“Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен орта білім беретін ұйымдардың психолог мамандарының арасында “Жылдың үздік психологі” конкурсы өтті. Шучье қаласындағы “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығының негізінде өткен республикалық конкурста облыстық деңгейде озық болған Раушан Қазбекова қатысып, “Үздік психолог-зерттеуші” атанды.
Бұл конкурс кәсіби құзыреттіліктерін тиімді меңгеріп, дарынды, шығармашылықпен жұмыс істейтін психологтерді анықтауға, оларды қолдау мен марапаттауға бағытталған. Конкурсқа қатысушы мектеп психологтері еңбек өтілдеріне қарай топтарға бөлініп сайысқан. Оған облыстық кезеңнің жеңімпаздары қатысқан.
– Мен еңбек өтілі үш жылға дейінгі жас психологтер секциясында болдым. Біздің бірінші тапсырмамыз эссе жазу болғандықтан, мен өзімнің мамандығым жайлы жаздым. Өйткені психолог мамандығы қай жағынан алып қарасаң да шығармашылықты қажет етеді. Екінші тапсырма – өзіңді таныстыру мен өнер көрсету. Жетістіктерімізді көрсететін портфолио да әзірледік. Оқушылармен жұмыс істейтін әр мұғалім жан-жақты болуы, оқушы ұстазын қай жағынан болсын үлгі тұтуы қажет, – дейді жас маман.
Сайыс барысында ол “Кіші жастағы жеткіншектердің қарым-қатынасы” тақырыбындағы авторлық бағдарламасын қорғап, жалпы және жас ерекшелік психологиясы бойынша тестен өткен.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.