«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП ДАСТАРҚАНЫНДАҒЫ БАЛ мен СҮТ ұрпақ саулығын нығайта түсуге тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда 2008 жылдан бері “Мектеп сүті” бағдарламасы қолға алынса, 2009 жылдың қараша айынан бастап мектеп оқушыларының тамақтану мәзіріне бал енгізілді. Содан бері тамақтанудың негізгі рационына қоса оқушыларға бал мен сүт беру игі дәстүрге айналды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Күннің тең жартысын мектеп қабырғасында өткізетін оқушылар үшін мектеп екінші үйіндей. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын оларға мектеп білім ордасы ғана емес, бала денсаулығының қалыптасу орталығы. Облыста ай сайын мектеп оқушыларының тамақтануына да қатысты мониторинг жүргізіледі. Өңірімізде өткен жылы 559 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп, ондағы 71793 оқушының 66670-і ыстық тамақпен, оның 25903-і немесе 39 пайызы тегін аспен қамтылған. Дәл қазір облыс мектептерінде 559 асхана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мектеп ошақтарында дәм арқылы таралатын аурулардың алдын алу үшін тағамның сапасына, мектеп оқушыларының арасында қант диабеті мен йод, фтор, темір, өзге де микроэлементтерді қажет ететін түрлеріне көп көңіл бөлінуде.

 

Әрине, мектеп-интернаттарда жатып оқитын балалар үшін білім ордасы туған үйіндей. Өңіріміздегі осындай оқу орындарының бірі – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат. Аталмыш мекеменің мысалында оқушылардың тамақтану үдерісіне үңілуді жөн көрдік.

Интернатта 474 оқушы білім алады екен. Соның 280-і интернатта жатып оқиды. Яғни, күніне 5 мәрте 280 баланы тамақтандыратын мектеп-интернат барлық жағынан сақадай сай болуы тиіс. Санитарлық нормаларды айтпағанда, осыншама баланың сапалы, кешенді тамақтануы үшін жүйелі түрде жасалған ас мәзірі болуы және ол міндетті түрде орындалуы керек. Өз басым бұл мектепте өмірімнің 9 жылын өткізгендіктен, алтын ұя мектебімнің тағамының дәмі әлі де есімде. Сол кезден бері интернат білім жағынан алда, балалардың жатын орындары да ыңғайлы. Ас мәзірі болса айтарлықтай өзгерген. Соңғы жылдары ас мәзіріне бал мен сүт енгізілді. Күнделікті ас мәзірін қадағалаушы, оны құрастырушы мейірбике Гүлжан Басанованың айтуынша, балаларды құнарлы әрі пайдалы тағамдармен тамақтандыру гимназия-интернаттың басты қағидаларының бірі. Ол үшін айына екі рет ас мәзірі жаңартылып тұрады.

– Интернатта оқушылар 5 мезгіл тамақтанады. Таңғы ас, бірінші қоңыраудан кейінгі түстік, түскі ас, кешкі сағат 4-5 аралығындағы бесіндік және кешкі ас беріледі. Түстіктерде сүт, шырын, жеміс-жидек, әртүрлі нан-тоқаштар беріледі. Аптаның әр күнінде әртүрлі тағамдар беру дәстүрге енген. Мәселен, бір күні – балық мәзірі, келесі күні – көкөніс мәзірі. Ас мәзірі өңіріміздің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне орай жасалады. Күніне балалар 3-4 мың калориясы бар тамақты тұтынуы тиіс. Етті тағамдарды молынан беруге тырысамыз. Мәселен, күз және көктем айларында әртүрлі жұқпалы аурулар таралатын уақыт болғандықтан, міндетті түрде сарымсақ пен лимон салған шай беру игі дәстүрге айналған. Сол арқылы балалар арасында тұмау ауруының алдын алуға тырысамыз. Күнделікті балды қолдану да балалар иммунитетін күшейтуге өз септігін тигізуде, – дейді Гүлжан Сағындыққызы.

Жыл бойы аталмыш интернат 70-80 килограмм бал тұтынады екен. Бал облыстық бюджеттің есебінен омарташы кәсіпкерлерден сатып алынады. Бізге де балдан ауыз тию мүмкіндігі туды. Балдың дәмі тіл үйіреді. Десе де, балалар арасында бал айтарлықтай үлкен сұраныс тудырмайтынын медбике жасырмады.

– Қазіргі балалар керісінше пайдалыдан қашқақтайтыны жасырын емес. Көкөністен жасалған тамақтарды таңдап жиді. Кейбірі балықтан жасалған тағамдарды аузына да алмайды. Ас мәзіріне балды пайдалана бастағаннан-ақ балалардың арасында мұрындарын тыржитқандары кезікті. Десе де, уақыт өте балалар дастарқан басында тұрған балға да үйренді. Балды тек балға аллергиялық дерттері бар балалар ғана тұтынбайды, – дейді ол.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңіріміздегі бастауыш сынып оқушыларының 69,1 пайызы (436), облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 71 пайызы балмен қамтамасыз етілген. Әр балаға 20 грамм мөлшерінде бал тегін беріледі. Сондай-ақ облыс орталығының мектептерінде балдан жасалған кондитерлік бұйымдар мен сусындар да қосымша ретінде беріледі. Аудан мен ауыл-аймақтарда оқитын балалар да бұл тағамнан құр қалған емес. Осылайша өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға бағытталған бұл үрдіс өз нәтижесін беруде. Балаларының сабаққа ынталылығы артып, күн-ұзақ сергек жүруі мен тыныс алу органдарының өткір ауруларына шалдықпауын байқаған ата-аналар алғыстарын білдіруде.

“Мектеп сүті” бағдарламасына сәйкес облысымызда 128 мектеп, 14102 оқушы, оның ішінде 11697 бала сүтті тегін алады. Оның 42,8 пайызы – бастауыш сыныптарда оқитын балалар және 100 пайызы – аз қамтылған отбасылардың балалары. Петропавл қаласының бастауыш сынып оқушыларының ас мәзіріне сүт 200 грамм мөлшерінде енгізілген.

Бастауыш сыныптың оқушылары сүтті күнде ішеді. Осылайша тамақтану арқылы өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуды көздеген білім мекемелері бал мен сүтті мектеп асханасының дастарқанынан ұдайы көруді қалайтындықтарын жасырмады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp