«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТЫ КӨНЕ, ЗАТЫ ЖАҢА КӘСІПОРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқауына қатысып, оның “Тұрғындар үшін үздік тауарлар” аталымы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері ішінде үздік әлеуметтік жауапкершілікке ие кәсіпорын ретінде танылған “С. Киров атындағы зауыт” АҚ-ы “Парыз” байқауының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Ол бүгінде облысымызда ғана емес, бүкіл еліміз бойынша өндірісі өрге басқан ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Жуырда зауыттың бас директоры Марат Әбілмәжіновке жолығып, оны сөзге тарттық.

 

– Марат Мұқанұлы, жаңа жылға жақсы табыспен жетіп, республикалық “Парыз” байқауының күміс жүлдесін жеңіп алып отырсыздар. Осы жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, үздіктердің үздігіне ғана бұйыратын үлкен жеңістің сырын білгіміз келеді. Әлеуметтік жауапкершілікке ие таңдаулы кәсіпорын атану жеңіл атқарылар шаруа емес қой…

– Өндірістің базалық элементтері, технологиялары өзгертіліп, уақыт талабына сай еңбек етіп жатқан қазіргі жағдайда бұрынғыдай бірнеше мыңдаған жұмысшының қажеті жоқ. Бүгінде зауытта еңбек ететін 800-ге жуық адамның өзі техникалық жаңғыртудың арқасында көздеген міндеттер үдесінен шығуға толық жетеді. Ал оның есесіне ұжымда еңбек адамына деген қамқорлық анағұрлым арта түсті. Елбасының “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына Қарай 20 қадам” мақаласында айтылған қағидаттарды басты назарда ұстап отырмыз. Зауытта 932 зейнеткерді біріктіретін ардагерлер кеңесі және жас мамандар мен жас отбасылар кеңестері жұмыс істейді. Осы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге көмектесіп, мүмкіндігінше материалдық қолдау көрсетеміз. Байқауда біздің әлеуметтік жауаптылығымызды танытқан жақсы істің бірі – зауыттың бір цехын қайта толық жөндеуден өткізіп, онда 39 бөлмелік жас отбасылар жатақханасын ашқанымыз болса керек. Ол алдымен кәсіпорында жас кадрлардың тұрақтануына ықпал етері сөзсіз. Сондай-ақ жұмысшылар асханасы жұмыс істейді, оның коммуналдық төлем ақысын зауыттың өзі мойнына алып отырғандықтан, тағамдар бағасы біршама төмен. Кәсіпорында екі дене шынықтыру залы бар, онда зауыт жұмысшылары денсаулықтарын нығайтады. Еңбек әулеттерін құру мақсатында жас жұмысшы жұптарына, қажет болса, жатақханадан орын бөлінеді және материалдық қолдау шаралары көрсетіледі. Сондай-ақ қызыл дипломмен келген жас мамандарға, шет тілін білетіндерге және ғылыми атағы барларға айлық табыстарына 40 пайызға дейін қосымша ақы төленеді.

– Мұндай әлеуметтік жауапкершілік жүгін көтеру үшін кәсіпорынның өндірістік істері, қаржылық-шаруашылық көрсеткіштері нығыз болса керек. Осы орайда не айтарыңыз бар?

– Мен зауыт басшылығына келген тоғыз жылдың ішінде өнім өткізу көлемі 67 есе өсіп, 7 миллиард теңгеге жақындады. Әзірге жыл қорытындыланған жоқ, шамамен өткен жылдың өткізу көлемі 6744611 мың теңгеге болжанып отыр. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 109 пайыз өсімге қол жеткізіп, жылдық жоспарды 118 пайызға орындап отырмыз десек болады. Шамамен 5,6 пайызды құрайтын өндіріс кірісі бар, корпоративтік кіріс салығын алып тастағанда 321,6 миллион теңгедей таза пайда тапқалы отырмыз. Негізінен әлеуметтік іс-әрекеттердің жүзеге асуына осы өндірістік көрсеткіштер оң әсер етеді. Орташа айлық еңбекақы көрсеткіші бойынша да қаладағы машина жасау зауыттарының ішінде соңында қалып отырған жоқпыз, өткен жылы ол орта есеппен 102858 теңгені құрады.

Кәсіпорын бүгін де еліміздің Қорғаныс министрлігіне қажетті байланыс құралдарын шығарады. Ол былайша ашық айтыла бермейтіндігі болмаса, жалпы өнім көлемінің елеулі үлесін алады. Соның бәрін қосып есептегенде өткізілетін өнім көлемі бойынша біздің зауыт республикадағы өзі тектес кәсіпорындардың ішінде үш жылдан бері бірінші орында келеді. Барлығы 100-ден астам өнім түрлерін шығарамыз. Солардың ішінде жұртшылыққа кеңінен танылғаны – темір жол автоматикасы мен дабылдатқыш желілері. Сондай-ақ “ҚазМұнайГаз” компаниясы үшін мұнайсорғыш қондырғылардың басқару шкафтарын (блогын) шығарумен айналысамыз.

Тұрғындарға қажетті тұтыну тауарларын шығаруда мүмкіндігіміздің молдығын “Отау-ТВ” сандық теледидар қондырғысын жасауға түскен тапсырыс көрсетті. Оның сандық Сет топ бокс қабылдағышын шығаруға қажетті конвейер желісін Оңтүстік Кореядан сатып алып, өндіріске қостық. Соның нәтижесінде 2012 жылы 200 мың дана сандық қабылдағыш жасап шығардық. Өнімнің бұл түріне, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінен сұраныс өте көп. Үлгере алмай жатырмыз десек те болады.

– Осы жерде әңгіме ретіне қарай туындайтын бір сұрақ: шетелдіктермен серіктестікте жұмыс жүргізуге тырысып көрдіңіздер ме?

– Өзім де соны сөз еткелі отыр едім. Шетелдік серіктестермен осызаманғы электрондық байланыс құралдары бойынша бәсекелесу, әрине, қиын. Өте жылдам өзгеріп отыратын бұл бағыттағы ізденістерге ілесе алмай, ірі алпауыт фирмалардың өзі қатардан кейін қалып жатады. Алайда, ретін тауып, іскерлік танытар болсақ, біз бас сұға алатын салалар да табылады екен. Мысалы, өткен жылы өзіміздің инновациялық жобамыз бойынша Қытаймен 3,5 миллион доллардың келісіміне отырып, локомотивтердің қауіпсіздік қондырғысы кешенін жасап бердік.

Өзінің техникалық жетістіктерімен әлемді аузына қарата бастаған қытайлықтарға көңілдерінен шығарлықтай қондырғы жасап беру – біздің елдің кәсіпорындары тарапынан әзірге байқалмаған жай. Ал ол біздің қолымыздан келді, алдымен оның жобасын жасадық, қалай пайдалануды үйреттік. Қысқаша өзіміз КЛУБ (комплект локомотивных устройств безопастности) деп атаған бұл қондырғының біреуі 30 мың доллар тұрады. Зауытта жасалған осы қондырғыларды мамандарымыз Қытайдың өзіне барып, локомотивтеріне орнатып беріп, келісімде көрсетілген жұмыс көлемін толық тындырды.

Мұндай сұраныс тудыратын инновациялық жобалар бізде жоқ емес. Мысалы, қазір 2014-2015 жылдарға бағдарланған 34 жаңа жоба жасалу үстінде.

– Инновациялық жаңа жобаларды жасайтын мықты конструкторлық-технологиялық орталық болуы керек. Тың ойлар мен шығармашылық ізденістер, әсіресе, қиялы ұшқыр жастарға тән деп білеміз. Ұжымның осы бағыттағы қуат-қарымы қандай?

– Қазіргі электронды техника заманында оның тілін жақсы түсінетін жастарға барынша сенім артатынымыз рас. Кәсіпорында конструкторларымыз бен технологтерімізді бірлескен ғылыми-техникалық ізденістерге жетелейтін техникалық департамент құрылған. Онда орташа жасы 31-дегі 82 техникалық қызметкер еңбек етеді. Зауыттағы бас конструкторымыз Евгений Белоусов 28 жаста ғана, бірақ ол жастығына қарамастан, шығармашылық кемелділік танытуда. Сол сияқты арнайы өнімдер жөніндегі бас конструкторлар Егор Кривонец пен Дмитрий Борисов та 26-27 жастағы жігіттер. Бәрі өзіміздің СҚМУ-дің радиотехникалық факультетінің түлектері. Олардың зауытқа келіп, жемісті еңбек жолын бізде бастауының басты себебі – радио техникасына құмар бұл студенттердің 4-5-курстан бастап өздерінің техникалық жобаларымен бізде жұмыс істеп, аздап болса да 15 мың теңгеден табыс тауып, өндіріске тартылғандары болса керек. Бұл іске тікелей өзім бастамашы болдым. Жастардың инновациялық ұшқыр жобаларына қамқоршылық жасап, тәуір нәтижелерге қол жеткізулеріне көмектесу – біздің міндетіміз. Оларды қолтығынан демеп, қанаттанып кетулері үшін қолдан келгеннің бәрін жасау да артық емес. Сол мақсатта осы жылы үздік жобаларымен көзге түсіп жүрген жас конструкторларымды Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына да ұсынбақ ойым бар. Болашақ жастардікі ғой, бақтарын сынап көрсін деймін.

Осы орайда тағы бір айта кететін жай, кәсіпорындағы жұмысшы мамандардың қатары жастармен толығып жатқаны қуантады. Өткен жылы зауыттағы жалпы жұмысшылар саны 130 адамға толыққан болса, оның 95 пайызын жастар құрайды. Әсіресе, жастарға қажетті әлеуметтік мәселелерге барынша көп көңіл бөлінетіні де сондықтан. Кәсіпорындағы орташа айлық еңбекақы 100 мың теңгенің үстінде екенін жоғарыда атап өттім. Біз онымен де шектеліп қалмаймыз, бұрынғы 13-ші еңбекақы сияқты жыл қорытындысы бойынша еңбек өтілдері мен жұмыс нәтижелеріне қарай 0,5-тен 2,0 айлық ставка көлеміне дейін сыйақы төлейміз. Ұжымда еңбек қарым-қатынастары ұжымдық келісімшартқа сай жүргізіледі. Онда негізінен әлеуметтік мәселелерге басымдық берілген. Жыл ішінде кәсіпорын дирекциясы мен кәсіподақ комитеті бірлесіп, арнайы қаулымен қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктер енгізеді. Әрине, оның көбі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді. “Парыздың” жуырдағы күміс жүлдесі осындай жүйелі жұмыстардың жемісі деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: зауыттың бас директоры Марат Әбілмәжінов; жатақханадан көріністер.

Суреттерді түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

РS: Кәсіпорын басшысымен сұхбаттасқаннан кейін зауыттың жалпы бөлім бастығы Владимир Бережноймен бірге жаңадан ашылған жатақхананы аралап көрдік. Зауыттың төрт қабатты ескі цехының 2-ші және 3-ші қабаттары адам танымастай етіп қайта жаңғыртылып, 39 бөлме кәсіпорын жұмысшыларына беріліпті. Осызаманғы тұрмыстық техникалармен жарақтандырылған жеке-жеке кір жуу және асүй бөлмелері бар. Ал аумағы 20 шаршы метрден асатын жатын бөлмелердің барлығы тап-тұйнақтай.

Осында қоныс тепкен жас отаудың бірі – Нұрдәулетовтар отбасы тұратын 318-ші бөлмеге бас сұқтық. Зауытта жүргізуші болып істейтін Нұржан мен аудармашылық қызмет атқаратын Ләззат Мадияр атты екі жастағы ұл өсіріп отыр екен. Олар кәсіпорынның өздеріне жасап отырған қамқорлықтарына риза екенін айтты. Сол сияқты нығарлаушы Андрей мен оның зайыбы, монтажшы Галинаның отбасы қуанышын бөлісіп, ерлі-зайыпты Фоминдердің кәсіпорын басшыларының атына айтқан алғыс сөздерін естідік. Жатақхана дәлізінде жолыққан 2-ші жөндеу-механикалық учаскесінің бастығы Виталий Пешеходько да дәл осындай қуанышқа кенеліпті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp