«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БИ МАҒАН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІ ҮЙРЕТТІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Балл биінің бидің төресі екенінде дау жоқ. Өркениетті елдерде ежелден дамыған бұл өнер ақсүйектерге ғана тән болып көрінгенімен, оған ерекше тыныс берген латын-америкалық үлгілерінің осы құрлықтағы оңтүстік жартышарының байырғы тұрғындары – аборигендерден бастау алғанын ұмытпауымыз керек. Әйтеуір, не керек, батыстың ақсүйек балл кешінің билері мен бүкіл дене мүшесін толқындай тулатқан сол латын-америкалық жалынды билердің бірін-бірі толықтыруы нәтижесінде туған осы күнгі спорттық балл биі кімді болсын бейжай қалдыра қоймасы анық. Алайда, адам бойындағы асау қандай тулаған бұл бидің бір ерекшелігі оның сымбат сұлулығын айшықтап, жасалған әрбір қимыл мен жан сезімінің үйлестігін табуында болса керек. Оның басқа билерден құдіреттілігі де осында. Ол адам жанын тазалыққа, өзгелерден ерекшеленіп тұратын сұлулыққа, ең бастысы өмірді өзінше түйсінуге тәрбиелейді.

 

Алайда, осындай тәңірлі биге құмартушылар қатары қалың дей алмаймыз. Бұрын да онша болмайтын, ал қазір, тіпті, азайып барады. Ол бүгінде спорттық биге айналғанымен, оны спорт есебінде қабылдаушылар қатары өскен жоқ. Бұрынғысынша жастардың көбі бокс, күрес және тағы басқа дәстүрлі спорт түрлеріне әуестеніп, биге әлі шекесінен қарайды. Әсіресе, қазақ жастарының балл биіне құмарлығы төмен. Мысалы, біздің Қызылжар қаласында олардың саны саусақпен санарлық десе болады. Солардың ішінде бірі де бірегейі Азамат Сақтанов деп білеміз. Осыдан 8-9 жыл бұрын би әлемінде жарқырап көзге түскен жас жігіт үш мәрте облыс чемпионы атанып, екі рет Қазақстан Республикасы кубогын жеңіп алған болатын. Жуырда облыстағы спорттық балл биінің бетке ұстарының біріне саналған оған жолығып, өнер жолы мен қол жеткен жетістіктері және жалпы балл биіне қатысты мәселелер жайында ұзақ әңгімелестік.

Айтары жоқ, Азаматта ақсүйек бишінің мәнері бірден байқалады. Спорттық балл биінде басқаша болуы мүмкін емес. Сұңғақ бойлы, аққұба жүзді, өр кеуделі жігіттің ай маңдайлы биші арудың қандайына болсын лайықты серік екені байқалады. Өзін-өзі ұстауы мен сөз мәнері де келісті. Үлкен әдептілік мектебінен өткені көрініп тұр.

– Әкеңіз Қапез қаржы саласында қызмет етеді, анаңыз Әлия – химия маманы, үлкен апаңыз Айгүл де бимен әуестенген емес, осы отбасыңызға бітпеген өнерге келудің қандай сыры бар? – деп сұрадық одан.

– Бәрі балалық ұшқары көңіл күй әсерінен басталды. Қаладағы №7 орта мектепте оқып жүрген кезім, “Тоника” би клубы қатысушылар қабылдап жатқанын естіп, үш дос соған жазылдық. Басты мақсатымыз онда қыздармен танысу болғанын жасырмаймын. Басында биге мән бергеміз жоқ, ол жөнінде түсінігіміз де шамалы болатын. Қыздар көп, ал ер балалар аз, таңдағанымызбен билегенге мәз боламыз. Алғашында Ольга Антонова деген жұптасым болды, ал 2000 жылдан бастап Виктория Гальцевамен би жұбын құрдық. Нағыз биге тартылуым сол кезден басталды, өйткені Виктория ол кезде көпке танымал бишілер қатарында еді. Бұрынғы жұптасы аяғын сындырып алғандықтан, оның республикалық деңгейдегі шеберлігіне лайықты өнер көрсетуім керек болды. Жан сала жаттығуларға кірісіп, жарты жылдың ішінде жұптасымды жерге қаратпайтындай дәрежеге жеттім. Балл биін өнер ретінде қабылдағаным да сол кезден басталады, – деді Азамат.

Спорттағы сияқты би өнерінде де жаттықтырушының рөлі зор. “Тоника” би клубында оның биші ретінде қалыптасуына ерлізайыпты Евгений мен Светлана Пановалар көп еңбек сіңірді. Бидің бірінші қадамы “па”-дан бастап, күрделі пластикалық дене қимылдарына үйреткен солар. Кейінде жұптасы Викториямен бірге “Арабески” би клубына ауысып кеткенінде де, олардың бойына сіңірген өнер ұшқыны үшін мәңгілік қарыздар болып қалатынын ұмытқан жоқ. Оған ауысуларының себебі, бұл клубта күшті жұптар болды, оларға қарап үлгі алуға, шеберліктерін шыңдауға болатындығы қызықтырды. Шеберлік деңгейі жоғары саналатын бұл би клубында тамаша жаттықтырушылар Александра Еремеева мен Виталий Черныштан сабақ алып, жақсы жетістіктерге жетті. Азамат спорттық бидің ең жемісті нәтижелеріне Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде 2002-2004 жылдары қол жеткізді. Екі мәрте ел кубогын жеңіп алу қалай жеңіл болсын, уақытпен санаспай көп жаттығуына тура келген. Осы бидің арқасында бойында жеңіске деген ұмтылыс пен зор жігер күші пайда болған.

– Ия, би маған жеңіске жетуді үйретті. Ол үшін 2-3 сағат жалықпай жаттығатынбыз, тіпті, одан да кейін қалып жаттығуды жалғастыра беретінбіз, сосын вокзал жақтағы клубтан үйге жаяу қайтуға тура келетін. Расында да, бидің маған жеңіске жетуді үйреткенінен шығар, 2001 жылы мектеп бітіргенімде оның үздік түлегі атандым. Сол сияқты университеттің экономика факультетінің де 2005 жылғы үздігі болып танылдым. Осындай құлшыныстың нәтижесі болар, спорттық биді қойғаннан бері басқа да қоғамдық бұқаралық шаралардағы белсенді іс-әрекеттерімде айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүрмін, – дейді ол.

Ал бұл оның көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры болып шықты. Бірақ біз оны сөз етпестен бұрын Азаматтың осы қазіргі классикалық би жанрына көзқарасын білу мақсатында өңірімізде соңғы кезде спорттық билер байқауларының неге өткізілмейтіні, оған жастардың қызығушылық танытпайтыны жайындағы сұрақтардан орағыта өте алмадық.

– Спорттық бимен айналысу – өте шығынды өнер. Алдымен көз тартарлықтай костюмің болуы керек. Дене қимылына жарасымды мұндай костюмнің ең арзаны 1000 доллардан кем емес, ірі халықаралық турнирлерге шығу үшін оған 10 мың долларға дейін жұмсайтын бишілер бар. Ортаңқол біздер жарысқа киген костюмдердің өзі 3-4 мың доллар тұрады. Оның үстіне үздік жаттықтырушылардан шеберлік семинарларын алу керек. Ол үшін басқа клубтардан оларды іздеп бару немесе жаттықтырушыны өзіңе шақыру қажет. Ол дегенің өте қымбат. Менің бимен айналысқан кезімде 10 сағаттық орташа семинардың бағасы 500 долларға бағаланатын еді. Бетімнен қақпай, осындай шығындарымды көтерген ата-анама ризамын. Би өнерінде менің бағындырған белестерім, әрине, солардың арқасында. Жастардың бүгінде спорттық биге бара қоймайтыны оның осындай өте шығындылығынан да болар? Кейінгі жылдары қаламызда би байқауларының көрінбей кеткені рас. Республикалық деңгейдегі додалы жарыстар өткізу үшін оған қосар күшті жұптарымыз болуы керек. Өкінішке қарай, қазір көзге түсіп жүрген жастарымыз жоқ. Сондықтан республикалық спорттық би байқаулары көбінесе күшті бишілері бар Алматы, Қарағанды және Қостанай қалаларында өтеді, – деген Азамат өзінің университетті бітіріп, банк қызметіне кіріскелі спорттық биді қойып, өзі үшін оның балдық шоу түрімен ғана айналысатынын айтты.

Шебер тым шешіле қоймағанымен, қазіргі қаладағы спорттық балл биінің жағдайына “қарны ашатынын” аңғару қиын емес еді. Бүгінде онымен айналысатын клубтар жеткілікті саналғанымен, бұрынғы деңгей жоқ. Жас шамасы және шеберлік деңгейі бойынша бәсекелестер табу қиын. Ал жарысқа түспеген жүйріктің жабау тартатыны сияқты, бәсекелесі болмағасын, би жұбының да мәзі кетеді. Азамат 2008 жылға дейін Викториямен билеп, одан кейін екі жылдай Наталья Гильмановамен жұпта болды, қазір 2010 жылдан бері Анастасия Жорникпен бірге жұмыс істеп жүр. Би клубтарымен қарым-қатынастары жоқ, өздерінің көңіл қалаулары бойынша түрлі шоу бағдарламаларда өнер көрсетеді. Оның серіктесімен бірге орындайтын латын-америкалық Самба, Ча-ча-ча, Румба, Пасадобль және Джайв билерін көрермендері ерекше сүйіспеншілікпен тамашалайды.

Қаржылық қызметке келгелі Азамат өзінің сүйікті би өнерінен басқа спортқа да бейімділігін аңғартты. Жоғарыда меңзегеніміздей, жеңісқұмар жастың көпшілік біле бермейтін екінші қыры – спортшылығы. Атап айтқанда, жеңіл атлетикамен, шаңғымен және футбол, волейбол ойындарымен айналысады.

– Еш нәрсемен айналысқысы келмейтіндер уақыт жоқ деген сылтау айтады. Ол бос сөз. Егер ниет болса, бәріне де үлгеруге болады. Қазір сол биге де, спортқа да уақыт тауып жүрген жайым бар. Спортпен айналысқалы жеңіске деген құмарлығым одан сайын арта түсті. Қызмет жолымды “Центркредит” банкі филиалында бастап, 2010 жылдан бері Ресей жинақ банкі филиалында менеджер-сарапшы болып істеймін. Облыстың банк жүйесі қызметкерлері арасында 2006 және 2010 жылдардың үздік спортшысы атандым. Биыл тағы осы атақты жеңіп алуға үмітім зор. Ол үшін жыл соңына таман Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтетін Ресей жинақ банкісі қызметкерлерінің шаңғы жарысында жақсы өнер көрсетуім керек, – дейді ол.

Осының бәріне уақыт тауып, би мен спорттың қайсында болсын жақсы нәтижелерге жетіп жүрген өнерлі жігіттің қажырлылығы тәнті етеді. Бір көргенде талдырмаштау сияқты оның күш-қайратының ерік-жігерінде екені байқалады. Бірнеше жылдан бері 100 метрлік спринтте және 1500 метрлік кросс жарысында облыстағы банк қызметкерлері арасында алдына жан салған жоқ. Биыл сөйтіп 2-ші разрядты спортшының нормасын орындады. Оның осы жылғы шілде айында Қазанда өткен халықаралық қаржыгерлер жарысында 3 мың метрлік қашықтықта 22 команданың ішінде 12-ші орын алуы да нашар көрсеткіш емес. Сол сияқты шаңғы жарыстарында да тәп-тәуір шеберлік танытуда. Өткен жылы Уфадағы шаңғы жарысында 5 шақырым қашықтықта алғашқы ондыққа енді. Одан басқа волейбол және футбол командаларының құрамында ойнайды. Шаңғы мен жеңіл атлетика спорт түрлері бойынша банк қызметкерлері командасын жаттықтырады.

Бүгінде саламатты өмір салтын ұстанған жастар аз емес. Ал бірақ солардың ішінде адамға жат әдеттерді бойына жұқтырмағанымен ғана емес, жанына серік өнер мен спортты қатар ұстанғанымен де риза ететін Азаматтай жігіттер жиі кездесе бермейді. Ол бала жасынан бидің төресін таңдағанын өмірде жолының болғаны деп біледі. Соның арқасында өзіне жарасар жан сұлулығын тауып, ал ең бастысы әрдайым жеңіске жете білуді үйренді.

СУРЕТТЕРДЕ: Азамат Анастасия Жорникпен бірге би жұбында өнер көрсетуде, биші балаларды шаңғыға жаттықтырумен де айналысады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp