«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫРТЫН КАЗИНО АНЫҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаржы полицейлері облыс орталығында заңсыз ойын бизнесіне қатысты тағы бір фактіні әшкереледі. Астана көшесі бойындағы “Азия” дәмханасында астыртын жұмыс істеп келген казино анықталып отыр. Осыған орай облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде брифинг өтті.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

1980 жылы туған казино ұйымдастырушысы 17 жасынан ойын бизнесімен айналысып келген. Петропавлға келіп, казино ашқанына бір ай уақыт болмаған. Қаржы полицейлері келген кезде клиенттерімен ойынды қыздыра түскен. Дәмхана ғимаратынан 3 америкалық покер және бір рулетка үстелі, 2586 фишка және 300 мың теңгеден астам қаржы табылды.

Кейін күдіктінің айтуынша, ол ойынды ұйымдастырушы ретінде әр клиенттен кемінде 50 доллардан алып тұрған. Казинодан күнделікті орташа түсетін табыс 200-300 долларды құраған. Ұсталған азамат пайданың бәрін дәмхана ғимаратын жалдағаным үшін жұмсадым деп, өз кінәсін мойындап отыр. Ол казино құрал-жабдықтарын, яғни үстелдерді Алматы және Қызылорда қалаларынан сатып алған.

Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Нұрлан Жахиннің айтуынша, қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеуге дейінгі тексеріс жүргізілуде, соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Егер ер адамның кінәсі расталса, ол қомақты айыппұлға тартылуы немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp