Облыс әкімі Серік Біләловтің төрағалық етуімен өткен кеңесте өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жөніндегі жаңа бағдарлама таныстырылды. Оны “Қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің іскерлік кеңесі” заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Арман Евниев назарға ұсынды. Кеңеске аталмыш бірлестіктің жауапты хатшысы Михаил Трошихин, аудандар әкімдері, ведомство және агроқұрылым басшылары қатысты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Агроөнеркәсіп кешені, астық сатып алу, мал шаруашылығын дамыту және АӨК субъектілерін кредиттеудің басым бағыттары бойынша инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру – Елбасы айқындаған міндеттер. Өткен жылдың наурыз айында құрылған қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің іскерлік кеңесі осы бағытта жұмыс жүргізе бастаған. Арман Евниевтің айтуынша, инвестиция тарту мақсатында өңірлік басқарудың инновациялық моделі әзірлеген. Мәселен, іскерлік кеңес инвесторларды іздестірумен, Ауыл шаруашылығы министрлігі үшін жобаларды сараптаумен, құс және балық шаруашылығын дамытумен айналысатын болады. Бір жоба 2012 жылдың желтоқсанында іске асырылып үлгеріпті: бүгінде “Қаз-Агрода” ет өндіруді дамыту бойынша инвестиция тартылған. Кеңес сондай-ақ сүтті қайта өңдеу мен көкөніс шаруашылығы бойынша жобаларды қолға алмақшы. “Бұл орайда агроқұрылым басшыларына барлық қолдау көрсетеміз. Жоспарлаудан бастап, қандай құжаттардың қажет екендігі бойынша бізден ақыл-кеңес алуға болады”, деді Арман Евниев.
Іскерлік кеңестің филиалы болып табылатын өңірлік басқарудың жұмысын ширату, аудан әкімдері мен агроқұрылым басшыларының инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша іс-қимылы жақында өтетін кеңесте тағы бір пысықталады.