«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАША ОЙЛАУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлия ШИРОЖЕЕВА,

Шаховское орта мектебі химия-биология

пәндерінің мұғалімі, биология магистрі, “Жас Отан” жастар қанаты ІІ cъезінің делегаты.

Елбасымыздың “Қазақстан – 2050 қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауына солтүстікқазақстандық жастар да үлкен қызығушылық танытты.

 

Бүгінде Қазақстанның экономикалық табыстарын әлемдік қауымдастық толық мойындап отыр. Өзара үйлестірілген қажырлы іс-қимылдың арқасында мықты мемлекеттің іргесін берік қалыптастырып, азаматтық татулық, ұлттық келісім секілді басты құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтай білдік. “Қазақстан – 2030” даму бағдарламасының стратегиялық жетістіктері бәріміздің көз алдымызда. 15 жыл ішінде әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне ену, ІЖӨ көлемі жағынан 50 ірі мемлекет қатарына жету, қазақстандықтар табысының 16 есе, орташа айлық жалақының 9 есе өсуі ұзақ мерзімге бағдарланған даму векторының үздіксіз әрі дәйектілікпен іске асқанын көрсетеді. Демек, экономикалық, саяси, әлеуметтік жетістіктеріміз халық игілігіне қызмет атқарып келеді деп айтуға толық қақымыз бар.

Алайда, Елбасымыз халыққа арнаған жаңа Жолдауында атап өткендей, қиындық атаулы толық еңсеріле қойған жоқ. Оған алдын ала әзір болмасақ, Еуропадағы, Азиядағы экономикасы шайқалып, тұрмысы күйзелген елдердің кебін киюіміз ғажап емес. Елбасымыздың көрегенділігі, Жолдаудың бөлекшілігі сол, “Қазақстан – 2030 стратегиясының негізгі қорытындысын шығара отырып, болжамды қауіп-қатерлерден сақтандырып қана қоймай ұзақ мерзімді қамтитын, кезең-кезеңмен, сала-саламен жүзеге асырылатын басым қағидаттарды белгілеп берді. ХХІ ғасырдың еліміз үшін он негізгі жаһандық сын-қатерін бөліп көрсетуі қазақстандықтарды ғана емес, Жер-ананы мекенім, асыраушым деп білетін тағдыры ортақ өзгелерді де ойландырары сөзсіз. Біз қайда бара жатырмыз, ғаламдық тайталасты еңсерудің жолдары қалай деген сансыз сауалдарға жауап беріледі. Осыған байланысты мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын ұсына отырып, 2050 жылға дейінгі ұстанымдарымыз кең ауқымда қарастырылады. Елбасының қазақстандық жастарға сөз арнауы жаңа бағыттың қозғаушы күші, үкілеген үміті ретінде бағалағандық, сенім білдіргендік деп түсінемін. Жастардың оқуына, білім алуына, жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Мен өзім жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында туған жерде еңбек ету бақытына ие болдым. Оған өкінбеймін. Бұл жөнінде “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезінде сөйлегенде айтып, делегаттар тарапынан қолдау тапқан болатын.

Біз, тәуелсіз еліміздің перзенттері, азат ойымыз бен кемел білімімізді тың мақсаттарға жұмсауға әрқашан дайынбыз! Елбасымыздың Жолдауы осыған жетелейді.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp