«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТЕРІ ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙТЫН ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Рахмет Жұсып – өмірінің 41 жылын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ол өз еңбек жолында “Қазақ КСР-нің оқу ісінің үздігі” (1976 ж.), “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі” (1980 ж.) атанған, “Құрмет белгісі” (1986 ж.) орденімен марапатталған. 1948 жылы он алты жасында “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін”, “Тың жерлерді игергені үшін” (1957 ж.), “Еңбек ардагері” (1984 ж.), “Жеңіске 40 жыл” (1985 ж.), “Жеңіске 50 жыл”, “Жеңіске 55 жыл”, “Жеңіске 60 жыл”, “Жеңіске 65 жыл” медальдарының иегері.

 

1932 жылдың 23 желтоқсанында Есіл ауданындағы Қарағаш ауылында дүние есігін ашқан Рахмет Нұриұлы туғаннан нағашы атасы Жұсып пен әжесі Қаншайымның бауырында тәрбиеленеді. Рахмет ағамызды ол кісілер бетінен қақпай оқытып, ел қатарлы өсіріп жеткізеді. Балғын балалық шағы соғыс кезіне дөп келген ағамыз қабырғасы қатып үлгермей жатып еңбекке араласады. Соқа айдап, жер жыртады, шөп маялайды.

Рахмет Нұриұлы Қарағаш ауылындағы жетіжылдық мектепті кілең беспен аяқтайды да, елде есепші болады. 1952 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені тамамдаған жас жігіт өзінің туған ауылында бастауыш сыныптарға сабақ береді. Сол кезде мектеп директоры болған Мақтай Сағдиевтің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіреді. Одан алған тағылымының жас маманның келешектегі ұстаздық өмірінде пайдасы мол болған.

Рахмет ағай ұстаздық ете жүріп, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін сырттай оқып бітіреді. Бірнеше жыл тәжірибе жинаған жас маманның еңбексүйгіштігі мен білімдарлығы ескеріліп, сол кездегі Ленин аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Ал 1973 жылы Рахмет Нұриұлы Есіл ауданындағы Ақтас ауылында ашылғалы жатқан сегізжылдық мектепке басшы етіп жіберіледі. Іргесі қаланып жатқан білім ошағының басықасында болып, жаңа оқу жылын салынып біткен жаңа мектепте бастайды.

– Ақтас негізгі мектебінде директор болып қызмет атқарған жылдарым менің өмірімнің бір жарқын кезеңі болды. Осында істеген жылдары ауылдың кең пейілді жандарымен танысып, олармен бірден тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс істедім. Ақтастың бетке ұстар адамдары, ұстаздары күн-түн демей, менімен бірге жүрді. Айрандай ұйып отырған ел ауылды көгалдандыру, көшесіне жол салу, үйлердің аулаларын тазартып, жөнге келтіру сияқты жұмыстарға жұмыла кірісті. Мектеп ұжымы да өте ұйымшыл болды. Өмірлерін ұстаздық жолға арнаған білікті мұғалімдермен бірге қызмет еттім. Ол кісілердің әрқайсысының мектепке, жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, – деп еске алады қарт ұстаз сол күндерін.

Білім ошағы мектепаралық жарыстарда бірнеше жыл жеңімпаз атанған. Мектептің жабдықталуы мен мұғалімдерінің сабақ беру әдістеріне жоғары баға беріліп, Рахмет Нұриұлы “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі” атағына ие болды.

Ол 1982-1989 жылдар аралығында Торғай облысында қызметте болады. Алайда денсаулығы сыр берген ұстаз туған топырағына қайта оралады. Елге келген соң да қол қусырып отырмай, бұрынғы Соколов аудандық білім бөлімінде әдіскер, Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі қызметтерін атқарды.

Қайда және қандай жұмыс атқарса да, еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығы, оқушыларға деген мейірімінің арқасында әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленген ұлағатты ұстаздың алдынан ұшқан Әнас Құсайынов, Амандық Төлешев, Айнагүл Дайырова, Айнагүл Әблина сияқты шәкірттері жоғары әскери шендер мен ғылым докторы, кандидаты атақтарын алып, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Олар әлі күнге дейін ұстаздарын ұмытпай, хабарласып тұрады.

– Зайыбым Алма Мұхамедияқызы екеуіміз бес ұл тәрбиелеп өсірдік. Олардың барлығы да жоғары білімді. Қызымыз болмаса да, бес келінім – қыздарымдай. Бүгінде бес ұлдан тараған немере, шөберелерімнің қызығын көріп отырмын. Өміріме ризамын. Тек бір өкінішім – зайыбым Алманың дүниеден озғаны. Өзім 80-ге келдім, әлі де болса балаларымның ортасында жүре тұрғым келеді. Қазір балалардың, халықтың, Отанымның тілеуін тілеп отырған жайым бар, – деді Рахмет ағамыз.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp