«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК СПОРТШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ішкі әскер Әскери институтында жылдың үздік споршыларын құрметтеу кеші өтті.

 баспасөз хатшысы.

Руслан ЖАНГУЛИН,

 Әскери институттың баспасөз хатшысы.

Былтырғы жылы әскери оқу орнының спортшылары облыс көлеміндегі жарыстармен қатар, республикалық және халықаралық аренаға шығып, жоғары жетістіктерге қол жеткізе білді.

Әскери институттың тарихында өткен жылдың жарқын жетістігі деп дене шынықтыру дайындығы және спорт кафедрасының оқытушысы, лейтенант Айбек Қырықбайдың Алматы қаласындағы қоян-қолтық ұрыстан болған әлем чемпионатындағы тамаша жеңісін айтуға болады. Бұған қоса, Айбек былтыр қоян-қолтық ұрыстан Республикалық ұлан қолбасшысының жарысында өз салмағында топ жарса, дәл осындай сында Ішкі әскер қолбасшысы сайысының жүлдегері атанды. Сондай-ақ самбодан Ішкі әскер біріншілігінің жеңісі де Айбектің еншісінде болды. Қазақша күрестен екінші жыл қатарынан “Қызылжар барысы” атанған сардар ел көлеміндегі аламанда өңір намысын қорғады.

 

Моңғолия елінде өмірге келген Айбек джиу-джитсу мен қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған, сонымен бірге ол самбо, дзюдо, әскери самбо және қазақша күрестен спорт шебері болып табылады. Қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатындағы жеңісі үшін Айбек Ішкі әскер мен арнайы мақсаттағы “Бүркіт” бөлімшесі жауынгерлерінің қайсарлық пен ерлік белгісі – күрең беретті кию құқығына ие болды.

Сөйтіп, 2012 жылдағы тамаша жетістіктерінің арқасында Қырықбай Әскери институттың үздік спортшысы атанды.

Ішкі әскердің 10-шы спартакиадасының қорытындысы бойынша институт құрамасы екінші орынға табан тіреді. Спорттың гір қоссайысы, нысанаға ату және самбо сынында команда – үшінші, әскери үшсайыс пен жеңіл атлетикалық кросс жарысында екінші нәтиже көрсетті.

Гір көтеру сайысында кіші сержант Денис Колесников Ішкі әскер жеңімпазы атанса, подполковник Ринат Сайфудинов “АК-3” жаттығуында қатарынан бірнеше жыл ешкімге дес бермей келеді. Кезекті мәрте самбо жарысында Айбек Қырықбай алдына жан салмаса, курсант Қуаныш Бейсенәлиев жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Әскери үшсайыс пен жеңіл атлетикалық кросс сайысында курсанттар Рахат Тілеулин, Нұрдәулет Түлешев пен Батырхан Әшірбеков “Ф-1” гранатасын қашықтыққа және дәлдікке лақтыруда, кедергілер арқылы жүгіру мен 5 шақырымдық марш жарысында жақсы нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан орын алды.

Спорттық-бұқаралық жұмыс байқауының қорытындысы бойынша Әскери институт Ішкі әскерде үшінші орынды еншіледі.

Облыстық “Динамо” спорт бірлестігінің жарыстарында институт құрамасы спорттың барлық түрі бойынша өнер көрсетеді. Өткен жылы самбо, шаңғы сайысы және волейбол сынында әскери оқу орнының командасы бірінші орынға ие болса, гір спорты мен президенттік сайыста үшінші нәтиже көрсетті. Шаңғы сайысында сержант Бақыт Жангулин жеңіске жетсе, старшина Гүлшан Ибрагимова жүлдегер атанды.

Былтыр институттың бөлімдері, кафедралары мен қызметтері арасындағы спартакиада да қызықты әрі тартысты өтті. Бұл сында басқарма құрамасы жеңіс тұғырының бірінші сатысынан орын алса, оқу бөлімшелері арасында 4-оқу ротасы қарсыластарына дес бермеді. Ал дене шынықтыру дайындығы және спорттық-бұқаралық жұмыс қорытындысы бойынша бірінші орынға бірінші оқу ротасы ие болды.

Спортшыларды құрметтеу кешінде үздіктерді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының, “Динамо” спорт бірлестігінің өкілдері мен Әскери институттың ардагер спортшылары құттықтады. Жеңімпаздарға деген өзінің жылы лебізін кикбоксингтен әлем чемпионы, аға лейтенант Самат Қадырбеков те жолдады.

Кешті қорытындылаған институт бастығының орынбасары – штаб бастығы, подполковник Евгений Логин әскер мен спорт тығыз байланыста екенін айтып, спортшыларға алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруда сәттілік тіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp