Қала көшелеріндегі құдық қақпақтарының ұрлануы тыйылар емес. Ұрыдан ұят кетсе, құдық қақпағынан айрылады. Қазақтың мақалын бүгінде осылай түрлендіруге тура келіп тұр. Жоғалған қақпақ табылар, алайда қыршынынан қиылған адам өмірі қалпына келтірілмейтіні өкінішті. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде оңы мен солын танып үлгермеген бүлдіршіндердің соңғы уақытта бірінен кейін бірі ашық жатқан кәріздік құдықтарға түсіп, қайтыс болуы қабырғаны қайыстырады. Тұрғындар қайғылы оқиғаларға жергілікті билікті кінәлайды, ал биліктегілер коммуналдық қызметтің жұмысын сынаса, ондағылар қақпақ ұрлап сатуды әдетке айналдырған үй-күйсіз жандарды айыптайды. Бір қызығы, құдық қақпағын қаңғыбастар ғана қолды қылып жүрмегенге ұқсайды, қымбат коттедж салатындар да кейде сараңданып, жол бойындағы қақпақтарды алатынды шығарған.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
журналист.
Өткен жылы Теміртау қаласының екі жасар тұрғыны Егор Хмиль кәріз құдығының шала жабылған қақпағын басамын деп түсіп кеткен. Сәбиін құтқармақшы болып, артынан анасы да құдықтағы суға секірген, бірақ жерасты арқылы өтетін құбыр баланы алып кете барды. Сәбидің денесін құтқарушылар екі күн өткенде әзер тапқан еді.
Тағы бір қайғылы оқиға Семейде тіркелді. Аулада ойнап жүрген алты жасар Артем Новиков үйіне келмеген соң ата-анасы іздеу салған. Тәртіп сақшылары төрт күн бойы қаланы шарлады. Тек бесінші күні ғана Бозтаев көшесінің бойындағы қақпағы жоқ, іші қоқыс пен суға толы кәріз құдығынан тапты. Ойын баласы абайсызда аяғын шалыс басып, ашық құдыққа түсіп кеткен екен. Мұндай оқиғалар тізе берсе, жетерлік.
Өкінішке қарай, біздің облыс орталығында да ашық-шашық жатқан құдықтар аз емес. Бір ғана мысал: Тоқсан би мен Алматы көшелерінің қиылысында екі бірдей құдық қыс басталғалы қақпақсыз жатыр. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары коммуналдық қызметтерден қайыр болмаған соң өздері ескі-құсқы жиһаз бөлшектерімен жауып қойған. Дәл осындай жағдай қаланың шеткі бөліктерінде де көп. Басқа іс түспеген соң істеліп жатқан жұмыс мардымсыз, әрине.
– Біздің кооператив қарамағындағы төрт үйдің ауласында жиырмадан астам кәріз құдығы бар. Осы жазда соның үшеуінің қақпағын ұрлап кетті. Жауапты кәсіпорын, яғни “Қызылжар суға” хабарластық. Біздің қолымыздан келері сол ғана. Кейбірін он шақты күн өткен соң ғана жапты. Он күн ішінде сол жермен мыңдаған адам өтеді, аулада қаншама бала ойнайды. Екінші мәселе, жаңа полимер қақпақтардың өлшемі өзгешелеу, сондықтан құдықтың қақпақ келетін ернеуін де ауыстыру керек. Ал оны қазып жатпайды, бос қоя салады. Бос жатқан дүниені тағы біреу көтеріп кетеді ғой, – дейді “Халықтар достығы” пәтер иелері кооперативінің төрайымы Нина Груздюк.
Петропавл қаласында тек “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарамағында 11 мыңнан астам құдық бар екен. Олардың 6 мыңы – кәріз, ал қалған 5 мыңы – таза су құдықтары. Қаланы сумен қамтамасыз етуші компанияның техникалық директоры Ержан Құсымбаевтың айтуынша, қақпақсыз жатқан қауіпті құдықтарды жабу жұмыстары үздіксіз жүргізілетін көрінеді. Бірақ ұрылардың артынан үлгере алмай жатқан жайы бар. Мысалы, өткен жылы жаңа 800 полимер қақпақ сатып алған екен. Жыл аяқталмай жатып-ақ олар бітіп қалыпты.
– Біздің кәсіпорынның қарамағындағы 11 мың құдықтан басқа, жылу беруші компания мен ағын суға жауапты кәсіпорынның да құдықтары бар. Соңғы екі-үш жыл шойынның орнына полимер қақпақтар жауып жатырмыз. Ұрлық сәл де болса азайды, дегенмен тоқтаған жоқ. Тек былтырдың өзінде 800-ден астамын ауыстырдық. Бір полимер қақпақтың құны 10 мың теңгеге жақын, ал шойын қақпақ – 14 мың. Демек, 8 миллион теңгедей шығын көріппіз. Ал 2011 жылы жаңадан 1020 қақпақ орнаттық. Осындай ұрылардың кесірінен компания шығынға белшесінен батып отыр, – дейді Ержан Құсымбаев.
Коммуналдық қызмет басшыларының айтуынша, құдық қақпақтарын қаңғыбастар ғана ұрламайды екен. Соңғы жылдары жеке коттедж салған тұрғындар ауласындағы қалдық су құйылатын құдықтарды жабу үшін жымқыратынды шығарыпты. Сондай-ақ құрылыс компаниялары да осындай ұрланған қақпақтарды арзанға сатып алуды әдетке айналдырған көрінеді. Бірақ әзірге полицейлердің қолына тек үй-күйсіз жүрген жандар ғана түсуде.