Биылғы қыс маусымы Қазақстанның үздік шаңғышысы Алексей Полторанинге жылы қабақ танытуда.
Ол Әлем кубогының жеті жарысына қатысады. Осылардың үшеуінде отандасымыздың айы оңынан туды. А.Полторанин алдымен Италияда өткен “Тур де Ски” жарысында 5 шақырым қашықтықта классикалық әдіспен жарыс жолына шығып, алтыннан алқа тақты.
Жарыстың келесі күні де оған қуаныш сыйлады. Қазақстандық тағы да классикалық әдіспен жарысып, 15 шақырымда ең үздік нәтиже көрсетті.
Ал отандасымыздың үшінші жеңісі тіпті қызық болды. Әлем кубогының есебіне жазылатын бұл жарыс Францияның Ля-Клузе қалашығында өтті. Классикалық әдіспен 15 шақырым қашықтықта күш сынасқан шаңғышылардың алды болып ресейлік Александр Бессмертных келе жатқанды. Оның ізін іле-шала А.Полторанин мен норвегиялық шаңғышы сөреге таяды. “Жеңіске жеттім!” деп ұйғарған ресейлік өзін-өзі мерейге бөлеп, қос қолын аспанға көтере бергенде қас қағым сәтте одан А.Полторанин басып озды.
Қазақстандықтың сөре сызығын бірінші болып қиып өткенін түсірілген сурет (фотофиниш) айғақтады.