«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҢЫРАП ҚАЛҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ мемлекет меншігіне қайтарылса құба-құп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерке Есілдің оң жағалауындағы Ысқақ Ыбыраев ауылы бір кездері іргелі шаруашылықтың орталығы болған. Сол кездері бой көтерген екі қабатты Мәдениет үйі, оның алдындағы Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевтың мүсіні, асхана, балабақша ғимараттары, асфальтталған көшелер қайыңды орман баурайындағы ауылға ерекше сән беретін. Қазір ше?

 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Дәл орталық көшедегі, іргетасы 1992 жылы қаланған екі қабатты Мәдениет үйінің жетім күй кешкеніне 15 жылдың жүзі болды. Кеңшар тараған кезде әлеуметтік нысандар елге опық жегізген “Асылхан-Агро” ЖШС-нің қарамағына өтіп кетті де, қаңырап бос қалды. Еңселі екі қабатты ғимаратта көрермендер залынан басқа, қоғамдық кітапхана, ауыл тарихынан сыр шертетін шағын мұражай жұмыс істейтін. Мемлекет меншігіне берілмеген және қызметкерлер штаты қысқарған кітапхана мектеп жанындағы екі қабатты интернат ғимаратына көшірілді де, Мәдениет үйі өзіне тиесілі жұмыс істеуін мүлдем тоқтатты.

Осы елді мекенге жол түскен сайын еңселі Мәдениет үйінің әлі бос тұрғанын көріп, оның күні бүгінге дейін неге мемлекет меншігіне берілмей келе жатқанына таңғаламыз…

Соңғы рет жұмыс бабымен барған сапарымызда осы ауылдың тумасы, жергілікті әкім Науқан Таласбаев Аютас ауылдық округінің орталығын Қаратал ауылынан Ысқақ Ыбыраевқа көшіру туралы сөз қозғап жүргенін айтып қалды. Мұны Ғалым Малдыбаев, Герольд Бельгер, Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев сынды әдебиет өкілдері сүрген,өмір оқыған елді мекенді сақтап қалудың, қолдан келсе, қайта жаңғыртудың қамы деп түсіндік.

– Ауылымыздың болашағы жоқ деп айта алмаймыз. Күрделі жөндеуден өткен үш қабатты мектебіміз, жанында бұрын интернат үйі болған екі қабатты ғимаратымыз бар. Оған да осыдан 2-3 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген. Қазір онда кітапхана мен шағын орталық жұмыс істейді. Ауылымызға торапты су құбыры келіп, жаңа су мұнарасы, су жинайтын сыйымдылық орнатылды. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша енді оны үйді-үйге енгізу мәселесін көтеріп жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттары қабылданар болса, бұл мәселе де шешімін тапқалы тұр. Бір кездері өзіне де, өзгеге де жақсылық жасай алмаған “Асылхан-Агро” ЖШС қарамағына өтіп кеткен орталық қырман мен асхана ғимаратын ауылдық кәсіпкер, әйтеуір, ретін тауып, бұздырмай өз меншігіне алып қалды. Соның өзі – жетістік. Алайда, көзге шыққан сүйелдей болып тұрған ғимарат – ауылдық Мәдениет үйі. Оны кезінде меншік иесі болып табылатын “Асылхан-Агро” ЖШС қанша сұрасақ та, мемлекет меншігіне қайтармады. Енді бұл ғимарат аталмыш серіктестіктің мұрагері – “ТНС – 2020” ЖШС-нің меншігінде. Аталмыш нысанды салуға бір тиын да қаражатын жұмсамаған серіктестік білгендік танытар деген ниетпен жазбаша да, ауызша да мемлекет меншігіне қайтарыңыздар деп сұрап жатырмыз, – дейді Науқан Қайнетұлы.

– Қызылжар өңірінде сап-сау күйінде сақталып қалған әлеуметтік нысандардың бірі – осы Ысқақ Ыбыраев ауылындағы Мәдениет үйі. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбековпен хабарласқанымызда бұл мәселе шешімін тапса, оған күрделі жөндеу жүргізу үшін алдағы жылдың жоспарына енгізіп, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын пайдалануға болатындығын айтып қалды.

Қалай десек те, батыр ауылындағы Мәдениет үйі мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Әлде, “ТНС – 2020” ЖШС-нің басшылары бірнеше жыл бойы қыс уақытында жылытылмай келе жатқан екі қабатты ғимараттың мүлдем жарамсыз болып қалар кезін күтіп отыр ма? Шал ақын ауданына жаңа келген серіктестік осы бір көкейкесті мәселені оңынан шешіп, алғашқы қадамын ел алғысын алудан бастағаны жөн емес пе?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp