«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨКІНІШ пен ҚУАНЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елуінші жылдары редакциямызда еңбек етіп, есімі газетіміздің тарихында қалған марқұм Құрмаш Баязиев алдымен ақындығымен көрінген болатын. Ақындар айтысын ұйымдастыруға белсене қатысқан ол облыс мәдениетіне де үлес қосуға тырысқан еді.

Әйтсе де Құрекең марқұм саналы ғұмырын поэзияға емес, педагогикаға арнады. Ол облысымыздағы бірқатар мектептерде басшылық қызмет атқарды.

 

Әрине, ана сүтімен дарыған ақындықты да жылы жауып қойған жоқ. Көзі тірісінде көзімізге түсе қоймаған мына толғауын өмірден өткен әріптестеріміз ұмытылмасын деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Құрмаш БАЯЗИЕВ.

Ой жіберсем саралап,

70 жылдың бойына.

Жүрегімді жаралап,

Өкініш түсер ойыма.

“Асыра сілтеу болмасын,

Аша тұяқ қалмасын!”

Деп ұрандап халықты

Зорлағанына өкінем!

Қазақ халқын бүтіндей

Қорлағанына өкінем.

Аштықтың тартып азабын,

Сабылғанына өкінем.

Қаралы талай түндіктің

Жабылғанына өкінем.

Құғын-сүргін жылдары,

Елімнің ойшыл ұлдары

“Жау” деген атақ тағынып,

Өлімнің болды құрбаны.

Жазықсыз жапа

шеккеніне өкінем!

Өмірден ерте өткеніне өкінем!

Көп жылдар тарих бетінен

Өшіріліп кеткеніне өкінем!

“Соғыс” деген сұрапыл,

Өрт болғанына өкінем.

Талай ерлер майданда,

Мерт болғанына өкінем.

Жазылмайтын жарадай,

Дерт болғанына өкінем.

Көптеген ана жүрегі

Жаралы болғанына өкінем.

Уыздай жас арулар

Қаралы болғанына өкінем.

Естен кетпес мәңгілік,

Желтоқсанның ызғары.

Бой көтерді ел үшін

Қазақтың ұл мен қыздары.

Әміршіл өктем жүйенің,

Себебін білмей байыптап,

“Ұлтшылдар” деп айыптап.

Бүкіл қазақ халқына

Қара күйе жаққанына өкінем.

“Нашақор” деп жастарға,

Жалған айып таққанына өкінем.

Әділдік іздеген жастардың

Бастарына қауіп төнгеніне өкінем.

Лапылдаған жалынның

Жанбай жатып сөнгеніне өкінем.

Халық сенген кей басшы

Әділдігін айта алмай,

Тойтарыс беріп қайтармай,

Бөденей жорғалап,

Өз бастарын қорғалап,

Шет қалғанына өкінем.

“Елім!” дейтін сөздерінің

Тек жалғанына өкінем.

“Қайта құру” жылдары

Қате басқан қадамдарға өкінем.

Жалған айтқан

адамдарға өкінем.

Халық қамын ойламайтын

Сезімі жоқ надандарға өкінем!

Адамгершілікті

сақтамағандарға өкінем.

Адалдықты

жақтамағандарға өкінем.

Қиын кезең туған кезде

Ел сенімін

ақтамағандарға өкінем.

Болса да көп өткен іс,

Көңілде қалған өкініш.

Ойлаймын да өкінем,

Өкінем де бекінем.

Жетер енді азабың,

Басыңды көтер, қазағым!

Көзіңмен көр шаттанып

Тәуелсіздік ғажабын!

Тәуелсіздік жемісі

Өнгеніне қуанам.

Зұлымдықты әділдік

Жеңгеніне қуанам.

Оң өзгеріс болғанын

Көргеніме қуанам.

Әміршілдік, өктемдік

Жоғалғанына қуанам.

Жыл өткен сайын елімнің

Оңалғанына қуанам.

Ата-баба салтының,

Оралғанына қуанам.

Тәй-тәй басқан тілінің

Торалғанына қуанам.

Экономика өрістеп,

Қор алғанына қуанам.

Қапыда кеткен ерлердің

Ақталғанына қуанам.

Еңбектері мәңгі өлмес

Сақталғанына қуанам.

Білімді жас өреннің

Өскеніне қуанам.

Өмір кілті қолына

Көшкеніне қуанам.

Тәуелсіздік – бақ құсы

Қонғанына қуанам.

Соған міне, 10 жылдың

Толғанына қуанам.

10 жыл деген немене,

Қас қағым сәт емес пе?!

Алыс емес күткен күн

Көтерілер белеске.

Тәуелсіздік салтанат

Құрғанына қуанам.

Елбасының көш бастап

Тұрғанына қуанам.

Өркениетке тура бет

Бұрғанына қуанам.

Қысым көріп жан-жақтан,

Зобалаңды көп көрген,

“Мың тіріліп, мың өліп”

Басынан бәрін өткерген

Қазағымның

қайсарлығына қуанам!

Көңілінің

жайсаңдығына қуанам!

Міне, осылай ағайын,

Өмірдің көрдік талайын.

Бола берсін қуаныш,

Тыныш болсын маңайым!

2001 жыл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp