Петропавлда “Әдеттен тыс қысқы жағдай” атты акция өтіп жатыр. Соған орай Халықаралық “Қызыл ай” қоғамының облыстық филиалы тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтармен кездесіп, оларды тамақпен және киіммен қамтамасыз етуді қолға алды.
Аманжол НҰРТАЗИН, журналист.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Петропавлда тұрақты мекенжайы жоқ 500-ден астам адам бар. Қаңтар айының қатты аязында олар медицина колледжінің жанындағы азаматтық қорғанысқа арналған бұрынғы бомбапанада жан сақтаған болатын.
– Акция халықаралық “Қызыл крест” және “Қызыл ай” қоғамдық ұйымдарының демеушілігімен өтуде. Біз қаңғыбастарға бір мезгіл ыстық тамақ беріп, киіммен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл акция желтоқсанның 28-інен ақпанның 28-іне дейін өткізіледі. Кейін жаңадан демеуші тапсақ, бұл игілікті істі әрі қарай жалғастыратын боламыз, – дейді халықаралық “Қызыл ай” қоғамы облыстық филиалының қызметкері Любовь Харламова.
Медицина колледжінің жанында орналасқан бомбапанада аязды күндері 40-тан астам кезбе қонады. Акция аясында ондағы қаңғыбастарға жылы тамақ беріліп, қысқы киімдер мен көрпелер таратылды.
– Біздің оқу орнының оқушылары қамқорлыққа зәру жандарға еріктілер қатарында қолұшын беруде. Күн сайын 3-4 оқушы сабақтан босатылып, “Қызыл ай” қоғамы қызметкерлерімен бірге панасыз жандарға көмек көрсетеді. Болашақта адам жанының арашашысы болатын жастар үшін бұл – қажетті шара, – дейді медицина колледжінің қызметкері Наталья Власенко.
“Қызыл ай” қоғамы қызметкерлерінің айтуынша, акция барысында 200-ге жуық белгілі тұрағы жоқ жандарға жәрдем жасалды. Олардың саны күн сайын өсе түсуде.