“Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” – Шәкәрімнің осы сөзі ойға орала береді. Елбасы Жолдаулары жыл сайын жария етіледі десек те, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” деп аталған жаңа Жолдаудың жөні бөлек, жосығы ерек. Оны жүзеге асыру үшін бүкіл елдің жұмылуы, баршаның алға ұмтылуы керек. 23 қаңтарда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп, 2012 жылдың қорытындысына және “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру міндеттеріне арналған кеңейтілген кеңестің негізгі ой арқауы да осы.
Алқалы жиынды Елбасы өзі жүргізіп отырды. Мемлекет басшысы кіріспе сөзінде жиынның маңыздылығына тоқталып, онда қаралатын негізгі мәселелерді атап өтті. Алдағы жылдары ел алдында жауапты жұмыстардың, яғни “ЭКСПО – 2017”-ні өткізу, “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру сияқты ауқымды шаралар тұрғанын айта келе, соған орай жақында Үкімет құрамында біршама кадрлық өзгерістер орын алғанын еске салды. Мемлекет басшысы вице-премьерлер атқаратын міндеттерге жеке-жеке тоқталды.
“Өткен жыл Қазақстан үшін жалпы табысты жыл болды деп айтуға болады. Барлық бағыттар бойынша ілгерілеу бар. Бұл қажырлы еңбектің, бүкіл қазақстандықтардың атқарған шаруасының арқасында жүзеге асты. Сарапшыларға сенетін болсақ, созылмалы сипат алған әлемдік дағдарыстың биыл да, келер жылы да беті қайтар түрі жоқ, деп болжайды. Сондықтан кез келген жағдайға еліміз, Үкімет, бәріміз дайын болуымыз керек”, дей келе Н.Назарбаев еліміздегі өндірісті жаңғырту бағдарламасы тың қарқынмен жалғасын табуы тиістігін баса айтты. Бұл тұтас елдің шаруасы болып саналады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы соңғы кездері ауа райының да еліміз үшін оңай соқпай отырғандығына тоқталды. “Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бері ауа райы бізді біраз сынаққа алып отыр. Өткен жылдағы қуаңшылық ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Қыстың қысымшылығы да біраз әуре-сарсаңға салып, Жамбыл облысындағы Қаратау, Жаңатас қалаларында едәуір қиындықтар тудырды. Бірақ ел іші тыныш болса, түйіні тарқамайтын мәселе жоқ. Біз зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көмек көрсететін боламыз”, деді Мемлекет басшысы. Елбасы ендігі мәселе – көктемгі су тасқынына дайын болуымыз керектігін ескертті.
Бұдан әрі Елбасы сөзді Премьер-Министр Серік Ахметовке ұсынды. Үкімет басшысы өткен 2012 жылдың жұмысын қорытындылап, атқарылған шараларды баяндады.
“Үкіметтің жаңа құрамы жұмыста сабақтастықты сақтай отырып, елімізді дамытудың стратегиялық бағытын іске асыруды жалғастырды. Үкіметтің қызметі “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүйелі әрі мақсатты түрде орындауға бағытталатын болады. Қазіргі таңда Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданып, нақты жұмыстар атқарылды”, деп сөзін бастаған Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылдың негізгі экономикалық даму бағдарламаларында өзіндік белестер бағындырылды. Мәселен, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қалыпты жүзеге асырылуының арқасында елімізде өңдеу өнеркәсібі тұрақты даму даңғылына түсті деуге толық негіз бар. Өткен жылы елімізде инфляция деңгейі 6 пайызды құрапты. Бұл – соңғы 10 жылдың ішіндегі ең төменгі деңгей. Сондай-ақ елімізге сырттан келетін инвестиция көлемі де артқан. 2012 жылы экспорттық бағалау бойынша шамамен 20 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды, деді С.Ахметов. Сонымен қатар, ол жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің мөлшері алдын ала бағалау бойынша 12 100 АҚШ долларын құрағандығын айтып өтті. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес, Ұлттық қор активтері шамамен 32 пайызға өсіп, 57,8 млрд. долларға жеткен.
Үкімет басшысының хабарлауынша, әлемдегі дағдарысқа қарамастан, Қазақстанның өткен жылғы даму көрсеткіштері жаман емес. Бірақ, Елбасы атап өткендей, дағдарыстың салдары әлемде әлі де бәсең алар түрі жоқ. Осыған орай алдағы жылдың еншісіндегі жоспарлар мығым, бағдар айқын болуы тиіс. Үкімет басшысы осы мәселеге де тоқталып өтті.
“Үкімет Сіз алға қойған міндет – еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін барын салатынына сендіргім келеді”, деді Премьер-Министр.
Әлеуметтік мәселелер бойынша әкімшілік реформалардың барысы жайында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев баяндап берді. “Әлеуметтік жаңғырту бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан негізгі бағдарлама – “Жұмыспен қамту” бағдарламасы. Бұл бағдарлама екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар 2,7 млн. адамды құрайды. Бұған қоса, мемлекет тарапынан қамқорлықты қажет ететін әлсіз әлеуметтік топтар да бар екені белгілі. Олардың саны шамамен 2 млн.-ды құрайды. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін біз азаматтарды әртүрлі мамандықтар бойынша қайта даярлықтан өткізу үдерісін өз деңгейінде жүзеге асырып келеміз”, деді Е.Орынбаев.
Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында жүктелген тапсырмалардың бірі елімізде көлік инфрақұрылымын дамыту болатын. Алқалы жиында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.
Кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
“Ақша бар, бірақ
ол игерілмейді”
Елбасы сөзінің басында жаһандық экономиканың қазіргі жағдайы құлдыраудың жаңа тармағының ықтималдылығы жоғары екенін жоққа шығармайтынын атап көрсетті.
“Қазақстан – 2050” Стратегиясының басты қағидаты – кең ауқымды экономикалық прагматизм. Алда тұрған барлық шешімдер Қазақстанның табыстылығы мен инвестициялардың қайтарымдылығы, бәсекеге қабілеттілігі мен ұзақ мерзімді мүдделерін сақтау есепке алына отырып, қабылдануы тиіс. Бұл – экономикалық статистиканың абстрактілі цифрларының өсімі емес, әрбір қалада, ауданда, ауылда немесе селода өмірдің нақты жақсаруы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті “бюджеттік мәдениет” пен қаржыны үнемдеуді есепке ала отырып, Үкімет және кез келген өзге де мемлекеттік органдар қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бастамашылықпен және жауапкершілікпен келуі керектігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жұмысқа жауапсыз қараудың нақты мысалдарын келтірді.
– Өткен жылы жалға берілетін баспана құрылысы үшін республикалық бюджеттен 17 миллиардтан астам теңге бөлінді. Әкімдіктер игермеген қаржы сомасы 2,5 миллиард теңгеге жуықтайды. Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша игерілмеген қаржы көлемі 21 пайызды құрайды. Осымен бір мезгілде, жоспарланған көппәтерлі үйлердің тек 70 пайызы ғана жөнделген. Бұл не сонда? Ақша бар, бірақ ол игерілмейді. Жалгерлік баспанаға кезек бар, ал жоспарланған құрылыс жүргізілмейді. Неліктен бұлай? Өңірлер әкімдері мен Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттік тарапынан нақты кемшіліктер кеткен. Осының салдарынан адамдар зардап шегуде. Бұл жерде дағдарыстың ешқандай кінәсі жоқ. Нақты шенеуніктердің жауапсыздығы мен сылбырлығы кінәлі. Бірінші вице-премьер Өңірлік даму министрі Б.Сағынтаевқа бір ай мерзім ішінде осы проблеманың себебін анықтап, қабылданған шешімдер туралы маған жеке баяндауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев пайдаланылмаған қаржыны оларды табысты игеріп жатқан өңірлерге қайта бағыттау қажеттігін атап көрсетті.
-
Өңірлерге барған кезімде мен жұрттың бәрі тағы да қымбат тұратын үлкен мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы нысандарға әуестене бастағандарын байқадым. Менің жобаларды, құрылыстың ескі нормалары мен ережелерін қайта қарау туралы тапсырмам орындалған жоқ. Сонымен бір мезгілде, 2012 жылдың қорытындылары бойынша, жергілікті бюджеттерде пайдаланылмаған 100 миллиардқа жуық теңге қалды. Бізде күні бүгінге дейін 189 мектеп, 68 денсаулық сақтау нысаны апатты жағдайда тұр. 92 мектепте 33 мың баламыз үш ауысымда оқуға мәжбүр. Тіпті, құрылыстары бюджеттен толықтай қаржыландырылғанына қарамастан, Қызылорда облысындағы перинаталды орталық, Жамбыл және Ақмола облыстарындағы емханалар мерзімінде пайдалануға берілген жоқ. Егер бюджет шығындарын қысуға тура келсе, онда біз барлық жаңа нысандарды тоқтатып, құрылысты орта жолда қалдыруға мәжбүр боламыз. Сондықтан жаңа нысандардың құрылысын бастамауды тапсырамын. Бөлінген қаржылар мен қолда бар ресурстар осы жылдан бастап әлеуметтік нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу мен үш ауысымды мектептер проблемасын шешуге бағытталсын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жаһандық рецессияның ықтимал ықпалына дайындалу қажеттігін атап өтті.
– Мұндай жағдай дағдарысқа қарсы әрекет етудің жақсы тәжірибесі жасалған 2008-2009 жылдары орын алды. Үкімет пен әкімдердің барлық жұмыстарында екі нақты және маңызды мақсаттар дәлме-дәл бөліп көрсетілуі тиіс. Бұл, біріншіден, дағдарыс жағдайында еңбекпен қамтуды, екіншіден, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бүкіл іс-қимылы осы мақсаттарды орындауға жұмылдырылуы, ал жоспарлар мен міндеттерді жүзеге асыру солар арқылы жүргізілуі тиіс. С.Ахметовке бұрынғының баламасы бойынша жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Осы міндетті орындау үшін қаржы көлемін есептеп, олардың көздерін айқындау қажет және маған ақпан айында ақпар берілетін болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өзі жариялаған жаңа саяси бағыт аясында барлығына нәтижеліліктің, бастамашылықтың және қайтарымдылықтың жоғары деңгейімен жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.
– Қарқыны бойынша үдемелі инновациялық индустрияландыру “Қазақстан – 2050” Стратегиясының басты мазмұны. Тек индустрияландыру ғана бізге әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуді қамтамасыз етеді. Зерттеулерге сәйкес, 2020 жылға қарай әлемдегі мамандар тапшылығы шамамен 40 миллион адамды құрайды. Сондықтан елге тек шетелдік инвестицияларды ғана емес, сондай-ақ өзге елдерден аса талантты менеджерлерді де тарту керек. Бізде “Эйр Астана” мен Назарбаев Университеті басшылығы бойынша тәжірибе бар. Бұл туралы бұған дейін де айтылған. С.Ахметов, Ө.Шөкеев бір ай ішінде ұсыныс енгізсін, – деді Президент.
Үш жылда… төрт келісімшарт
Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялардың айтарлықтай бөлігі материалдық активтерге салынып жатқанын атап көрсетті.
– Жоғары өнімді өндіріс құру үшін жаңа менеджмент қажет. “Самұрық-Қазынаның” міндеті – корпоративтік басқаруды жақсарту мен жаңа стратегия құру. Үкіметке, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне қысқа мерзімде Экономикалық ықпалдастық пен даму ұйымы (ОЭСР) стандарттарын енгізіп, бизнестік-ахуалды жақсартудың сондай жолдарын үздіксіз іздеуді тапсырамын. Одан арғы табысты индустрияландыру үшін біз зияткерлік меншікті де сақтауға тиіспіз. Үкіметке өнертабыс пен патенттерді тіркеу ресімдерін жеңілдетіп, осы көрсеткіш бойынша ОЭСР елдері деңгейіне жетуді тапсырамын. Индустрияландырудың негізі екінші буындағы кластерлер болуы тиіс екендігін мен бұған дейін айтқанмын. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетовке үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында Перспективалы ұлттық кластерлер қалыптастыру тұжырымдамасын жасауды тапсырамын. Даму институттары нақ осындай ауқымды үдерістерге ықпал ету үшін құрылған болатын. Өкінішке қарай, “Самұрық-Қазына” холдингінің құрамында тар бейінді инвестицияларға әуестік байқалады. Үкіметке құрамына бүгінде бар барлық мемлекеттік даму институттары мен қаржы ұйымдары берілетін “Дамудың ұлттық агенттігі” акционерлік қоғамын құруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті оларға жер қойнауын пайдалануға мораторийді алып тастау туралы тапсырма берілгенін еске салды.
– Бұл жаңа кен орындарын барлауға инвестициялар тарту үшін қажет. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан қазіргі кезде соңғы орындардың бірінде тұр деуге болады. 1 шаршы шақырымға жылына шамамен 20 доллар жұмсалады. Қытайда – бұл 45 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. Әлемдік деңгейдегі “Рио-Тинто” компаниясы нөлден бастап барлау жүргізу үшін ондаған миллион доллар инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеп, екі жыл бойы инстанциялардың табалдырығын тоздырды, бірақ ештеңеге қол жеткізе алмады. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде келісімшарттар әлі күнге дейін 2-3 жыл бойы ресімделеді. Менің тапсырмам бойынша, 2009 жылы құрылған “Тау-Кен Самұрық” ұлттық компаниясы күні бүгінге дейін жұмыс істемейді. Үш жыл жұмыс істегенде жасағандары төрт келісімшарт қана! Мұнымен не оңады? Менің тағы бір тапсыр мам – “Қазгеология”. Компания стратегиясын үш жыл бойы жасап бітпей жатыр. Ә.Исекешевке үш ай мерзім ішінде саладағы жағдайды түбегейлі түзету үшін нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Жер қойнауын пайдалану құқықтарын ресімдеуді заңнамалық деңгейге дейін оңайлатып, регламенттерді халықаралық нормаларға сәйкес келтіру керек. Үстіміздегі жылдың ортасына қарай маған геологиялық барлау жұмыстарының іс жүзіндегі нәтижелері туралы ақпар берілсін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесте Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың бастапқы сатысының жеті бағытын белгілеп берді.
Инфрақұрылымды жетілдіру – уақыт талабы
Мемлекет басшысы үстіміздегі жылы Үкіметке “Қазақстан – 2050” Стратегиясының бастапқы кезеңін жүзеге асыру үшін бірқатар міндеттерді шешу қажеттігін атап өтті.
– Назар аударсаңыздар, жайлы және сапалы жолдары жоқ мемлекеттерде не бәсекеге қабілетті дамыған өнеркәсіпті база, не перспективалы ғылыми технологиялар, не тұрғындардың жоғары өмір сүру деңгейі жоқ. Егер жақсы жолдар салып үйренбесек, онда өзіміздің стратегиялық мақсатымыздың бірде-біріне жете алмаймыз. Бұдан 10 жыл бұрын Алматы – Астана магистралі жаңғыртылды. Қазір қандай жағдайда? Сапасы қандай? Тағы да бәрі “жамаулы” күйде. Сондықтан автокөлік инфрақұрылымын дамытудың ауқымды жобасына кірісу керек. Астанамен ірі орталықтар – Алматы, Ақтау және Өскеменнің арасын қосу үшін заманауи жол салу аса қажет. Темір жол магистральдары желісін кеңейтуді қатар жүргізу керек. Биыл Жезқазған – Бейнеу мен Арқалық – Шұбаркөл тармақтарының құрылысын бастау аса маңызды. Тағы бір ірі жоба: Астана – Алматы жүрдек пойыздарына арналған темір жол құрылысы айналма емес, тіке Балқаш көліндегі көпір арқылы салынуы мүмкін. Бұл жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Балқаш туристік кластерін дамытуға серпін береді. Үкіметке осы жобаларды биылғы бірінші жарты жылдықтан кешіктірмей, жедел әзірлеуді және ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта Ақтау теңіз порты жобалық қуаты шегінде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
– Үкіметке Ақтау портын кеңейтудің екінші және үшінші кезеңдерінің жобасын іске асыруды жеделдетуді тапсырамын. Ақтау мен Баку арасындағы паром паркін және тасымалды ұлғайтуды ойластыру қажет. Көлік инфрақұрылымын дамытудың жеке жауапкершілігін Премьер-Министр С.Ахметовке, Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевке, “Қазақстан темір жолының” басшысы А.Маминге жүктеймін. Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарын дамыту газ өндіруді арттырады. Осыған байланысты магистральдық құбыр жолдары мен газ тарату желілерінің құрылысын жеделдетудің маңызы зор. “Самұрық-Қазына” қорының жетекшісі Ө.Шөкеевке қолда бар ресурстар есебінен биыл Тобыл – Көкшетау – Астана газ құбыры құрылысын бастауды қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөнінде бірқатар шара қабылдаудың маңызды екеніне тоқталды.
– Біріншіден, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін Орталық – Батыс электрмен жабдықтау жүйесінің “сақиналау” мәселесін шешу қажет. Екіншіден, Үкімет биылғы 1 шілдеге дейін энергиялық тепе-теңдік және “Энергияны сақтау – 2020” арнаулы бағдарламаларын әзірлеп, бекітуі керек. Жылу мен энергияны сақтауда әлемдік тәжірибені ескере отырып, ғимараттар құрылысының жаңа стандарттарын әзірлеуді және енгізуді қарастырудың маңызы зор. Таяу үш жылда электр энергиясын тұтынуды жыл сайын 10 пайыздық үнемдеуді қамтамасыз еткен жөн. Енді Премьер-Министрге бірінші жартыжылдықта атом электр стансасы құрылысының орны мен конфигурациясы шешімінің жобасын енгізуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Автожол инфрақұрылымын дамыту, темір жол магистральдары желісін ұлғайту, шапшаң жүрісті темір жол қатынасы, көлік қатынастары, энергетикалық инфрақұрылым мәселелері атап-атап айтылды.
“ЭКСПО – 2017” – елдік сыны
Мемлекет басшысы “ЭКСПО – 2017” көрмесін өткізуге дайындық жүргізу инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторына айналуы қажеттігін атап көрсетті.
– Біз Астананы таза, энергияны тұтыну жағынан тиімді, “жасыл” қалаға айналдыруға тиіспіз. Елордамыз өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс. Үкіметке және “Самұрық-Қазына” қорына көрмені энергиямен, баламалы энергия көздері есебінен жабдықтау нысандарымен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Мысалы, мұны “Ерейментау” жел паркінің күшімен, нысандарға күн батареяларын орнату және энергетикаға өзге инновацияны пайдалану арқылы жасауға болады. “Самұрық-Қазына” қоры мен Астана әкімдігі биылғы 1 шілдеге дейін елордада “Жасыл орам” құрылысының қанатқақты жобасын әзірлеуі және ұсынуы қажет. “Астана ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы мен Астана әкімдігі ақпанда көрме кешенінің архитектуралық дизайны мен шеберлік-жоспарын әзірлеу жөнінде халықаралық конкурс өткізуі тиіс. Астананың ребрендинг бағдарламасын да әзірлеп, кәсіби және маркетингтік науқан ұйымдастыруы қажет. Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне “ЭКСПО – 2017” көрмесін өткізу тұжырымдамасының жобасын биылғы жылдың екінші тоқсанынан кешіктірмей әзірлеуді және Мемлекеттік комиссияның бекітуіне енгізуді тапсырамын. Осы мәселенің бәрі Көрмені өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бақылауында болуы қажет. Барлық облыс, Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне өңірлік инновациялық жүйе құру жоспарын әзірлеуді және іске асыруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы “ЭКСПО – 2017” мәселесіне байланысты Астанада “Жасыл орам” құрылысын салу, кешенді маркетингтік компания, өңірлік инновациялық жүйелер құру сияқты бірқатар міндеттер қойды.
Аграрлық секторға – айрықша назар
Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне де тиісінше назар аударды.
Мемлекет басшысы 2011 жылы бидайдың түсімі орташа алғанда гектарына 16,6 центнер құрағанын атап өтті.
– Бұл біз үшін рекордтық өнім. Құрғақшылық жылдары ол гектарына 7 центнерге дейін құлдырайды. Астықты жылдары біз бұрыннан белгілі монодақылды шаруашылық жүргізу қаупіне ұшырадық. Қандай қорытынды жасадық? Канадада және америкалық Солтүстік Дакотада, Қытайда климаттық жағдайлары біздегідей өңірлерде – астық дақылдарының түсімі гектарына 25 центнерден асады. Бұл орташа сандар. Неліктен ондағы жағдай зерттелмейді, олардың тәжірибелері неге енгізілмейді? Бірінші вице-премьер – Өңірлік даму министрі Б.Сағынтаевқа ылғал және ресурс сақтайтын технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығын тыңайтқыштармен және өсімдік қорғау құралдарымен қамтамасыз ету мәселелерін жеке бақылауына алуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өзінің малды, оның ішінде қой шаруашылығы мен жайылымдарды кеңейте отырып, жайлауға шығарып бағуды қайта қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасын орындаудың екінші жылға созылып келе жатқанын атап көрсетті.
– Құдықтарды қалпына келтірумен және салумен, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын жаңғыртумен нақты айналысуды тапсырамын. Бүгінде оны ешкім де жасап жатқан жоқ. Министр А.Мамытбеков бір ай мерзім ішінде осы мәселе бойынша есеп дайындап, ағымдағы және алдағы жылдары жайылымдық мал шаруашылығын дамыту бойынша шаралар жөнінде Үкіметке нақты ұсыныстар енгізсін. Егер осындай маңызды түбірлі мәселелерді шешпесек, біз қалайша өз халқымызды тамақтандырып, өзге елдерде өнім сатпақпыз? Бас прокуратура ауыл шаруашылығын қаржыландыруда көптеген бұрмалаушылықтарды анықтады. Бюджет қаржысын талан-таражға салу, негізсіз несиелер беру орын алған. Азық-түлік корпорациясындағы мемлекеттік астық жетіспеушілігінің сомасы жарты миллиард теңге құрады. Премьер-Министр С.Ахметовке Бас прокуратурамен бірге мұқият тексеру жүргізуді тапсырамын. Мемлекет мүддесін қалпына келтіріп, кінәлілерді жазалауды және жүйелі шаралар қолдануды талап етемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы аграрлық секторды несиелеудің тиімді және қолжетімді жүйесі жөніндегі әлі күнге жүзеге аспаған міндетті шешудің қажеттігін атап өтті.
– “ҚазАгро” ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің небәрі 10 пайызын ғана жеңілдікті несиелермен қамтамасыз етеді. Несиелеу мәселесінде батыл секіріс жасау қажет. Сондай-ақ берілген несиелер бойынша қаржылардың қайтарылуын да қамтамасыз ету керек. Бүкіл әлемде несиені қайтармағандар банкротқа ұшырайды. Ал бізде оларды төлеу жылдан-жылға созыла береді. Олай болуға тиіс емес. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдері, “ҚазАгро” және “Атамекен” Ұлттық палатасы үшін басымдықты міндет, – деді Қазақстан Президенті.
Бизнеске басымдық берілсін
Елбасының сөзінде шағын және орта бизнесті дамытудың жолдары ретінде бақылаушы органдардың тәуекелдерді басқару жүйелерін жетілдіру, стратегиялық емес кәсіпорындарды жекешелендіру, тиісті бизнес инфрақұрылымдар құру мәселелері қозғалды.
Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес саласындағы тексерулерді қысқарту қажеттігін тағы да еске салып өтті.
– Бұл салада оң нәтижелер бар. Осылайша, соңғы үш жылда салықтық тексерулер саны, нәтижелілікті 98%-ға арттыра отырып, 4 есе қысқарды. Дегенмен, мемлекеттік органдардың бәрі бірдей тиісті деңгейде қайтадан құрылып жатқан жоқ. Мәселен, 2012 жыл ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі және Санэпидқызмет органдары 260 мың тексеру жүргізді. Осы жағдайда жыл ішінде СЭС-тің жоспарлы тексерулері – 10%-ға, ал ТЖМ-дікі жеті есе артты. Олар қаншалықты қажет еді? Нәтижелілікке кім талдау жасайды? Оңтайландыру және тиімділік жөніндегі ұсыныстар қайда? Бас прокуратура тексерулерді тіркеу жүйесін дамытты. Жақсы мәліметтер бар. Үкіметке бір ай мерзімде Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған органдар тексерулеріне ревизия жүргізуді тапсырамын. Бақылаушы органдардың тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс та тығырыққа тірелді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Стратегияда жекешелендірудің екінші толқынын бастау міндеті қойылғанын атап көрсетті.
– Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі 243 мың шаршы метр орынжайларды жалға береді. Ал бізде балабақшалар мен мектептер жетіспейді, оларды салуға жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсалуда. Тағы мыңдаған шаршы метрлер түрлі республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен ведомстволық акционерлік қоғамдарда “жатыр”. Нені балабақшалар мен мектептер үшін беруге болатынын, нені жеке секторға беру үшін саудаға шығару керектігін анықтап, нақты айтуды Қаржы министрі Б.Жәмішевке дербес тапсырамын. Үкімет стратегиялық емес кәсіпорындарды жекешелендіруді биылғы жылдың өзінде бастауы тиіс. Бұл жұмыс “Атамекен” одағымен бірлесе жүргізілуі керек. Қазірдің өзінде жақсы беделге ие бизнесмендер жаңа меншік иелеріне айналуы тиіс. Премьер-Министр С.Ахметовке осы жұмысқа басшылық жасауды тапсырамын. Нақты Жол картасы қабылдануы керек. Картаның тұсаукесерін біз “Атамекенмен” кезекті кездесуде наурызда қараймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі мен міндеттерін түбірімен қайта қарау қажет екенін атап көрсетті.
– Олар бизнес бастамаларды қолдауды қамтамасыз етуге бағдарланған толыққанды өңірлік даму институттарына айналуы тиіс. Үкіметке “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, қатты пайдалы қазбалардың қандай кен орындарын және олар бойынша бұрын бекітілген келісімшарттарды “Таукен-Самұрық” компаниясына беріп, қайсыларын ӘКК-ға қалдыру керектігі жөнінде бірлескен шешім қабылдауды тапсырамын. Жекешелендірудің жаңа толқынында, көші-қон саясатын қайта қарауда белгіленген ӘКК-тің жаңа міндеттерін ескере отырып, “Бизнестің жол картасы – 2020”-ны көкейкестілендіру қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті тікелей өңірлерде жаппай дамытудың шешуші маңызға ие екенін атап өтті.
– Жергілікті атқару органдары мен бизнес-ассоциациялар мұнымен жеткілікті дәрежеде айналыспайды. Әрбір жаңа бастаған немесе өсуге ниетті кәсіпкер үшін бизнесті дұрыс жүргізу курсы, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы ақпараттар алу қолжетімді болуы тиіс. Бізде өзіміздің шағын және орта кәсіпорындар менеджерлерін шетелдік компанияларда оқыту тәжірибесі бар. Осы жүйені дамыту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қаржы жүйесі нығайтылсын
Экономиканың барлық секторларын, әсіресе, инфрақұрылымды үдемелі дамыту үшін, сондай-ақ кәсіпкерлікті жаппай дамытуға қолдау көрсету үшін “ұзақ” және қымбат емес қаржы ресурстары қажет, деп атап өтті Қазақстан Президенті.
– Ол үшін зейнетақы жүйесін жетілдіру аясында оған барлық жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының есепшоттарын бере отырып, Бірегей зейнетақы қорын құру қажет. Мұндай шоғырлану және оларды Ұлттық банктің бақылауымен басқару біздің азаматтарымыздың жиналымдарын неғұрлым тиімді және қауіпсіз пайдалануға жағдай жасайды. Олардың бір бөлігін банктерді нарықтық қорландыру арқылы нақты экономиканы несиелеуге, индустрияландыру мен кәсіпкерлікті дамыту мақсаттарына көмектесуге бағыттау қажет. Осы мақсаттар үшін құнды қағаздар нарығы арқылы сақтандыру нарығының ресурстарын да тарту керек. Бір ай мерзімде Үкімет пен Ұлттық банктен барлық тараптардың мүдделерін сақтай отырып аталған саланы “жандандыруға” бағытталған нақты ұсыныстар күтемін. Мен Ұлттық банкке екінші деңгейлі банктерді проблемалы несиелер мен активтерден тазарту жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырдым. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Енді банктер және бүтіндей елдің қаржы жүйесі бұдан әрі қалай жұмыс істейтінін шешу қажет. Ұлттық банкке ақпанның соңына дейін Үкіметпен және “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп келісілген шешімдер енгізуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономиканың нақты секторына тартудың жұмыспен қамту саласындағы стратегиялық міндет екенін атап көрсетті.
– Бұл бағытта әзірге алға басушылық солғын байқалуда. Өткен кезеңмен салыстырғанда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үлесі небәрі 1,2 пайызға ғана азайды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп осы саладағы ахуалға талдау жасап, тиімді шешімдер табуы керек. Ішкі істер министрлігіне заңсыз сыртқы көші-қонға бақылау жасау және қарсы тұру жөніндегі жұмыстарды күшейту маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Әлеуметтік жаңғырту әлеуеті
Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытудың маңызды стратегиялық мәселе екенін атап өтті.
– Біз таяуда ғана Жамбыл облысындағы дүлей дауылдың куәсі болдық. Жүздеген жеке тұрғын үйлерге нұқсан келді. Адамдар зардап шекті. Зардап шеккен барлық жамбылдықтарға жанашырлық тілектестігімді білдіремін. Мемлекет сіздерді қиыншылықта қалдырмайды, қалпына келтіру жұмыстарында кең көлемді көмек көрсететін болады. Барлық дамыған елдерде табиғат апаттарынан сақтандырудың тиімді жүйесі бар. АҚШ жылына бірнеше дауылдарды бастан өткізеді, бірақ оның зардаптары шұғыл түрде еңсеріледі. Ол мемлекет қаржыларына айтарлықтай шығын келтірмейді, өйткені онда сақтандыру жүйесі бірден жұмысқа кіріседі. Осы тәжірибені Қазақстанда енгізуге кім кедергі келтіреді? Үкімет осы мәселені шешуді жеделдетіп, биылғы жылдың өзінде-ақ қажетті шаралар қабылдауы керек. Жұмыстың осы бағыты үшін жауапкершілікті вице-премьер Е.Орынбаевқа жүктеймін. Әлеуметтік саланы – білім беруді, денсаулық сақтауды, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қорғауды – стратегиялық дамытудың барлық қырлары бүгінде әзірленіп жатқан Әлеуметтік дамудың жалпыұлттық тұжырымдамасында көрініс табуы тиіс. Президент Әкімшілігіне әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі менің тапсырмаларымның орындалуына бақылау жасауды күшейтуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Әкімшілік реформа – уақыт талабы
Қазақстан Президенті әкімшілік реформасы шеңберінде басқару функцияларын орталықсыздандыру жөнінде жұмыстар жүргізу қажеттігін атап көрсетті.
– Азаматтардан еңбекақыларының төленбеуі туралы өтініштер негізінен әкімдерге келіп түседі. Олар үш жақты комиссия шеңберінде ол үшін жауап береді. Дегенмен, жұмыс берушілерге ықпал етудің заңды тұтқалары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бөлімшелерінің құзырында, олардың штаттық саны үш жүз бірліктен асады. Осы ресурсты неге жергілікті деңгейге бермеске? Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов басқаратын Әкімшілік реформа мәселелері жөніндегі комиссия осы мәселеге мұқият қарауы тиіс. Орталықсыздандыру мәселелеріне тар ведомстволық көзқарас талпыныстарының жолын батыл түрде кесу қажет. Функциялар, штаттар мен қаржылар әкімдерде болып, министрлік олардың орындалуын анағұрлым зор экономикалық ресурстармен бақылауы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы үстіміздегі жылы Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың басталатынын атап өтті.
– Қажетті заңнамалық база әзірленді. Бүгінде Қазақстанда 2522 ауылдық әкімдік бар. Олардың 193-і аудан орталықтарында, болмаса аудан орталығына немесе қалаға тікелей жақын жерлерде орналасқан. Мұндай жағдайларда барлық мәселелерді аудандық әкімдіктер табысты шеше алады. Мұндай қосарлануды тоқтату қажет. Сол сияқты басқа да қолдан жасалған проблеманы шешу керек. Бізде 90 ауылдық округ өздері бағынышты қалалар мен орталықтардан өте алыс орналасқан. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа бір ай мерзімде талдау жасап, Әкімшілік реформа жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ мемлекеттік басқарудың орталық деңгейін одан әрі институттық басқару жөнінен бірқатар шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетті.
– Стратегиялық жоспарлау жөніндегі жұмыстарды күшейтудің маңызы зор. Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттік құру мәселесін қарастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті “Нұр Отан” партиясының орталық аппаратына облыс әкімдерімен бірлесіп партияның өңірлік филиалдары жұмысының тиімділігін түбегейлі арттыру қажеттігін атап өтті.
– Жұмыстың кабинеттік стилінен бас тартып, адамдардың нақты проблемаларын көтеріп, халыққа жақындай түсу қажет. Алда тұрған ауылдық әкімдердің аудандық мәслихаттар арқылы сайлауын ескере отырып, партияның аудандық филиалдарын, соның ішінде материалдық тұрғыда да, күшейтумен тығыз айналысу қажет. Олардың кейбірінің әлі күнге дейін өз ғимараттары жоқ. Әкімдер лайықты өңірлік партия мүшелерін жергілікті органдардағы басқарушылық лауазымдарға жылжыту жұмыстарын нашар жүргізеді. “Нұр Отан” партиясы билікті халықпен барынша жақындастыра түсуі керек. Ол жергілікті жерлердегі нақты іс жағдайы, азаматтар мен мемлекеттік органдардың көкейкесті проблемалары туралы шынайы ақпараттардың тәуелсіз қайнар көзіне айналуы тиіс. Партияның қоғамдық қабылдау жұмыстарына Парламент депутаттары ғана емес, министрліктер мен ведомстволар басшылары да атсалысуы қажет. Партияның Саяси Бюросының отырыстарында мемлекеттік бағдарламалар мен Сайлауалды тұғырнаманың орындалуы туралы әкімдердің, мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдауды тәжірибеге енгізуі керек. “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратына осы мәселелердің шешім табуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа көмектесуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ел алдына қойылған жоғары мақсаттарға табысты қол жеткізілетініне сенім білдірді.
Келелі кеңес аяқталды. Елбасы сөзі көп ойға жетелейді. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – аса ауқымды жоспар, айрықша жауапты жоба екендігі тағы да айшықты айтылды. Әлемдегі ең жоғары дамыған 30 елдің қатарына қосылу дегеннің қандайлық қиын міндет екенін, ол мақсаттың үдесінен шығу үшін осы бастан бөлекше жауаптылық, бөлекше сауаттылық таныту керектігін ескертті Елбасымыз. Атқарушы биліктің Президент алға қойған мақсаттың жүгін де, жауапкершілігін де сергек сезінеріне сенгіміз келеді.
“Егемен Қазақстанның” тілшілер тобы.
(“Егемен Қазақстан”, 2013 жылғы 24 қаңтар).
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.