«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗҚАРАҒАЙЫМ немесе Ғабит Мүсіреповтің монологы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ожан ҚАЛИ,

жазушы, ақын.

Бір күні сол кездегі “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторы Сапар Байжанов маған телефон шалып: “Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабеңнің ауылында совхозға “Ғабит Мүсірепов” аты берілген екен. Соған Ғабең кенеттен барайын деп жатыр. Біздің тілші ретінде қарсы ал да барған жерден материал жаз” , – деді.

Ғабеңді әуежайдан күтіп алдық. Жанына Еркеш Ибраһим және Сағи Жиенбаев деген екі ақынды ерткен екен. Әдетте үлкен қонақтар обкомға кіріп шығатын. Бұл жолы өйтпеді. Тура тарттық. Мамлютка қаласы бағытындағы жолда обкомның бірінші хатшысы Василий Демиденко қарсы алды. Мезгіл тамыз айы болатын. Егін орағын көруге облысқа Қазақстанның екінші басшысы Месяц келіп, оны жаңа ғана Қостанайға шығарып тұрған кезі екен. Жолдан бұрылып, ағаш қойнауында жайылған дастарқанда түстендік те, одан әрі жүріп кеттік.

 

Жаңажолға жетер тұста ағашқа бұрылдық. Ақ балтырлы ақ қайың шоғының бауырында жалғыз өскен қарағай түбіне келдік. Алда отырған Ғабең машинадан түсіп, қарағайға беттеді. Біз соңынан ердік.

Ғабең келген бетте қарағайды құшақтап тұрып қалды. “Менімен жасты қарағай осы”, – деген толқи шыққан сөздері де естілді. Қаламгер ағамыздың ауылына бармас бұрын қарағайға келіп сәлем бергені үшеумізді де таңдандырды. “Атақты әнші Бибігүл Төлегенова шырқайтын “Қызқарағай” әніндегі қарағай осы екен ғой”, – деймін ішімнен. Осы бір сағынышты көрініс бізге қатты ой салды. Кейін Ғабит Мүсіреповтің монологы ретінде төмендегі “Қызқарағай” жыры туды:

Мен туғанда көк көшет атаныпсың,

Ырым жасап, атадан бата алыпсың.

Жер кіндігі сияқты сол қарағай,

Содан бері санамда сақталыпсың.

Аңыз ұлпам, Қызқарағайым!

Жалғыз өстің айрылып сыңарыңнан,

Алқа тақтың туған жер құмарынан.

Сән келтіре сәукеле төбесіне

Ақ жамылдың ақша бұлт мұнарынан,

Бүлдіршінім, Қызқарағайым!

Көк мойылдай иілген “Ақ аруым”,

Қыз көрікті сәнісің осы ауылдың.

Аңсай жетіп алыстан оралғанда

Бір көргенім өзіңді – бір дәуірім,

Көк мойылым, Қызқарағайым!

Жаңа дәуір жаршысы туған жердің,

Өзгерісін өзіңмен ала келдің.

Үнсіздікпен ұйытып бар ғаламды,

Сұлулығын санама сала бердің,

Қайнарымсың, Қызқарағайым!

Жүрек сені сүйікті серік қылды,

Санамды бір сағым-ой еліктірді.

Ылайықты өзіңе сөз таба алмай,

Әлдеқандай бойыма желік кірді,

Қырмызымсың, Қызқарағайым!

Мені арбаған сөздердің сиқыр күші,

Сарайына әлемнің алып ұшты.

Талқысында тағдырдың иім қанып,

Қалам берді қолыма Тәңір күшті,

Шабытымсың, Қызқарағайым!

Тал бойыңа қайранмын – тудың ерен,

Елден бұрын сағынып саған келем.

Келген сайын сыр мінез сырласымдай,

Тең құрбым деп өзіңе сәлем берем,

Есенсің бе, Қызқарағайым?

Бұл не жұмбақ, ғажайып сезім еді?!

Сені көрсем, жүрегім егіледі.

Жер-көкте жоқ тамаша жұпар иіс

Толықсыған тұлғаңнан сезіледі,

Аяулымсың, Қызқарағайым!

Тебірендім жастықта, толқыдым да,

Сен естідің сылдырын шолпының да…

Астан-кестен өмірдің арпалысқан

Қалдым бір кез “Тулаған толқынында”,

Ақтұмарым, Қызқарағайым!

Толғанғанда торыға – мұңды түйем,

Қиналғанда жол бастар болдың кием.

Келген сайын көңілім алабұртып,

Әулиедей алдыңда басымды ием,

Қасиеттім, Қызқарағайым!

Қош бол енді, қыз мүсін қарағайым,

Айналаңды тағы да аралайын.

Мен кеткенде тұрарсың шамшырақтай,

Жол көрсеткен далада данадайын,

Қимасымсың, Қызқарағайым!

Оралмасам егерде, “аңыз ұлпам”,

Дүниенің дүмпуін жалғыз ұққан.

Сыр сандығын аша алмай амалсыздан,

Жетімсіреп тұрарсың жалғыздықтан.

Жалғызымсың, Қызқарағайым!

Сол бір сәтте қамықпа – бәрі бекер,

Мәңгілікке бет алған маған жетер.

Сағынышым аспаннан шыр айналып,

Желегіңді жамылған желпіп өтер,

Ескерткішім – Қызқарағайым!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp