Экономикамыздың қарқынды өсуін қамтамасыз ету, тиісінше азаматтарымыздың өмір сапасын жақсарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік тарифтік реттеу жүйесінен инфрақұрылымдық салалардың дамуына, реттелетін секторлардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, энергия сақтау және ресурс сақтау мәселелерін шешу, сондай-ақ мемлекеттік басқару салаларында тұтынушылардың және қызмет берушілердің арасындағы мүдделердің теңгерімін қамтамасыз ету талап етіледі.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі осы міндеттерді іске асыруды табиғи монополиялар субъектілерінің және реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындау үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған тарифтік реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы қамтамасыз етеді.
Азаматтық кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер электр энергиясына есептеу аспаптарының көрсеткіштері бойынша ақы төлеуді регламенттейді, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен заңды тұлғалардың тұтынушыларға электр энергиясын беруді заңсыз шектегені және ажыратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген.
ӨЭК-тің бенчмаркингке көшуі
Заңнаманы жетілдіруді ескере отырып, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлік электржелілік компаниялардың (ӨЭК) салыстырмалы талдау (бенчмаркинг) әдісі бойынша тарифтерді енгізуі мүмкін болды.
Тұтынушылар үшін оның артықшылығы тарифтерді бекіту кезінде ӨЭК қызметі тиімділігінің дәрежесіне негізделеді. Сондықтан монополистердің аса жоғары тариф “алуға” өздерінің шығындарын жасанды түрде көтеру алғышарттары толығымен алып тасталды.
Жаңа әдісті енгізу әрбір ӨЭК үшін тиімділікті көтеру әлеуетін бағалауға және тарифтік реттеу шеңберінде тиімділікті көтеру міндеттерін белгілеуге, сондай-ақ шығын әдісінен алшақтауға мүмкіндік береді.
Салыстырмалы талдау әдісі Батыс Еуропаның көптеген дамыған елдерінде (Дания, Финляндия, Нидерландтар, Норвегия, Ұлыбритания, Испания, Швеция), Жапонияда, Канадада, АҚШ пен Австралияның жекелеген штаттарында кеңінен қолданылады.
Біздің облыста департамент салыстырмалы талдау әдісін қолданумен “СҚ ЭТК” АҚ-ның жылу энергиясын беру және тарату бойынша реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифтерді 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіп, бекітті.
Реттеліп көрсетілетін қызметтерге сараланған тарифтерді енгізу туралы
Бүгінгі күні электр энергиясына тұтыну көлеміне қарай және тәулік зоналары бойынша сараланған тарифтер ойдағыдай енгізілді, бұл электр энергиясын үнемдеп тұтыну мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
2012 жылы агенттік әлеуметтік әлсіз топтар үшін электр энергиясына ақы төлеу кезінде қолайлы жағдай жасау мақсатында 2 деңгейлі саралаудан 3 деңгейлі саралауға көшуді қамтамасыз етті, осы тәсіл аталған тұтынушылар санатына электр энергиясын үнемдеп жұмсаған кезде ең төменгі тарифті пайдалануға мүмкіндік береді.
Мысалы, біздің облыстың энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың “Севказэнергосбыт” ЖШС (облыстың солтүстік аймағы) және “СолтүстікЭнергоОрталық” ЖШС (облыстың оңтүстік аймағы) тарифтері электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай 3 деңгейлі саралаумен бекітілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суды үнемдеп тұтыну мақсатында республиканың барлық өңірінде сумен жабдықтауға тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтер енгізілді.
Осындай саралау бірінші кезекте өндірістік кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдардың суды үнемдеп тұтынуын ынталандыруға бағытталған. Олар үшін сумен жабдықтау қызметіне аса жоғары тариф белгіленеді.
Бұдан басқа республиканың 11 өңірінде суға екі деңгейлі сараланған тарифтер енгізілді: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында бекітілген шама шегінде тұтынылатын судың неғұрлым төмен тарифтері белгіленді. Мысалы, тұтынушы суды белгіленген шамадан асыра пайдаланған жағдайда, ол қолданыстағы төлемақы деңгейімен салыстырғанда белгілі бір сомада артық төлейтін болады.
Тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерге көшу кестесіне сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 3 табиғи монополиялар субъектісі, соның ішінде 2 субъект (“Алпаш” МКК, Тимирязево ауылы, “Жігер” МКК, Бескөл ауылы) 2012 жылғы 1 қарашадан бастап және “Қызылжар су” ЖШС 2012 жылғы 30 қарашадан бастап тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерге көшті.
2013 жылы тарифтерді 2 деңгейлі саралауды енгізуді жалғастырып, 3 деңгейлі саралауға кезең-кезеңмен көшу болжанып отыр.
Сонымен бірге суға тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді енгізу, судың жеке есептеу аспаптарымен жарақтандыру жұмысымен тығыз байланысқан, өйткені халықты жеке есептеу аспаптарымен 100 пайыз қамтамасыз еткен жағдайда ғана судың іс жүзінде үнемделгені туралы айтуға болады.
Есептеу аспаптарын орнатуды ынталандыру мақсатында есептеу аспаптарының болуына немесе болмауына қарай сараланған тарифтер енгізілді.
СҚО-да жеке есептеу аспаптарымен қамтылғаны: ыстық су бойынша – 82,4%, суық су бойынша – 82,1%.
Суға тариф белгілеудің жаңа тетігі туралы
Су арналарының қызметін реттеуді одан әрі жетілдіру мақсатында 2012 жылдың соңында судың тарифтерін белгілейтін жаңа тетіктерді енгізудің 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Кешенді жоспарда табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттейтін бірқатар нормативтік- құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Олардың мақсаты инвестицияларды қаржыландыруға арналған көздерді – амортизация мен пайданы ұлғайту болып табылады. Бұл ретте су арналарының негізгі құралдарға қайта бағалау жүргізуі міндетті шарт болып табылады.
Ол үшін тарифке су арналары негізгі құралдарға жүргізген қайта бағалау нәтижелерін толық көлемде бір мезгілде енгізу, сондай-ақ қолданысқа енгізілген активтерге пайда ставкасын 30%-ға дейін ұлғайту ұсынылады. Пайда ставкасын ұлғайту бөлігіне түзетулерді қабылдау инвесторларға су арналарының активтерін кең ауқымды жаңғырту мен реконструкция жүргізу және жаңа технологияларды қолдану, сонымен қатар жоғары білікті мамандарды тарту үшін қаражат салуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты кешенді жоспарды іске асыру су арнасы қызметкерлерінің жалақысы деңгейін статистика деректері бойынша тиісті өңірдегі орташа жалақы деңгейіне дейін жеткізуге жағдай жасайды. Бұл қазіргі кадр әлеуетін сақтап қалады, кәсіпорындардағы тиімсіз менеджмент мәселесін шешеді, сондай-ақ су арналары үшін кадрлар даярлауға ынталандырады.
Кешенді жоспарда су арналарын шекті тарифтермен жұмыс істеуге көшіру үшін іріктеу өлшемдерін айқындау болжанған. Жақын арадағы 3 жыл ішінде 26 қалалық су арнасын шекті тарифтерге көшіру жоспарланып отыр. Сонымен базалық табиғи монополия субъектісі – “Қызылжар су” ЖШС тариф белгілеудің жаңа механизмін есепке ала отырып, шекті тарифтерге 2013 жылдың аяғында көшуді жоспарлап отыр.
Тұтастай алғанда нормативтік-құқықтық базаға ұсынылып отырған түзетулер су арналарының қызметтеріне залалсыз, тиімді тарифтерді қалыптастыруға, олардың қызметінің нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Үйге ортақ жылуды есептеу аспаптарын
орнатуға қатысты
2012 жылы үйге ортақ жылуды есептеу аспаптарын орнатуға экономикалық ынталар жасайтын заңның жаңа нормасы енгізілді. Енді үйге ортақ жылуды есептеу аспаптары бар тұтынушылардың тарифтері осындай есептеу аспаптарын орнатудан бас тартып отырған тұтынушыларға қарағанда неғұрлым төмен болады.
Бүгінгі күні республика бойынша үйге ортақ жылуды есептеу аспаптарымен жарақтандыру деңгейі 39,7%-ды құрайды, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 30,4%.
Осыған байланысты агенттік есептеу аспаптарын орнатуды ынталандыру жұмысын жалғастыруға ниет білдіруде.
Табиғи монополиялар субъектілерінің қаражатты мақсатқа сай әрі тиімді пайдалануын бақылау жүйесін құрудың жаңа шаралары туралы
Монополистердің қаражатты мақсатқа сай әрі тиімді пайдалануын бақылау жүйесін құру мақсатында ТМРА еңбек ресурстарын қайта бөлуді және инвестициялық бағдарламалардың шеңберінде жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып отырған аса ірі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылауды күшейтуді, ал қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің өтінім беру науқанынан хабарлау сипатына көшіруді ұсынады. Бұл шағын және шалғай жатқан елді мекендерде орналасқан, тарифтерді бекітуге арналған өтінімдерді қалыптастыруға әкімшілік ресурстары жоқ кішігірім табиғи монополия субъектілері болып табылады. Қазіргі кезде осы заң жобасы ҚР Парламентінің Сенатында қаралуда.
Бақылау функциялары туралы
2012 жылы 9 тексеру жүргізілді, заңнама бұзушылығын жою туралы 26 нұсқама енгізілді, 9 сот талқылауына қатысу жүзеге асырылды, айыппұл санкциялары түрінде 2,58 млн.-нан астам теңге өндіріліп алынды, 9 ТМС-ға уақытша өтемдік тарифтер енгізілді, тұтынушыларға қайтарылған жалпы сома шамамен 15,4 млн. теңгені құрады.
Жалпы мәліметтер
Департаменттің реттеу объектілері – 42 табиғи монополия субъектісі. Олар 59 реттеліп көрсетілетін қызметті, оның ішінде су кәрізі жүйелері саласында – 27 қызмет, энергетика саласында – 22 қызмет, мұнай мен газды тасымалдау саласында – 1 қызмет, көлік саласында 9 қызмет көрсетеді. Бұдан басқа департамент 11-ден астам доминант субъектіге қатысты баға белгілеу функцияларын жүзеге асырады.
2012 жылы 25 тариф көтеріліп бекітілді, соның ішінде 10 тариф жылу энергиясын өндіру, беру және онымен жабдықтау, 14 тариф сумен жабдықтау саласында, 1 тариф электр энергиясын беру саласында бекітілді.
Мемлекет басшысының лицензияланатын қызмет түрлерін қысқартуға бағытталған рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2012 жылы департамент 16 кіші қызмет түрін қамтитын 5 қызмет түрінен, 1 кіші қызмет түрін қамтитын 1 қызметке дейін лицензия беруді қысқартты. Бұдан басқа өткен жылдан бастап лицензияларды беру “Электрондық үкімет” арқылы да жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті.