«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СИҚЫРЛЫ ӘЛЕМНІҢ СЫРЫН ҰҚТЫРҒАН жас натуралистер стансасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаланың балаларының көпшілігі бос уақытында немен айналысарын білмей, көбінесе ермектері теледидар мен компьютер болады. Алайда, өздерінің дүниетанымдарын арттыратын, шығармашылық қабілеттерін дамытатын, сүйікті істерімен шұғылданып, шеберліктерін тегін шыңдайтын балалар да баршылық. Олар жас натуралистер стансасына баратын 6 мен 15 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен жеткіншектер. Сондай-ақ мұнда балалармен бірге олардың ата-аналарының да үйірмелерге қатысуларына болады.

Біз балаларға қосымша білім беретін аталмыш мекемеге келгенімізде, онда “Табиғи материалдардың сиқырлы әлемі” тақырыбында ата-аналар қатысатын ашық сабақ басталғалы жатыр екен. 20 жылдық ұстаздық өтілі бар Татьяна Мандрик сабақты өзінің: “Теріні өңдеу және көркем бұйымдар жасау” тақырыбындағы авторлық бағдарламасы бойынша дайындағанын айтты. Бұл сабаққа түрлі деңгейде оқып жүрген балалар қатысты. Осыған сәйкес олардың қабілеттері де әртүрлі.

 

Сабақты қауіпсіздік ережесінен бастаған Татьяна Владимировна балаларға ертедегі теріні өңдеу технологиясы қолмен жасалғанын, ол үшін арнайы бөшкелер қажет болғанын баяндады. Слайд арқылы алғашқы қауымдағы адамдардың аңдар мен жануарлардың терілерін – киім, етін тамақ ретінде пайдаланғандарын көрсетті. Жануарлардың табиғи жүнінен жасалатын экологиялық таза бұйымдарды балалардың өздері-ақ тізіп шықты. Осылайша қолданбалы өнерді тарихпен байланыстырған Татьяна Владимировна қазақ халқының тұрмыс-салтына да тоқталды. Ол көшпенді өмір сүрген қазақтардың теріден жасалған ыдыстарында сүт, қымыз, айран сияқты тамақ өнімдерінің ұзақ уақыт бұзылмай, қасиетін сақтайтын болғаны жайлы айтып, сол торсықтардың бүгінгі заманға лайықталып жасалған үлгілерімен таныстырды. Сонымен қатар, терімен көмкеріп жасалған осызаманғы ат әбзелдерін де балалар слайдтан көрді.

Сабақтың кейінгі кезеңінде балалармен тағы бір мәрте теріні өңдеу, оның қасиеттері және жұмыс істеу технологиясы пысықталып, оқушылар барлығы бірлесіп былғарыдан ұсақ заттар салатын кішкентай әмиян-қалташа жасады. Ол үшін бірі былғарыны бізбен тессе, енді бірі әмиянды әшекейлейтін былғары қиындыларын отқа қыздырып, керекті пішінге келтірді.

– Қосымша оқытудың басты мақсаты – балаларды тек қолданбалы өнерге тартып қана қоймай, олардың бойына кәсіби бағдар негіздерін сіңіру болып табылады. Демек, біздің бұл жұмысымыз қазіргі замандағы еңбек нарығының сұранысына ие болатын мамандықтармен тығыз байланысты. Олар: дизайнерлер, декораторлар, суретшілер, терібылғары ісімен байланысты барлық мамандық иелері. Бүгін бұл балалар жас натуралистер стансасына бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін келсе, ертең осында үйренгендерін өмірде жүзеге асыратын болады, – дейді Татьяна Мандрик.

Ұстаздың айтуынша, қосымша оқуға балалар қаланың түрлі мектептерінен келеді. Мұнда оқу тегін, келем деушілер жыл бойы жазылып, өзі қалаған ісімен айналысуына болады. Жазғы каникул кезінде мұнда ерекше кесте бойынша жұмыс жүреді. Терімен бір топ айналысады, қалғандары табиғи материалдармен шығармашылық жұмыс істеуге бағытталады. Таза табиғи материалдармен жұмыс істейтін топ оған қажетті материалдарды жаз бойы және күзде жинап, кептіріп, дайындап алады. Сол жинаған табиғи материалдарды кейін өздері жасайтын бұйымдарына пайдаланады.

Қосымша білім алған балаларға сертификат, куәлік берілмейді, мұнда тек балалардың шығармашылықтарын дамыту бойынша жұмыс жасалады. Жас натуралистердің шығармашылық жұмыстары облыс көлемінде өтетін көрмелерге шығарылады. Ерекше бағаланған жұмыстарға дипломдар беріледі. Олар әр оқушының мектебіндегі портфолиоларында жинақталады.

– Менің қызым қосымша білім беру мекемесіне бірінші жыл келіп жүр. Қазіргі коммерцияның қызып тұрған шағында осындай тегін студия бар екенін кездейсоқ білдім. Алғаш естігенде, шынымды айтсам таңғалдым әрі сүйсіндім. Бұл, әрине, біріншіден балаларға мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдай. Мұнда мұғалімдер сонымен қатар қайырымдылық шараларына да қатысады. Бұл жерде ұстаздардың шыдамдылығына жаның сүйсінеді, себебі сау балалармен жұмыс істеудің өзі қиындық туғызады, ал бұл мұғалімдер мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс жасайды, – дейді үйірмеге қызымен келген Олеся Гонтарь.

Ашық сабақ өткізген ұстаз Татьяна Мандрик СҚМУ-дің жаратылыстану-география факультетін бітірген. Оның шығармашылық жұмыстары Қазақстан бойынша “Іскер әйелдер қауымдастығында” жоғары бағаланған. Өзінің сүйікті ісіне берілген, жан-жақты ұстаздың сабақтарына оқушылар қызыға қатысады.

– Бүгінгі күні бізге барлығы 735 бала келеді. Олармен 15 қосымша білім беру педагогтері жұмыс жүргізеді. Түрлі бағыттағы 53 үйірме бар. Балалар өз қолдарымен бұйымдар жасағаннан басқа, жылыжайлардағы көкөністердің көшеттерін отырғызып, күтіп-баптайды. Әрқайсысы 159 мың теңге тұратын 11 поликарбонат жылыжайымыз бар. 21 ғасырдың заманауи жылыжайлары, біздің жақтың аязына шыдайды. Өз ауламыздағы осы жылыжайларда баялды, қияр, 16 түрлі қызанақ сұрыптарын тағы басқа көкөністер өсіреміз. Биыл астықты жыл болды. Шыққан өніміміздің бір бөлігін сатып қосымша табыс табамыз. Оған балалардың үйірме жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтарын аламыз. “Тайга” базарында арнайы бөлінген орнымыз да бар. Ерте көктемде көкөністер мен гүлдердің көшеттерін (26 түрлі гүл) де сатамыз. Биылғы 2 – 2,5 айда 800 мың теңгедей пайда түсірдік. Қалалық білім бөлімінен жылына 26 миллион теңге бөлінеді, – дейді жас натуралистер стансасының директоры Ғалым Темірбеков.

Ғалым Ақынұлының айтуынша, қала үлкен, мұнда келгісі келетін шет аудандарда тұратын оқушылардың қатынауы қиын. Сондықтан бірқатар мектептерге өздері барып, 45 минуттан сабақ өткізіп тұруға сыныптар бөлу жөнінде білім ошақтары директорларымен келісім жасасқан. Олардың қатарында: №44, №42, №14, №40, №8, №21 мектеп, әл-Фараби мектеп-лицейі, Бірінші гимназия, №2 коррекциялық мектеп-интернат тағы басқалар бар. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің агрономдар даярлайтын қазақ және орыс топтары осында келіп тәжірибелік сабақтардан өтеді. Мұғалімдер келісіммен жұмыс істейтін мектептерге өз материалдарымен барып, сабақ өткізеді.

Сонымен қатар шешілмей жүрген түйткілді мәселелері де бар екен.

– Мен өзім әл-Фараби мектеп-лицейінде “Жас натуралист”, яғни, қызыл кітапқа енгізілген жануарлар туралы үйірме жүргіземін. Облыста 13 қорық бар. “Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық” демекші, балаларды осы қорықтарға апарып, жануарлар мен құстарды, аңдарды көзбекөз көрсеткім келеді. Сол арқылы балалардың табиғатқа, еліне сүйіспеншілігін тәрбиелер едік. Бірақ оған бізде көлік жоқ. 1979 жылы оқушылар бригадасын құрғанда алған тозығы жеткен автобуспен жүрміз. Көлік есебімізде болғанымен, онымен оқушыларды тасуға рұқсат етілмейді. Осындай қиындық көріп отырмыз. Қалалық әкімдік тарапынан қосымша білім беруге көбірек көңіл бөлінсе, әсіресе экология мәселелеріне байланысты, – дейді жас натуралистер стансасының директоры.

 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

P.S. Жас натуралистер стансасына барғанда онда балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып көңілдері қалаған іспен айналысуларына барлық жағдай жасалғанына көзіміз жетіп, қуанып қалдық. Бәрі жақсы, бәрі орынды. Бірақ, осында келіп жүрген 735 баланың арасында қазақ балаларының саусақпен санарлық екенін естігенде көңіліміз құлазып қалды. Қазақ балалары неге осындай тегін үйірмелерге барып, өздерін жан-жақты дамытуға немқұрайдылықпен қарайды, ойланарлық сауал-ау…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp