үлкен беделге ие. Оның үстіне біздей отандық тауар өндірушілерге мемлекеттің қолдауы да жыл сайын артып отыр. Екінші деңгейдегі банктер арқылы алған несиелерімізге мемлекеттік демеуқаржы беріліп тұрады. Салықтағы жеңілдіктер кәсіпорынның аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен көмек жасады, – дейді кәсіпорынның бас технологі Галина Барильченко.
Бүгінгі нарық кәсіпорыннан заман ағымына сай өнім өндіруді талап етеді. Ол сапалы технология мен техникалық жаңартулар екендігі сөзсіз. Жалпы сүт және сүт өнімдері күнделікті сұраныстағы тауарлар болып табылады. Сондай-ақ сүт өнімдерінің бағасы тұтынушының қалтасы көтере алатындай болуы тиіс. Сондықтан басшы азық-түлік өндірісінің көлемі мол болғанымен, одан түсетін пайданың мөлшері шамалы екендігін де айтады. Сонымен қатар өндірістегі технологиялық және өндіруші құрал-жабдықтарды жаңғырту істері де кейінге қалдырылмайтын мәселелер. Олар да біраз қаржы жұмсау арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде кәсіпорында жүргізіліп жатқан техникалық жаңғыртулардың арқасында өнімділік пен сапа көрсеткіші әлдеқайда өскен. Ондағы құрал-жабдықтардың барлығы несие қаржысымен жаңғыртылуда.
Серіктестік талай жылдан бері “БанкТұранӘлем” қаржы институтымен қоян-қолтық байланыста жұмыс істейді. Несие қаржысына жабдықталған кәсіпорын қазіргі заманауи құрал-жабдықтарға ие.
– Шындығы керек, бұрындары азық-түлік өндірісінде өнімнің тазалығы мен сапасы туралы неше түрлі сөз болатын. Бүгінде ол туралы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Автоматтандырылған заманауи құрал-жабдықтарда адами факторлардың айтарлықтай әсері болмайды. Қазіргі техникаларда бір ноқатты басу арқылы керекті функциялар іске қосылады. Егер өндірісте немесе техниканы басқаруда бір олқылық жіберілсе болғаны, ол автоматты түрде тоқтайды. Сондықтан бізде адамның жауапсыздығы туралы сөз болуы мүмкін емес, – деген Галина Дмитриевна бүгінгі сүт өнімдерінің тазалығы мен сапасына зор кепілдік береді.
Кәсіпорында 200-ге жуық адам еңбек етеді. Онда қаймағы алынбаған сүт өнімдерін шығаратын және май, ірімшік өндіретін екі үлкен цех жұмыс істейді. Сондай-ақ компрессорлық қондырғы мен үлкен тоңазытқыш бөлімі де бар. Кәсіпорын тасымал жасаушы техникалармен жақсы жабдықталған. Елуге жуық техника өңіріміздің барлық жерінен өндіріс шикізатын жинау және өндірілген тауарды тарату жұмыстарын атқарады. “Сүт одағы” сауда маркасымен өндірілетін сүт, қаймақ, айран, йогурт, ірімшік пен майдың түртүрлері, барлығы 40-қа жуық өнім өңіріміздің барлық аудандары мен еліміздің он бір қаласына таратылады. Олар бүгінде Көкшетау, Щучье, Степногорск, Астана, Теміртау, Қарағанды, Екібастұз, Жезқазған сияқты қалалардың нарығын бағындырып отыр. Серіктестік Ресейдің де нарығына шығып көрген екен, әзірге, оның нәтижесі шамалы. Маман оның мәнісін былай түсіндіреді:
– Бәсекелестермен баға жағынан жеме-жемге келген кезде біз ұтылады екенбіз. Мәселен, Ресей ірімшіктерінің бағасы біздікінен арзан. Мүмкін оның бір себебі: ондағы азық-түлік өндірушілерге жақсы жәрдемқаржы берілетіндіктен болар. Біз өндірісте отандық, табиғи шикізаттарды пайдаланамыз. Алайда, тауарды өндіруге кеткен шығынды есептеген кезде, біздің баға қымбатқа түседі. Жалпы, сыр – күрделі өндіріс. Өңіріміздегі бір-екі кәсіпорынның бұл тағамды өндіруден бас тартқандығын білеміз. Әріптестеріміз ол өнімді тиімсіз десе де, біз өз нарығымызды отандық азық-түлікпен қамтамасыз етуді тоқтатпауымыз керек. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Сондай-ақ біздің өңірдің малынан алынатын тағамның құнарлылығы мен дәм ерекшелігін де ұмытпағанымыз жөн, – дейді бас технолог.
Кәсіпорында күз мезгілінде күніне 12 тонна айран, 5-11 тонна сүт өндіріледі. Бұл, әрине, сауын сиырлардың суалып, шикізаттың азайған кезі. Ал жаз айларындағы жағдай басқаша. Серіктестік сүттен жасалатын тағамдарға қажетті шикізатты жеке тұрғындар мен үлкен агроқұрылымдардан сатып алады. Жаз айындағы сүттің молшылығында кәсіпорынның өзіндік жұмыс істеу тәсілі бар. Жаздық сүтпен олар май және қатты ірімшік өнімдерін көптеп өндіріп, оны тоңазытқыштарға сақтауға қояды. Ал мал құнары азайған кезде жиналған сүт тұтынушылардың күнделікті сұранысын қанағаттандыруға жұмсалады. Онда олар сүт және сүт тағамдарын өндіреді. Жазда тұтынушылардың тәбеті жеміс-жидектер мен көкөністерге көбірек ауатындықтан, сүт өнімдеріне деген сұраныс әлдеқайда төмен болады да, ал қыс уақытында сүт өнімдерін тұтынушылар қатары өсе түседі. Әрине, сүттің құрамында Менделеев кестесіндегі көптеген элементтер бар, дәлірек айтсақ: кальций, калий, натрий, магний, темір тұздары, лимон, фосфор, тұз, сондай-ақ аздаған мөлшерде: кобальт, мыс, мырыш, марганец, фтор, бром, йод, күшала, кремний, бор, ваннадий және т.б. микроэлементтер болады. Сүттің өте күрделі химиялық құрамымен ешбір табиғи тағам тең келмейді. Сондықтан адам ағзасы үшін сүттің өте қажетті тағам екендігін барша жұрт жақсы біледі.
Кәсіпорынның тұрақты сүт тапсырушылары туралы Галина Дмитриевна мынадай ойын ортаға салды: “Тапсырушының әкелген сүті қандай жағдайда болсын қабылданады. Тек санитарлық нормаларға сай болса болғаны. Өйткені, жаз айында сүтіміз көп екен деп, тапсырушыны кейін қайтарсақ, оны басқалар өздеріне бұрып әкетеді де, күн суыған кезде біз шикізат таба алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан бізбен келісімшарт жасасқандармен үлкен жауапкершілікте жұмыс істейміз”, – деді.
“Сүт одағы” ЖШС-нің үш елді мекенде: Большая Малышка (Қызылжар ауданы), Белое (Мамлют ауданы), Новорыбинка (Жамбыл ауданы) ауылдарында үлкен сүт қабылдау орталықтары бар. Ол орталықтарға заманауи тоңазытқыштар орнатылып, өндіріс орнына күнделікті қатынас көліктері сайланып қойылған. Оларда 10 адам еңбек етеді. Әрине, өндіріске жеткізілген сүт құрамы мен сапасы жан-жақты зерттеледі. Сүттің майлылығы жақсы болса, оның сатып алу бағасы өседі. Сондай-ақ сүттің ақуыздығы жоғары болса, одан жасалатын өнімнің сақталу мерзімі де ұзарады. Соңғы жылдары агроқұрылымдар ірі қараның тұқымын асылдандырып жатқандықтан, олардан алынатын сүттің құрамы да жақсара түскен. Ол кәсіпорынның зертханалық сарабынан көрініп отыр.
Серіктестікте тұрақты ұжым қалыптасқан. Олардың басым бөлігі – бұрыннан еңбек етіп келе жатқан мамандар. Кәсіпорындағы орташа еңбекақы 65-67 мың теңгені құрайды. Сүт өнімдерінің сақталу мерзімі қысқа болғандықтан, нарыққа шығарылған тауарлар сатылмаса, кейін қайтарылып, сүтті қайта өңдеудің қайталама өнімдері жасалады. Осылайша ақ ырысты ысырап қылмауға тырысады.
Кәсіпорын сүт өнімдерін өндіруде дәстүрлі тәсілдермен бірге, өздерінде іс-тәжірибесінен өткен технологияларды да ұтымды пайдалана біледі. Мәселен, қатпа ірімшіктің “Голландтық”, “Кострома”, “Алтай”, “Приишимье” сауда маркасымен дәстүрлі тәсілдер қолданылса, өз технологиясымен “Тұлпар”, “Питер” түрлерін өндіреді. Сондағы “Тұлпар” мен “Голландтық” ірімшіктерге сұраныс қашанда жоғары. Биыл жаз серіктестік 70 тонна қатпа ірімшік қорын жасап алды. Осы қор келер жылдың өндірісіне дейін жетеді деген сенімде. Сол сияқты тәтті айрандардың сақталу мерзімін ұзарту үшін оның да технологиясын дамытып отырады. Өндірістегі “Снежинка”, “Карамель”, “Батыр” деп аталатын өнімдердің құрамын өз технологтері ойлап тапқан. Барлық өнімдердің физико-химиялық, микро-биологиялық сапасы кәсіпорын зертханасында тексеріледі. Сондай-ақ мемлекеттік атқару органдарының тексерісі кезінде де еш қиындықтар туындамайды. Өйткені, барлық тағамның сапа көрсеткіші жоғары. Бастапқыда мұнда сүт өнімдерінің төрт түрі ғана өндірілсе, бүгінде олар қырыққа жуық тауар түрімен нарықты бағындырып отыр.
91-ші жылға аяқ басқан кәсіпорын биылғы жылан жылында атқарылатын міндеттері мен жұмыстарын белгілеп қойыпты. Өзіне сенім артқан тұтынушыларының алдында беделін түсірмес үшін өндірістегі жаңғыртулар одан әрі жалғаспақ. Ең бастысы, адамның ағзасына үлкен қуат беретін сүт және сүт өнімдерінің сапасы мен түрін арттыру серіктестік әкімшілігінің басты назарында. Еліміздің басқа өңірлері мен көрші елдердің нарығын бағындыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың жоспары да белгіленген. Бұл, әрине, болашағын әріден көретін кәсіпорынның келбеті.
СУРЕТТЕРДЕ: бас технолог Галина Барильченко; өндіріс көріністері.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.