«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІРДЕН ӨРНЕК ӨРГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Темірден өрнек өрген шебер Рафис Хафизов үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. Оның көптеген туындылары қаламыздың көшелеріне көрік беруде. Мысалы, ол жасаған жер шары глобусы, ләйлек құстар, бақыт ағашы, балық, тауыс құсы сияқты ұсталық қолөнер туындылары қаланың орталық көшелерінің небір көрікті жерлеріне сән беріп тұр.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Рафис Хафизовты жай ғана мүсінші шебер демей, ұста-мүсінші деп атаған жөн. Өйткені, оның туындылары хас шебердің бойында ұсталықтың және мүсіншіліктің үндестік табуынан дүниеге келеді. Әр өнердің өз ерекшелігі болатыны белгілі, десе де саз балшықтай илене қоймайтын темірді бейнелеу материалына айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Шын мәнінде ұсталардың ұстасы ғана балқыған темірге келісті бейне беріп, эстетикалық талғамды дүние жасай алады. Оның үстіне үнемі қызған көрікпен және балқыған болат темірлер соғылатын төспен жұмыс жасайтын оған зор шыдамдылық пен төзімділік те қажет. Шеберде бұл қасиеттердің бәрі бар.

 

Жуырда мүсінші шебер тағы бір тамаша бұйым жасап шығарды. Өзінше “Шамшырақ ағашы” деп атаған бұл туындысының биіктігі 2,5 метр, бұралып өскен жас ағаш кейпіндегі шамшырақ бұтақтарында тоғыз электр шамы табақшалары орналасқан. Әзірге шеберхана төрінде тұрған жаңа өнер туындысы көп кешікпей қала көшелерінің бірінде өз орнын тауып, көпшіліктің көзайымына айналары анық.

– Менің ойымда тағы бір тамаша толғанысты туынды жүр. Көп кешікпей оны да жүзеге асырғым келеді. Әзірге оның бір ертегілік кейіпкер болатынын ғана айта аламын. Сөйтіп, қала және облыс балаларына қуанарлықтай сый жасағалы отырмын, – дейді Рафис.

СУРЕТТЕРДЕ: ұста-мүсінші Рафис Хафизов және оның “Шамшырақ ағашы”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp