Астана,
туған елдің
ажарысың
Астана, жаңа өмірдің
айбынысың,
Ел үшін айқын үлгі
барлық ісің.
Салғандай алтын ұя
“Бәйтерекке”,
Самұрық боп құтты қанат
жайды құсың.
Естісек дабылыңнан
мазалы үнді,
Астана, көрдік талай
ғажабыңды.
Атанған “аңыз қала”
құтты төрім,
Жол бастап заулата бер
қазағымды.
Құлпыртып келбетінде
жанған нұрды,
Көз тоймас ғимараттар
таңғалдырды.
Сұлулық сені қатты
құшқан сайын,
Құлшынып, алға басып
ел жаңғырды.
Астана, аз уақытта
табысың бай,
Қарқының Құлагердің
шабысындай.
Әлемге асау мінез
сен көрсеттің,
Бұлқынған Еуразия
барысындай.
Жас қала, аққудайсың
көлімдегі,
Есіп тұр әр көшеңнен
өмір лебі.
Астана, туған елдің
ажарысың,
“Ақорда” кепіл болған
төрімдегі.
16.07.2012.
Бурабай.
ЕСІЛГЕ
ҚОНДЫ ЕЛОРДА
Өзендер қайда Есілдей?!
Тасқыны – өмір көшіндей.
Атақты “Жекебатырдай”,
Жатпайды еркін көсілмей.
Қайда бар өзен Есілдей?!
Тыншымас мұздан шешінбей.
Көк толқын ақ жал
бұлқынған
Сұлудың мамық төсіндей.
Қуантты Есіл талайды,
Жарылқап жатыр маңайды.
Қостанай, Көкше, Түменге
Есілдің суы тарайды.
Алқа ағаш – аппақ орманы,
Ақ бидай – өрде орғаны.
Жағасында – Қызылжар,
Түстікте елдің қорғаны.
Сарыарқаның төсінде,
Әлемнің озық көшінде
Астана келіп орнады
Көгілдір, көркем Есілге.
Серпілтсем ешбір қосылмай,
Молшылық – жазым,
қысым – бай.
Есілге қонды Елорда
Қазақтың бақыт құсындай.
Шоқ қайыңның сыбыры
Ақ құбақан ақ қайың аппағын-ай,
Жерге күміс төгіп тұр, тасқа шырай.
Ақ інгеннің қасына шөккен нардай,
Көз ұшында Жалғызтау жатқаны-ай.
Ақ білектер жалғасып, біріктеліп,
Ақ балтырлар бұлқынып іріктеліп,
Шоқ қайың тұр
Көрші ауыл қыздарындай,
Сыбырласқан бірдеме біліп келіп.
– Қасыңдағы кім? – дейді секпіл
қайың,
Тез өзгертіп тоқыған кетті жайым.
– Бізден артық жоқ екен ештеңесі, –
Деп біреуі күрсініп етті уайым.
– Ауыл қызы – аяулы қарындасым,
Көрші ауылда ағайын, бауырласым.
Қызылжарлық қазақтың
қызын алдым,
Беу, құрбылар, бастарың
ауырмасын!
Студенттік күндердің әсері еді,
Ол Мәскеуде бар қыздың әсемі еді.
Ақ қайыңдай, аумайды өздеріңнен, –
Дегенімде біреуі:
-
Бәсе!.. – деді.
Көрмей
жүріп
сүйгендер
Көкірегіңе көп құпия түйіпсің,
Сырласпайтын, сыр ашпайтын
тұйықсың.
Сол мінезбен ауыл қызы алыста,
Көрмей жүріп, көргендей боп сүйіпсің.
Қиялдағы сен жезқанат киіксің,
Көңіліңе көп сағыныш үйіпсің.
Махаббаттың жыршысы боп жүрсем де,
Махаббаттан сен ерекше биіксің.
Тілегіңнің ең асылын жиыпсың,
Жырымды оқып егіз жандай ұйыпсың.
Содан болар қай қияда жүрсем де,
Жүрегімді жүрегіңе түйіпсің.
Айтылмас сыр, айықпас дерт үйгендер,
Сырттай балқып, үнсіз отқа күйгендер.
Сендерге айтар алғысым көп жалғанда,
Жаса, жаса, көрмей жүріп сүйгендер.
17.07.2012
Бурабай.
БОЛМАСЫНШЫ
ҚЫЗҒАНЫШ
Адам деген – бұл жалғанның қонағы,
Адал жанға бақыт құсы қонады.
Беу, ағайын! Қызғанбашы шаттыққа,
Сенің де ертең кең құшағың толады.
Қызғанбашы, қызғанбайық, қызғанба,
Кешірім жоқ думан-тойды бұзғанға.
Жақсылыққа жаршы болу – зор бақыт,
Досың озса, ішіңді өртеп, сызданба.
Жұбайын да көп қызғанар кей кісі,
Ол қызғаныш – іштарлықтың белгісі.
Татулықты таза сенім сақтайды,
Қызғаныштан биік тұрар ер кісі.
Арлы адамдар жер бетіне нұр жайды,
Тірі жанға сырттан тұзақ құрмайды.
Кей “пысықтар” өсек-аяң тасумен,
Озғандарды орға жықпай тынбайды.
Қызғаныштың жүрген жері асығыс,
Ол жұлқынса, жасадым дер батыл іс.
Жиған абырой инемен құдық қазғандай,
Төгіледі шелек-шелек қапылыс.
Жердің бетін жайлап алған қызғаныш,
Бірін-бірі көре алмаудан туған іс.
Қызғаныштың түп-тамыры – күншілдік,
Көксегені – екі аяқтан бір шалыс.
Асау туған інілерім, қызғанба,
Артық кетіп қаламыз ғой қызғанда.
“Қыз қууда” қамшы астында қалсаң да,
Бар пәлені жаба көрме қыздарға.
07.07.2012
Астана.
Сырымбеттің
сандуғашы
Жасыңда Сырымбетті әнге бөлеп,
Жамал қыз, даңқың асқақ өстің ерек.
Шырқасаң сандуғаштай
“Сырғақтыны”,
Қосылып домбырамен еттім көмек.
Алқа топ елтіп-балқып естен
танған,
Ақтұйғын бозбалалар еткен арман.
Ақтоқты оралғандай туған елге,
Алыстан елестейді өткен жалған.
Сандуғаш талға қонған торғай едің,
Табушы ең талай әннің талмай ебін.
Үміттің жанған отын
сөндірместей,
Арнауым қамыққанда болғай емің.
Барудың ауыл жаққа реті келмей,
Тебірендім көптен бері сені көрмей.
Сайрадың сандуғаштай шырт
ұйқыда,
Дауысың түнгі аспанда ерігендей.
Селк етіп, қаламымды қолыма
алдым,
Өлеңмен пәк сағыныш
жолын салдым.
Шіркін-ай, әндетер ем алғыс
айтып,
Туса егер тағы да бір
жолығар күн.
03.08.2012.
Астана.
АУЫЛ
РОМАНСЫ
Хан болып күшейгендей таққа мініп,
Мал баққан түндер қайда атқа мініп?!
Жануар қыз үйіне апаратын,
Тізгінсіз, төрт тұяғы жатқа біліп.
Жүректе жоқ болса да басқа бүлік,
Кетуші ем жас жүрекке басқарылып.
Күндіз де мас адамдай барушы едім,
Бас емес, екі аяғым жатқа біліп.
Дидары тұрмаушы еді жемістенбей,
Еретін ақ тілекке терістенбей.
Анасы тапқан екен қыз мүсінін
Бір менің жүрегіммен келіскендей.
Ақыл-ой жарасымды сымбаттағы,
Қимылын қарақат көздің кім
бақпады?
Бар кінә өзімде ғой, қанша сүйсем,
Бірауыз сөз айтуға тіл батпады.
Ол кетті… өзге адаммен көш құрады,
Кездестік… баяғыдай көз тұнады.
“Алғашқы сөзді қалай бастады?..” –
деп
Ол менің бәйбішемнен көп сұрады.