Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Нұрлан Алпысов 2012 жылдағы жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. 12 айда 53 тексеріс жүргізіліп, 868 заң бұзушылықтың орын алғаны белгілі болған. Прокурорлық әрекет ету актілерін қарастыру нәтижесінде 30 тұлғаның конституциялық құқығы қорғалып, 18 заңсыз құқықтық актінің күші жойылды. Сыбайлас жемқорлық әскери бөлімдер мен мекемелерді де айналып өтпеген. Соған жол берген 6 әскери қызметші жұмыстан босатылды. Мәселен, “Бидайық” шекара бақылау бөлімшесінің қызметкері М.Қатаевтың заңсыз әрекет етуі салдарынан Ресей азаматының елімізде мерзімі өтіп кеткен миграциялық картамен болғаны анықталған. Бақылаушының жемқорлыққа құныққаны соншалық – ол тек сәуір айында 16 рет осындай теріс әрекетке жол берген. Заңды белшесінен басқан Г.Бірманов, А.Жапаров пен С.Горошко да М.Қатаевпен бірге әскери қызметтерімен қош айтысты. Төртеуі қарсы шағым білдіргенімен, Қостанай гарнизонының әскери соты кінәлілердің қайта жұмысқа тұру жөніндегі талабын қанағаттандырмапты.
Бұл салаға бөлінген мемлекеттік бюджет қаржысы да талантаражға салынған. №6637, әскери бөлімінде және ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтында мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптары өрескел бұзылған. Оған жол бергендер жауапқа тартылып, 2 миллион теңгеден астам қаржы мемлекетке қайтарылған. Әскери институт пен №6637 әскери бөлімінде жасырын сауалнама жүргізіліп, сарбаздар мен курсанттардың көп жағдайда аш қалатыны белгілі болған. Мәселен, ас мәзірінде көрсетілген норма бұзылып, тамақ мөлшерден аз бөлінген. №6637 әскери бөлімінің асханасындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай үстінен бақылау жүргізілмеген, сараптама қорытындысы бойынша ыдыс-аяқтан бактериялар табылған. Бұл факті бойынша кінәлілер әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ бұл бөлімде тағам нормасы сақталмаған, әрі ас мәзірі немқұрайды жасалып келген. Сөйтіп, мемлекеттің 14 миллион теңгенің қаржысы жымқырылған көрінеді. Әскери прокуратура осы фактіге орай №6637 әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғап отыр. ҚР ІІМ Ішкі әскері комитетіне жоғарыда айтылған кемшіліктерді жою жөнінен прокурорлық әрекет ету актілері енгізілгенімен, жағдай сол қалпында қалып, кінәлі лауазымды тұлғалар жазасыз қалуда. Әскери бөлімді тағаммен қамтамасыз ететін “Билайф” ЖШС де өз міндеттемелерін дұрыс атқармай, шарт талаптарын бұзған. Әскери институтта да курсанттардың тамақтануын ұйымдастыруда кемшіліктер байқалған. Тағамның ас мәзірінде курсанттар тамағы аз мөлшерде болып отырған. Бұл фактілер бойынша тергеуге дейінгі тексеріс тағайындалып отыр.