Данаш ХАМЗИНА,
журналист.
С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясына арналған көрме өтті.
Саяси мазмұнды құжатпен тереңірек танысам деушілер кітапханаға көптеп жиналды. Оқырмандардың аталмыш стратегияның мәтінімен толық танысып қана қоймай, өткен жылы жарық көрген саясат, экономика және басқа да маңызды тақырыптардағы арнайы оқулықтарды да зерделеуіне мүмкіндік туды.
– Бұл көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз Елбасы Жолдауын оқырмандарға түсіндіру және халықтың бойында ұлттық сана-сезім мен патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Көрмеге кітаптардан басқа, газет-журналдарда жарық көрген мақалалар, электрондық оқулықтар, дискілер мен түрлі суреттер де қойылған. Алдағы уақытта да көрме жаңа тың материалдармен толығып тұрады, – дейді кітапханашы Қайыржан Мәлікова.
Көрме бірнеше тақырыпқа негізделген. Мәселен, бір бөлігі толығымен Жолдауға арналса, келесі бөлімдерде еліміздегі экономика, қаржы нарығы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық салалары жазылған еңбектер қойылған. Сөрелерде жайғасқан газет-журнал беттерінен еліміздің бетке ұстар зиялы қауымның Жолдауға қатысты жазылған пікірлерін кездестіруге болады. Әсіресе, заң ғылымының докторы Бағлан Майлыбайдың 1996-2004 жылдар аралығында жарық көрген Елбасы Жолдауларын ой елегінен өткізіп, зерттеп жазған кітабы оқырмандардың қызуғышылығын тудырды. Көрмеде жалпы алғанда елдің қалыптасу, даму кезеңдері жайлы жазылған 220 еңбек қойылған екен.