«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ОН ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің білім ошағы Петропавл қаласында үлкен беделге ие. Мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымы өз жұмыс тәжірибесіне алдыңғы қатарлы үдемелі және нәтижелі инновацияларды енгізуде шығармашылық белсенділігімен ерекшеленеді. Мектепте оқушылардың білім алуына, сыныптан және сабақтан тыс уақытта дамытушылық әрекеттермен шұғылдануына, мәдени дем алуына жайлы жағдай жасалған. Бүгінде жалпы білім беретін мектеп-лицей облыстағы үздік мектептер бестігіне кіреді. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығымен салыстырғанда біздің білім ошағының онжылдық мерейтойы аса айтулы күн емес. Алайда бұл білім саласындағы көптеген дәстүрлер мен алдағы мақсат-мүдделердің қалыптасып, құрылған жылдары.

 

2002 жылы М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі негізінде оның басшысы Нағима Тәженованың бастамасымен қаламыздың әр мектебінен жиналған балаларға лицейлік сыныптар ашылған болатын. Оларды жылы шыраймен қарсы алған ұстаздары балаларға нағыз тәлімгер бола білді. Олардың қатарында жастар, сонымен қатар қашанда көмекке даяр тәжірибелі ұстаздар да болды. Осы алғашқы ұстаздар өздерінің оқушыларының қызығын да, қиындығын да бөлісе білді. Ашылған күннен бүгінге дейін мектепте жұмыс істеп келе жатқан математика пәнінің мұғалімдері Бейнегүл Қоспанова мен Лилия Тютина, қазақ тілінің мұғалімі Зухра Ауғанбаева, тарихшы Бақытжамал Канафина, орыс тілі мұғалімі Баян Қабдошева, дене шынықтырудан Олжас Мұхамедиев, ағылшын тілінен Ақмарал Нұрғожина, география пәнінен Николай Кобзарев сынды ұстаздар бар.

Балалардың мектеп-лицей қабырғасында алған білімдерінің сапасы мемлекеттік қорытынды аттестация және түлектердің еліміз бен шетелдердің жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырған сынақтарында алған жоғары нәтижелерінен көрініс табады. Мысалға, мектеп-лицей түлектері Индира Қоспанова Францияда білім алған, Арай Сейітбаева (Жапония), Айгүл Сағындықова (Чехия Республикасы) Карлов университеті және тағы басқалар халықаралық “Болашақ” бағдарламасының стипендиаттары болды.

Мектеп-лицейдің маңызды ерекшелігінің бірі дарынды және қабілетті балалармен жұмыс істеу болып табылады. Соның нәтижесінде оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен зияткерлік жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Білім ошағы құрылғаннан бері оқушыларымыз өздерінің зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде ұсынып жүр. Олар: Жібек пен Арман Тәженовтер – халықаралық Intel Isef ғылым мен техника көрмесінің ақтық сынына қатысушылар (Портланд 2003, АҚШ 2004), Кәмила Байғозинова – Мәскеу қаласында өткен В.И.Вернадский атындағы 14-ші жалпыресейлік жасөспірімдер оқуының жүлдегері (Мәскеу 2006), Айман Молдабаева – Еуропада өткен халықаралық ғылыми олимпиаданың жүлдегері (Чехия, Оломоус қ., 2010), Өмірсерік Байгунишев – ғылыми жобалардың халықаралық рейтингтік олимпиадасының жеңімпазы (Швейцария, Цюрих қ., 2011), Айгерім Қажырахымова математикадан халықаралық зияткерлік олимпиадасының жеңімпазы (Кипр, Паралимни қ., 2012), Сәния Ескендір мен Елжас Байғазин – “Компьютерлік физика – 2012” халықаралық турнирінің жеңімпаздары (Протвино қ., Мәскеу облысы).

Оқушыларымыздың осындай зор табыстарға қол жеткізуіне мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасының жыл сайын нығайып келе жатқанының әсері мол. Білім ордасында оқулықтар мен әдеби, әдістемелік әдебиеттерге бай мектеп кітапханасы, интерактивті тақталармен жабдықталған 5 кабинет, “Атамекен” ақпараттық клубы, мұражай, соңғы пішінде жарақтандырылған физика, химия кабинеттері жұмыс істейді.

Мектеп-лицейдің мұғалімдері өздерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіруден жалыққан емес, тіпті шетелдерде білім алып жүргендері бар. Тарих пәнінің мұғалімі Әлия Сүлейменова “Болашақ” бағдарламасының стипендиаты, Канадада “Мемлекеттік басқару” мамандығын игеру үстінде. Ол мектеп-лицейде ерен жүйріктерді даярлады. Олар: Анна Чеканова, Мақсат Бекешев, Аязби Қасымов, Меруерт Мырзажанова, Зарина Халиуллина, Алтын Қазиева – тарих пәні бойынша республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары.

Білім ордасы облыс пен қаламыздың білім саласы өмірімен біте қайнасқан, мұнда мұғалімдер конференциялары, қала мектептерінің ұстаздарына арналған әдістемелік семинарлар, СҚ ПҚБАИ тыңдаушылары үшін дәрістер өтіп тұрады.

Бүгінгі күні мектеп-лицейдегі 15 сыныпта 314 оқушы білім алуда. Оларға 30 педагог сабақ береді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласы білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз етуге мол мүмкіндік беріп отыр. Мектеп-лицей ұжымы бағдарламаны өз жұмысында басшылыққа ала отырып әрекет ететін болады. Елбасы атап көрсеткендей, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жалпы қоғамның күшін біріктіру керек. Сонда ғана Қазақстанның одан әрі гүлденуіне өз үлесімізді қосатын боламыз.

Наталья ЦЕЛУЙКО,

М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp