Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оркестр 2002 жылы Тайынша ауданының орталығында құрылды. Тайынша ауданының бұрынғы әкімі, қазіргі таңда Мәжіліс депутаты Анатолий Маковскийдің қолдауымен құрылған оркестр он жыл ішінде көрермендердің жүрек түкпірінен орын ала білгені тыңдаушыларынан байқалады. Облыс орталығынан шалғай жатқан ауданда құрылған оркестрдің өнерін қызылжарлықтар күнде тамашалай алмайды. Десе де, аз уақытқа болса да, оркестрдің өнерін қызылжарлықтар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының дәлізінде негізгі салтанатты шара басталмас бұрын тамашалай алды. Салтанатты шараға келген көрермендер үрлемелі аспаптарды қолдарына алып, құлағымызға бала кезден таныс белгілі шетелдік сазгерлердің композицияларын орындаған оркестрді ұзақ тұрып тыңдады. Тыңдап қана қоймай, көрермендерді: “Бұл қандай оркестр?”, “Қай жерден келген?” деген сынды сан сұрақтар мазалағаны айдан анық. Ол сұрақтар менің де көкейімде орын алды.
Оркестрдің жетекшісін әңгімеге тарқаным да сондықтан.
– Аға, білуімше аз уақыттың ішінде музыкалық оркестр құра алдыңыз. Оркестрдің мүшелері кәсіби музыканттар ма?
– Оркестр мүшелерінің кәсіби музыкалық білімі жоқ. Олар әртүрлі мамандықтардың иелері. Біреуі бағдарламашы болса, біреуі сауда өкілі болып қызмет етеді. Барлығының отбасы, бала-шағасы, тіпті, немерелері бар. Уақыттарының аздығына қарамастан, музыкамен айналысып, оркестріміздің мүшесі болудан тайынған емес.
– Оркестр мүшелерін бір жерге топтастырып, музыкаға бір адым да жақын емес адамдарды үрлемелі аспаптарда ойнауға қалай үйреттіңіз?
– Олардың барлығы кәсіби музыкант болмағанмен, іштей таза музыканттар. Кәдімгі ноталарды әріптердей оқи алады. Жұмыстарынан бос уақыттарында Тайынша ауданының орталығындағы өнер мектебінде сольфеджио сабақтарын оқып, аспапта ойнаудың қыр-сырын меңгереміз.
– Оркестрдің пайда болу тарихына тоқталсаңыз?
– Тайынша ауданының бұрынғы әкімі Анатолий Маковскийдің қолдауының арқасында оркестр пайда болды. Оркестрге қажетті аспаптар сатып алынды. Арнайы киімдер тігілді. Алғашқы концертіміз 2002 жылдың 8 наурызында өтті.
Сөзге сараң көрінген оркестр жетекшісі Ерсайын Жұмабаев аудан орталығындағы өнер мектебінде музыка пәнінен сабақ та береді екен. Табиғатынан ұяң мінезді азамат: “Шәкірт болу жасты талғамайды. Сен 5 жасыңда қалай шәкірт бола білсең, 50 жасыңда да солай шәкірт бола аласың”, – дейді. Расымен де, музыкалық білімі жоқ, өмірде өз орындарын тапқан, кей-кейде икемге көне бермейтін ересек адамдарға аспапты ғана емес, музыка тілін үйрете білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер.
Оркестр құрамында 12 әуесқой музыкант бар. Мәселен, Александр Куличкин аудан орталығындағы бір мекемеде шаруашылық меңгерушісі болып қызмет етеді. Василий Шаульский – компьютер техникасының маманы. Еркеш Тарбаков – сауда өкілі, ал Рамис Саниахметов санитар болып еңбек етіп жүр екен. Оркестрдің өзге мүшелері де әртүрлі саланың мамандары. Үрлемелі аспаптарды неліктен таңдадыңыздар деген сұрағыма, барлығы бір адамдай: “Бала кезден ұнататын музыка өнеріне деген сүйіспеншіліктің әсері ғой”, – деп күле жауап берді. Бұлай болуы ғажап та емес. Оркестр мүшелеріне азын-аулақ жалақы төленеді екен. Бірақ оларды ортақ іске жұмылдырып тұрған ай сайын алатын азғантай жалақылары емес, өнер екенін әлем классикасының алтын жауһарына енген белгілі туындыларды тамылжыта орындауларынан байқадық.
Өткен жылы оркестрдің құрылғанына 10 жыл толды. Бұл – аз да, көп те уақыт емес. Бірақ аудан деңгейінде құрылған оркестр үшін үлкен меже. Құрамында 12 әуесқой музыканты бар оркестрдің жетекшісі әрі дирижері Ерсайын Жұмабаевты көрген адам бірден оның бойынан дарын иесін тани қоймайды. Бірақ күйбең тіршілікке қарамастан, өз шәкірттерінің музыка өнеріне құштарлығын оята алғандығы – оның дарындылығы мен еңбекқорлығының айғағы.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.