«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДА КӨШТІҢ СОҢЫНДАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өңіріміздегі кәсіпкерлікті дамыту жұмысының өткен жылғысы қорытындыланды. Есепті кездесуге қала және аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен аталмыш салаға жауапты бөлімдердің басшылары қатысты.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Ольга Цымбалюктің айтуынша, Индустрияландыру картасына 31 инвестициялық жоба енгізілген болса, оның 26-сы жүзеге асырылған. Ал қалған бесеуі үстіміздегі жылдың еншісіне қалған. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша өткен жылы өңірімізге 928,4 миллион теңгенің трансферті бөлінген көрінеді. Осы орайда өңірлік үйлестіру кеңесі кәсіпкерлік субъектілерінің 163 өтінішін мақұлдаған. Аталмыш бағдарламаның белсенді қатысушылары ретінде Мамлют, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың кәсіпкерлері аталса, енжарлар – Есіл және Тимирязев аудандарында.

 

Кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігі оның шығарған өнімінің, атқарған жұмысының, көрсеткен қызметінің әлемдік талаптарға сай болуына тікелей байланысты болса, өңіріміздегі 104 кәсіпорын ғана менеджмент жүйесін халықаралық стандарттарға сай сертификаттаған. Бұл орайда Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Аққайың, Қызылжар аудандарының кәсіпорындары белсенділік танытса, Ақжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Шал ақын аудандары қалыс қалған. Өңірімізде белсенді субъектілердің өсу деңгейі 90,2 пайызды құрап отыр. Ал республикалық орташа көрсеткіш – 90,4 пайыз. Осының салдарынан облыс 15-орынға тұрақтаған.

Ольга Цымбалюк облыстық көрсеткіштің мұнша төмендеуі жеке кәсіпкерлер санының 2,6 пайызға азаюынан болды, дейді. Жұмыспен қамтылғандар саны 0,6 пайызға өскенімен, облыс 14-орында тұр. Өнім шығару 92,6 пайызға жеткенімен, облыстардың арасында өңіріміз тағы да 15-орында.

Өңіріміздің соңғы орындардан көрінуіне шаруа қожалықтары және фермерлік шаруашылықтардың дәнді дақылдарды, ұнды, рапс майын, жемазық пен кебекті, сүт өнімдерін шығару көлемін азайтқаны басты себеп екен. Аудандар арасында шағын кәсіпкерліктің белсенділігі Қызылжар ауданында байқалса, Тимирязев ауданы көш соңында. 2011 жыл бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың инновация саласындағы белсенділігі облысымызда 2,4 пайызды құрап отыр. Бұл – республика дағы ең төмен көрсеткіш. Статистика органдарының мәліметіне сүйенсек, аудандарда инновациясы бар кәсіпорындар мен ұйымдар жоқ. Үстіміздегі жылы шағын кәсіпкерлік 8635 жаңа жұмыс орнын ашқан. 1224 жаңа жұмыс орнын ашқан Қызылжар ауданы көш бастап тұр. Ал Ақжар ауданында тек 82 жұмыс орны ашылған. Бір атап өтерлігі, мемлекет бюджетіне түсім көлемі 49,7 миллиард теңгеге жетсе, оның 29,2 миллиард теңгесі тағы да орта және шағын кәсіпкерліктің үлесінде.

Қайрат Бекенов көш соңында жүрген аудандардың өкілдерінен мән-жайды сұрады. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласына жауапты аудан әкімдерінің орынбасарлары да, бөлім басшылары да атқарып жатқан жұмыстарынан хабарсыз, не өз міндеттеріне салғырт қараған болып шықты. Облыстың аталмыш сала бойынша соңғы орындарда тұруы осыдан-ақ түсінікті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp