Асқар БЕГМАНОВ,
облыс әкімі аппаратының басшысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің 06.04.2005 ж. №1546 Жарлығына сәйкес облыста сегізінші жыл барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есепті кездесулері өткізіледі.
Есепті кездесулер кезінде тұрғындар елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың жүзеге асырылуы, әкімшілік-аумақтық бірліктердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өңірді одан әрі дамытудың негізгі бағыттары мен міндеттері туралы ақпарат алады.
Тұрғындар алдындағы есепті кездесулер БАҚ және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен облыстың барлық ауылдық округтерінде өтеді. Осы шаралар кезінде облыс тұрғындарының өздерін толғандырып жүрген мәселелері жайында сауалдар қоюларына, ұсыныстар, ескертпелер мен тілектер айтуларына мүмкіндіктері мол. Азаматтар қойған сауалдарға объективті түсініктер беріледі. Қойылған барлық сауалдар кездесулердің хаттамаларына жазылып, одан басқа қосымша зерттеуді, қаржылық шығындарды талап ететін мәселелер ерекше бақылауға алынады.
Тұрғындарды осынау шаралар өткізілетін орындар мен уақыты туралы ақпараттандыру, сол сияқты қаралатын мәселелерді талқылауға азаматтарды белсене қатыстыру мақсатында кездесулерді өткізу кестесі мен әкімдер есептерінің мәтіндері баспа және электронды БАҚ-та жарияланды.
Барлық қордаланған мәселелерді барынша толық қамту үшін есепті кездесулер өткізілгенге дейін қолжетімді жерлерге тұрғындардың ұсыныстарын, ескертпелері мен үнқатуларын жинауға арналған арнайы жәшіктер қойылды. Жәшіктер қойылған орындар БАҚ-та жарияланады. Одан кейін түскен ескертпелер мен ұсыныстар есепті кездесулер кезінде жеке айтылады.
Есепті кездесулер қорытындысы бойынша азаматтар айтқан ескертпелер мен ұсыныстарды жүзеге асыруға арналған жоспарлар әзірленіп, баспа және электронды БАҚ-та міндетті түрде жарияланады.
Есепті кездесулер екі кезеңде жүргізіледі, бірінші кезең – ауылдық округтердің барлық елді мекендерінде ауылдық округ әкімдерінің есептері, екінші кезең – ауылдық округтердің әкімшілік орталықтарында және қаланың ықшамаудандарында аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің есептері.
2012 жылы облыс бойынша 919 есепті кездесу өткізіліп, оның барысында 1,9 мыңдай ұсыныс пен ескертпе айтылды, олардың 811-і бақылауға алынды, 778-і немесе 96,0 пайызы өз шешімін тапты. Белгілі себептерге байланысты 2012 жылы шешімін таппаған мәселелер үстіміздегі 2013 жылы шешілетін болады.
Үстіміздегі жылы ауылдық округтер әкімдерінің есептері 14-31 қаңтар аралығында, аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінікі 1-14 ақпан аралығында өтеді. Облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің 905 есепті кездесуі өткізіледі. Есепті кез-десулер кезінде көтерілген барлық мәсе-лелерді шешу ерекше бақылауға алынады.