Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кез келген күрделі де құнды техника сынбай тұрмайды. Істен шыққан бір қосалқы бөлшекті сатып алғанның өзінде қалтаң біраз қағылады. Ал егер сынған тетік білікті маманның қолына түссе, ол оны бұрынғы қалпына келтіріп қана қоймай, су жаңа етіп қайтарады. Оған біз облыс орталығындағы “Ремплазма” ЖШС-нің жұмыс барысын сырттан қадағалаған кезде көз жеткіздік. Әртүрлі техникалардың қосалқы бөлшектерін жөндеу орталығының іші қайнаған еңбек. Цехтың бір бұрышында сынған темір-терсектер үйіліп жатса, келесі қапталында техникалық тетіктер зауыттан енді жасалып шыққандай, жап-жаңа күйінде қаз-қатар тізілген. Сапалы әрі тапсырыс берушінің қалтасы көтере алатындай қолжетімді қызмет көрсететін бұл кәсіпорын он төрт жылдан бері өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып та алған.
“Ремплазма” ЖШС-де отызға жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорындағы жұмыстар көбінесе затты плазмамен еріту арқылы жүргізілетіндіктен, оның атауы соған сай қойылған. Онда энергетикалық жүйе мен темір жол тораптарының құрал-жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникалары, кентау және шахталық құрылғылар, мұнай мен газ өндірісі құралдарының кез келген деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал өндірістегі кадрлардың басым бөлігі – техниканың қосалқы бөлшектерін жасау мен жөндеу саласында тәжірибе жинаған мамандар. Сондай-ақ заманауи технологиялық әдістерді оңай игеретін жастардың да қатары жылдан-жылға толыға түсуде. Бұл кәсіпорынның қабырғасын Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытында қырық жылға жақын еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа жақындаған шағында өз кәсіпкерлігін жүргізгісі келген адам қалаған. Ол – серіктестіктің директоры Леонид Киселев (суретте). Тәжірибесі мен біліктілігі мол Леонид Александрович – өз ортасында плазмалық дәнекерлеу ісінің шебері ретінде танылған тұлға.
Леонид Киселевтің зейнеткерлік демалысқа шыққанына да 11 жыл болыпты. Десек те, ол өз әңгімесінде өмір бойы айналысқан ісінен қол үзуге әлі де асықпайтындығын жеткізді. Ақсақал өзінің еңбек жолын осыдан жарты ғасыр бұрын Ресейдің Самара қаласындағы авиациялық мотор зауытында бастаған. Алайда, отбасылық жағдайымен жас жігіт біздің өңірге қоныс аударып, ұзақ жылдар “Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытында” еңбек еткен. Оның есімі аталмыш зауыт тарихында өнертапқыш, қарапайым дәнекерлеушіден лауазымды инженер қызметіне дейін абыройлы атқара білген еңбекқор жан ретінде сақталған.
Бүгінде білікті кадрлар шоғырланған “Ремплазма” техникалық жөндеу орталығының тұтынушылары өңіріміздің түкпір-түкпірінен қатынайды. Бұл кәсіпорынның жылдық айналымы 20-30 миллион теңгені құрап отыр. Әсіресе, жылдың көктем және күз айларында тұтынушылар көп ағылады екен. Өйткені, кейбір көреген шаруагерлер техникаларын егістікке дайындау жұмыстарын осы мезгілде бастайтын көрінеді.