Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жақында “Нұр Отан” ХДП-ның Шал ақын ауданындағы филиалы “Тіл – халықтың жаны” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” өткізді. Аталмыш шараның мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттап, оны дамытудағы “Нұр Отан” ХДП-ның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру, Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясындағы тапсырмаларды орындау барысын талқылау.
“Дөңгелек үстел” барысында хабарлама жасаған партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елена Кузичева еліміздің тәуелсіздігі жылдарында мемлекеттік тілдің дамуы жайлы сөз қозғап, осы бағыттағы Елбасы саясатына тоқталды. Осындай ойдың негізінде өз пікірлерін білдірген аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Өтегенова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Динара Әлдеменова мемлекеттік тілді дамытуда қандай жұмыс атқарылып жатқанын баяндады. Бұл жұмысқа жергілікті этномәдени бірлестіктер де өз үлестерін қосуда. Қазақ және славян этномәдени бірлестіктерінің төрайымдары Нағима Жандосова мен Татьяна Щеголева Елбасының саясатын жүзеге асыруда өткізілген шараларға тоқталды. Ал партияның аудандық филиалының “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Наталья Горбунова өскелең ұрпақты мемлекеттік маңызы бар жұмысқа тартудың тиімділігі ел қамын ойлар тұлғаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді деді. Осылай әр сала өкілдерінің ойы бір арнаға тоғысқан шара соңында оның қатысушылары өз ұсыныстарын жасады. Солардың бірі – аудандағы білім ордаларына үш тілде оқыту үдерісін енгізу жөніндегі жұмыстарын одан әрі тиімді жалғастыру қажеттігі.