«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАН ТАРИХЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығындағы мәдениет және демалыс саябағы – Булаево қаласының ажарын аша түсетін сәулетті де көрікті орын. Ондағы өрнектастармен өрілген жүргінші жолдары, қасбеті келісті Мәдениет үйі мен оның жанындағы Мағжан ескерткіші, жазғы эстрада алаңы, тынығушылар орындықтары мен субұрқақ, аңдардың мүсіндері аса бір талғампаздықпен жасалған. Ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертетін тарихи-өлкетану мұражайы да осы саябақта орналасқан.

 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мұражай Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында салтанатты жағдайда ашылған болатын. Онда “ХVІІІ ғасырдан 1917 жылға дейінгі аудан тарихы”, “1917 жылдан 1991 жылға дейінгі аудан тарихы”, “Жыр жұлдызы – Мағжан” және “Тәуелсіздік жылдарында” атты 4 зал бар. Алғашқы екі залдағы жәдігерлер: қабырғаға орналастырылған бай тарихи материалдар, Абылайханның басты батырларының бірі – батыр Баян туралы мәліметтер, ата-бабаларымыз тұтынған тұрмыстық бұйымдар, қазақ жеріне қоныс аударған көшпенділердің тұрмыс-салты туралы мағлұматтар, фотосуреттер сол дәуірден сыр шертеді. Ұлы Отан соғысы мен тың игеру жылдарына арналған бөлімдердегі радиоқабылдағыш, күйсандық, тың игерушілер шатыры, кішкене темір пеш сияқты заттар түпкі ойды аша түседі. Табиғи ағашта орындалған Мағжан ақынның шежіресі, майлы бояумен салынған жыр алыбының портреті, ауданның Тәуелсіздік жылдарын бейнелейтін материалдар көңіл аударарлықтай. Осы ауданның тумасы Василий Манзя тарту еткен 19 картина да мұражайдан лайықты орын тауыпты.

– Облыстық мәслихаттың депутаты, агроқұрылым басшысы Алтынбек Сапаровтың бастамасымен және демеушілігімен табиғат залын ашқалы отырмыз. Онда аудандағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесі туралы жеткілікті дәрежеде мағлұмат бергіміз келеді. Ол аудан тарихы мен өлкетануға ерекше қызығушылық танытатын өскелең ұрпақ үшін қажет деп білеміз. Көрме залдарын безендіруде Петропавл қаласындағы өнер мұражайының директоры Ирина Паламарчуктің кәсіби ақыл-кеңесіне, шынайы көмегіне жиі жүгінеміз, – дейді мұражай директоры Гүлфира Рамазанова.

СУРЕТТЕРДЕ:мәдениет және демалыс саябағындағы нысандар мен мұражай залдарынан көрініс.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp