Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс орталығында бір түннің ішінде екі әйелді тонаған күдіктілер қолға түсті.
Таңғы сағат бес шамасында СҚО ІІД-нің жедел басқару орталығына облыс орталығындағы Кошуков көшесі бойында бір әйелге бас салған екі ер адам туралы ақпарат жеткен. Әйел вокзалдан үйге қайтып келе жатқан кезінде артынан екі жігіттің келіп, бас салғанын айтқан. Аузын жауып, қалтасын тінти бастапты. Ал полицейлер келген кезде әлгілер қаша жөнелген. Аға сержанттар Бақыт Аманғұлов пен Жаслан Кәкішев тез арада күдіктілердің ізіне түсіп, оларды құрықтаған. Соңдарына түскен кезде қашып бара жатқан жігіттердің бірінің ұялы телефонды лақтырып жібергенін байқаған.
Полицияның екінші бөлімінде жолдан табылған ұялы телефонның басқа адамға тиесілі екендігі анықталды. Ер адамдар сол түні осындай тағы бір қылмыс жасаған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, түнгі сағат екі шамасында үйіне келе жатқанда оған белгісіз біреулер шап беріп, алдымен ұрған, кейін сөмкесін тартып алған. Дәмханада жұмыс істейтін әйелді күдіктілер Абай-Алтынсарин көшелерінің қиылысында күтіп тұрған. Үй ауласына жеткенінде оған арттан біреу шап берген. Жәбірленуші ұрылардың екеуін де бірден таныды.
Бір түннің ішінде екі қылмыс жасаған күдіктілер бұрын сотталған болып шықты. Олардың бұған дейін де облыс орталығында жасалған әйелдерді тонау фактілеріне қатыстылығы бар екендігі анықталды. Қазір олар уақытша оқшаулағышта отыр. Тергеу жүргізілуде.