«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАСЫНДАЙ БОЛЫП БӘРІНІҢ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың бастауыш сынып мұғалімі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Татьяна Сухачева 55 жасқа толды. Осыған орай оны ұжымы мен шәкірттері құттықтады.

Анна КУЧЕРЕНКО,

зейнеткер.

 

Білім саласында 37 жыл еңбек өтілі бар Татьяна Николаевнаның жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта еңбек етіп келе жатқанына 26 жыл болды. Жоғары білімді ұстаз Татьяна Сухачева бастауыш сыныптарға сабақ беру әдістемесін және теориялық материалдарды жетік меңгерген, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. Өзінің біліктілігін үзбей жетілдіріп, шеберлігін шыңдаудан жалықпайды.

 

Білікті ұстаздың алғашқы сабағы, сол сәттегі өзінің іштей толғанысы, балалардың таза да сенімге толы жәудіреген көздері бүгінгідей жадында. Шәкірттерін сауаттылыққа үйрете бастаған осы күннен бері өзінің әр сөзіне, ісіне үлкен жауапкершілік сезінеді. Ол әр сабағына мұқият дайындалады. Бүгінде оның кабинеті барлық техникалық талаптарға сай жабдықталған. Тәрбиеленушілерінің әрқайсысының психологиялық ерекшеліктерін жақсы білетін ұстаз баланың жеке тұлға болып қалыптасуына назар аударады. Оның балаларға деген аналық мейірімі сабақ үстінде де, одан тыс шаралар барысында да байқалып тұрады.

Жетімдер үйінде еңбек еткен 26 жылдың ішінде алдынан өзі бастауышта сауат ашқызған оқушылары алты мәрте үлкен өмірге қанат қақты. Ол оқытқан балалар негізгі пәндер бойынша жақсы білімдерімен ерекшеленеді. Білікті ұстаз өзінің тәжірибесін жас мұғалімдерге үйретіп, жиі ашық сабақтар өткізеді.

Татьяна Николаевна мектептерде енгізіліп, жүргізіліп келе жатқан “Өзін-өзі тану” пәні үшін Сара Назарбаеваға дән риза. Оның айтуынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың педагогтерінің алдына тәрбиеленушілердің бойына мейірімділік пен ізгілік сеуіп, халық дәстүріне сай саналы, тәрбиелі, рухани бай тәуелсіз мемлекетіміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу міндеті қойылған. Балалардың әрқайсысы мемлекет қамқорлығын, айналасындағылардың өздеріне деген сүйіспеншілігін сезінуі маңызды.

Татьяна Сухачеваны мерейтойымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың басшысы Ризабек Кәкпенов, ұстаздар мен тәрбиеленушілер құттықтап, денсаулық, бақыт, табыс тіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp