Өткен сенбі күні облыс әкімі Серік Біләлов немістің “Ликон” компаниясының президенті Виктор Лихтнермен және Ресей мен ТМД бойынша өкілі Александр Обыденникпен кездесті. Отырыс барысында біздің облыста үйқұрылысы комбинатын салу мәселесі қаралып, меймандар құрылыстың тұсаукесер жобасын ұсынды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен тұрғындарды қолжетімді баспанамен кешенді қамтамасыз етуді одан әрі арттыру үшін өткен жылы бекітілген “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде өңірімізде белсенді жұмыстар атқарылуда.
– 2013 жылға да барлық бағыттар бойынша қарқынды құрылыс жүргізу жоспарланып отыр. Соның ішінде жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін құрылысқа қажетті көптеген материалдар шеттен әкелінеді. Оған ақшалай қаражат қажет. Сондықтан өңірімізде үйқұрылысы комбинатын салу мәселесі бүгінгі күні өзекті болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыру баспана мәселесінің қолжетімділігіне мүмкіндік туғызатын болады. Комбинат үй құрылысына қажетті барлық материалдарды кешенді түрде бір жерден шығарады, – деді Серік Біләлов.
“Ликон” компаниясының президенті Виктор Лихтнер өздерінің немен айналысатындықтары жөнінде хабардар етті. Оның сөзіне сүйенсек, аталмыш компания құрамында бірнеше машина жасау кәсіпорны, үйқұрылысы комбинаттары бар “Прогресс” холдингінің өкілі болып табылады. Оның кәсіпорындары Германия, Италия, Бельгия тағы басқа елдерде жұмыс істеуде. Әлемдегі ең ірі холдингтің үй құрылысына қажетті барлық материалдарды бір жерден жеткізу мүмкіндігі бар. Олар жаңа үйқұрылысы комбинаттарын салумен қатар, қайта қалпына келтірумен де айналысады. Бұл салада 60 жылға жуық тәжірибесі бар. 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Ликон” компаниясы ТМД-да – 20-дан, әлем бойынша 150-ден астам жобаны жүзеге асырған. Олар негізінен ТМД елдерінің Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттерінде жұмыс істеп тұр. Қазақстан бойынша Қостанайда күзде іске қосылады. Ақтөбе, Астана қалаларында жоба жүзеге асуда. Тайландта ең ірі үйқұрылысы комбинаты іске қосылған, онда айына 500 коттеджді панельден құрастырып шығарады. Комбинат үй құрылысымен қатар ауыл шаруашылығы нысандары құрылысына да қажетті материалдар өндіреді.