Қымбатты солтүстікқазақстандықтар!
Православиелік христиандар мен бүкіл солтүстікқазақстандықтарды үлкен де нұрлы мейрам – Христос Рождествосымен шын жүректен құттықтаймын!
Діндарлар бұл мерекені жоғары рухани шаттық сезімімен және болашаққа ізгі үмітпен қарсы алады. Ол игі істер тындыруға ұмтылыста адамдарды топтастырады, қоғамымыздың адамгершілік негіздерін нығайтады, адамдардың татулық пен келісімде өмір сүруге ұмтылысын қолдайды. 140-тан астам этнос пен 17 конфессияның өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан біздің елімізде осынау мәңгілік құндылықтар айрықша қастерлі.
Бұл соның ішінде жоғары рухани мұраттарды нығайтуда, Отанымыздың мәдени және тарихи мұрасын еселеуде көптеген жылдар бойы маңызды рөл атқарып келе жатқан православиелік христиандыққа да қатысты.
Еліміздің Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айрықша атап көрсеткендей, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылықтарымыз. Еліміздің ойдағыдай дамуын нақ солар қамтамасыз етеді. Көпұлтты еліміздегі мәдениет пен діннің өзара үндесуін әлемдік қоғамдастық орынды түрде өнеге ретінде танып отыр. Қазақстан жаһандық дінаралық үнқатысудың орталығына айналды.
Бұл қағидат Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа стратегиясында да басты қалпында қалып отыр. Онда ел Президенті Отанымыздың абыройы жолындағы ортақ жауапкершілік негізінде, этностық және өзге де белгілеріне қарамастан, бүкіл қоғамымызды топтастыруға тиіс жаңа қазақстандық патриотизм салтанат құратын тең мүмкіндікке қол жеткізетін мемлекет орнатып жатқанымызды атап көрсетті.
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді осы бір ұлы да нұрлы мейраммен шын пейілмен құттықтаймын!
Христос Рождествосы әрқайсымыз үшін ізгі ниет пен жақсы істерде баршаны біріктіретін мейрамға айнала берсін!
Сіздерге шын ниетіммен мықты денсаулық, бақыт, татулық және құт-береке тілеймін!
Рождество құтты болсын!
Серік БІЛӘЛОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.