«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМДЕГЕННЕН ГӨРІ АЛДЫН АЛУ ОҢАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Лариса БЕЛЯЕВА,

саламатты өмір салты жөніндегі облыстық орталықтың директоры.

Вирусты гепатит – жиі таралған және қауіпті ауру түрі. Одан сақтану көп жағдайда емдеуден гөрі оңайырақ.

Адамдар, әсіресе, жастар гепатиттің не екенін және бұл аурудан сақтану үшін не істеу керектігін білуі қажет. Ал “қатер тобына” жататындар қайда және қашан профилактикалық көмек ала алатындықтарынан хабардар болуы тиіс.

 

А гепатиті ластану арқылы жұғатындықтан оны жұқтырып алмас үшін қарапайым тазалық ережесін сақтау жеткілікті. Дәретханадан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу, жуылмаған көкөністер мен жеміс-жидектерді жемеу, белгісіз су көздерінен шикі суды ішпеу – әдеттегі әр адам білетін сақтық шаралары. “Қатер тобына” жататын балалар мен ересектер үшін гепатитке қарсы екпе бар. Бірақ ол міндетті екпе күнтізбесіне кірмейді. Екпе егу сондай-ақ мектепке дейінгі және медицина қызметкерлеріне ұсынылады.

Науқастың жұқпалы қаны арқылы жұғатын В және С гепатиттерінің алдын алу шаралары А гепатитінен әлдеқайда ерекше. Ең алдымен жұқпалы ауру жұқтырған адамға жоламаған жөн. Себебі, гепатит вирусын жұқтырып алуға бір тамшы қан жеткілікті. Қан тамшысы болуы мүмкін ұстара, тіс щеткасы және басқа да жеке бас құралдарын бірге қолдануға болмайды. Денені әшекейлеу және пирсинг жасар алдында кімге және қайда барып жасайтыныңызды жақсылап ойланыңыз. Шебер қолын жууға және бірреттік қолғаптарды пайдалануы тиіс. Есіңізде болсын, ине арқылы да жұқтыруға болады. Егер де сіз медициналық мекемеге не болмаса стоматологиялық кабинетке келсеңіз, ондағы барлық емдом тек бірреттік құралдармен жасалуын қадағалаңыз.

Жыныс жолдары арқылы ауруды жұқтыру мүмкіндігі кемірек болғанымен, бірақ – мүмкін. Десек те, бүгіндері вирусты жұқтырғандардың 50 пайызының қайдан және қалай жұқтырғанын анықтау қиынға соғуда.

Қазіргі таңда В гепатитінен қорғанудың ең қолайлысы екпе болып табылады. В гепатитіне қарсы екпе міндетті екпе күнтізбесіне енгізілген. Нәресте дүниеге келердің алғашқы жылында үш екпе салынады. Үш екпенің біріншісі перзентханада нәресте дүниеге келгеннен кейінгі 3 сағат өткеннен соң егіледі. Жасөспірімдер мен ересектердің қалауы бойынша егілетін екпе өз алдына, “қатерлі топқа” міндетті түрде егуді дәрігерлер табанды түрде ұсынады. Қатерлі топқа медицина мекемесінің қызметкерлері, қан құйылған және инъекциялы есірткі қолданатын науқастар, В және С гепатитінің вирусы жайылған аймақтардың тұрғындары немесе жолаушылар және де бұл вирусты жұқтырған отбасының мүшелері жатады.

Өкінішке қарай, С гепатитіне қарсы екпе жоқ. Сондықтан оның алдын алу шаралары нашақорлықты ескерту, донорлық қанды тестілеу және жасөспірімдер мен жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізумен шектеледі.

Вирусы бар науқастармен тығыз байланыста болатын медициналық қызметкерлер жыл сайын вакциналаудан өтіп тұруы қажет. Ең бастысы – медициналық мекемелердің дәрігерлері өз қызметкерлерінің В және С гепатитін анықтайтын скринингтік тексерістерден өтуін жіті қадағалағаны жөн.

Асқынған вирусты С гепатитіне ұшыраған кейбір адамдар айналасындағыларға ауруын жұқтырып жүргенін, тіпті, сезбеуі де мүмкін. Аурудың жалғыз белгісі шаршапшалдығу болып табылады. Асқынған вирусты С гепатиті тек 10-20% адамдарда ғана сары ауру түрінде көрініс табады. Жұқпалы ауруды жұқтырғандардың 70-90% созылмалы гепатитке ұласады. Созылмалы ауруы бар науқастардың 40%-де бауыр қатерлі ісігі пайда болуы мүмкін. Созылмалы С гепатитінің цирроздық сатысына шалдыққан науқастарды емдеу қиынға соқса, қатерлі ісік ауруына шалдыққандарды емдеу тіптен мүмкін емес. Сондықтан да аурудың алғашқы кезеңдерінде вируске қарсы күрес жүргізу өте маңызды. Дертті түгелдей емдеп жазбаса да, үдерісті тоқтату мүмкіндігі басым. Егерде әлсіздік пен оң қабырғаңыздың астында ауырлықты сезініп, тәбетіңіз тартпаса, инфекционист дәрігерге жолығып, В және С гепатиттеріне қатысты тексеріліңіз.

Кепілді медициналық көмек мөлшеріне сәйкес елімізде балалар және ересек тұрғындар арасында В және С вирусты гепатиттерін анықтауға бағытталған скринингтік тексерістер тегін өткізіледі. Тұрғындардың мақсатты топтарына қан ауруына, қатерлі ісікке ұшыраған қаны ауыстырылып, ота жасалған балалар мен ересектер және медицина қызметкерлері кіреді. Әрбір емхана осындай адамдар тізімін жасап, жылына бір рет скринингттік тексеріске шақыруға міндетті. Егер де сізге скринингттік тексеріске шақыру келсе, онда уақыт тауып, дәрігерге қараныңыз. Есіңізде болсын: бұл сіздер үшін. Уақыт тапшылығы, ақшаның жоқтығы мен емханадағы ұбақ-шұбақ кезек жайындағы сылтаумен ақталу орынсыз екенін ескеріңіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp