«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

2 КӘСІПКЕРГЕ 11,4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ демеуқаржы бөлінетін болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттік демеуқаржыға сенім артқан екі кәсіпкердің өтініші аумақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Онда олардың қаржы институттары арқылы алған несиелерінің жылдық сыйақы мөлшерлемесіне 11,4 миллион теңге демеуқаржы беру ұйғарылды. Бұл қаржы үш жылдың ішінде мемлекеттік бюджеттің есебінен төленеді.

 

Бағдарламаның бірінші бағыты, яғни жаңа бизнес бастамаларды қолдау бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның жеке кәсіпкері Николай Гузев тасымал қызметін кеңейту мақсатында “Темір банк” АҚ-ның Көкшетау филиалынан 14 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 13 миллион теңге несие алған. Сол арқылы ол көлік тіркемесіне қол жеткізді. Енді кәсіпкердің өтініші бойынша аумақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен оған банктен алған несиесінің 2,2 миллион теңгесі мемлекет қорынан төленеді. Ал екінші өтініш петропавлдық “Блок” ЖШС-нен түскен. Ол бағдарламаның үшінші бағытына сәйкес кәсіпкерлердің валюталық тәуекелін төмендету бойынша демеуқаржы сұраған. Электр өткізбейтін материалдар өндірумен айналысатын бұл серіктестік тауарының 70 пайызын шетелге шығарады екен. Кәсіпкер Иван Шефер өндіріске қажетті шикізатты Қытайдан алдыратынын, ал ол тауарлар жеткенше қыруар уақыттың өтетінін айтты. Сондықтан өндірістегі қаржы айналымын бәсеңдетпеу үшін кәсіпкер 60 миллион теңгеге “БТА банк” АҚ-ның өңірлік филиалының несиесін пайдаланған. Соған орай ол осы қаржылай толықтырудың арқасында кәсіпорында 7 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Бюджеттен демеу-қаржы алуға қол жеткізген кәсіпкердің 9,2 миллион теңге қарызын мемлекет екі жылдың ішінде жабады.

Осы жолғы аумақтық үйлестіру кеңесінің отырысында екі өтініш қана қаралды. Бұл жыл басында банктерде есепті кезеңнің жүргізілуінен, сондай-ақ кәсіпкерлер тиісті құжаттарын өткізудегі кешігудің салдарынан деп түсіндірілді. Кеңестің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өздеріне келіп түскен өтініштердің жедел қаралатындығын, сондықтан кеңес пен кәсіпкер арасында дәнекерлік етуші банктер демеуқаржыға мүдделі кәсіпкерлердің өтініштерін уақтылы құжаттап, жеткізуі керектігін тілге тиек етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp