«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮГЕДЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН КЛУБ АШЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2013 жылы облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған “Үміт” спорт клубы ашылатын болады. Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Руслан Есеналин журналистермен өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Клубтың кеңсесі үшін “Қарасай” жоғары спорт шеберлігі мектебінен жеке кабинет бөлінеді. Арнайы жаттықтырушылар 15 топты, барлығы шамамен 150-дей адамды әртүрлі спорт түрінен жаттықтыратын болады.

Бұған дейін бұл жұмыс “Қарасай” жоғары спорт шеберлігі мектебінде секциялық сабақ ретінде жүргізіліп келді. Онда 52 мүгедек спорттың 9 түрінен жаттықты. Ал облыс бойынша 27 мың мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Олардың 2 мыңнан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Клубтың басты ерекшелігі – оның есігі жас шамасына қарамай спортпен айналысамын деген кез келген жарымжанға ашық болады.

 

– Біздің басқарманың игі бастамасын облыс әкімі Серік Біләлов қолдады. 2013 жылы “Үміт” клубын ашу үшін қажетті қаражат та бөлінді. 2012 жылы мүгедек спортшылар 31 дене шынықтыру және спорттық шараларға қатысты. Біздің мақтанышымыз Сергей Харламов Лондондағы Паралимпиада ойындарында жақсы өнер көрсетті. Футболдан облыс құрамасы биыл чемпион болды. 13 спортшымыз ұлттық құраманың қатарына өтті. Осындай ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз көп. Мүгедектер клубын ашу арқылы алдағы жылы бұдан да зор жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын, – деді Р.Есеналин.

Үстіміздегі жылы спортқа ынтасы бар мүгедектерді қаржыландыру 5,5 млн. теңгені құраған. Баспасөз мәслихатына қатысқан аға жаттықтырушы Сергей Харламов бастаған топ облыс әкіміне алғысын жеткізді.

2012 жылды қорытындылаған басқарма спорттағы жетістіктері үшін Сергей Харламов, Елена Мазуренко, Қайрат Қанафин сияқты бірқатар азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен және ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp