«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЗІМІЗГЕ КҮЛКІ ҮЙІРІП, санамызды серпілткен спектакль

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл облыстық Н.Погодин атындағы орыс драма театры 126-шы маусымын өткізу үстінде. Жаңа маусым шымылдық ашқалы бірқатар премьералар қойылды. Солардың қатарына өткен жұма күні сахнаға шығарылған “Квадратура круга” спектаклін қосуға болады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Орыстың белгілі жазушысы, драматургі, Социалистік Еңбек Ері Валентин Катаевтың аталған пьесасы комедия жанрына жатады.

 

“Айнымалы өмірді” жазғанда ол бірнеше бүркеншек ат алған. Мұның мәнісі – шығарманың кеңес өкіметі орнағанына он жыл толғанда жазылып, бір жағынан әлі тамыры қиылып болмаған тоғышарлықты сынауы, екінші жағынан жалаң большевиктік идеологияны келемеждеуі.

Комедия тарамыстай қатып қалған қасаң тірлікті мазақ қылады. Бір бөлмеде екі жас шаңырақ тоғысқан. Вася (арт. В.Алфимов) мен оның зайыбы Люда (арт. М.Черняк) ескі тоғышарлық тұрмыстың түптірегі болса, Абрам (арт. А.Никулин) мен зайыбы Тоня (арт. Г.Афанасьева) – қызыл комсомолецтер.

Алғашқы жұп бөлменің өздеріне бөлінген жағына патшалық өмірдің мүліктерін, қабырғаға кәрі ата-анасының суреттерін қойса, комсомол мүшелері Карл Маркстың портретін ілген. Тоғышарлардың бұлғын жағалы киімдері төрден орын алса, комсомолецтердің қолдарынан партия, комсомол туралы кітаптар, Лениннің материализм жайындағы еңбектері түспейді.

Бір қарағанға спектакль қарапайым, жеңіл ойналатын тәрізді көрінеді. Алайда, астары қалың. Қарама-қайшылығы басым екі әлеуметтік топтың өкілдері бір шатырдың астында тірлік кешеді. Түйіспейтін жолдармен жүріп жатқан жандар. Сөздері де, өздері де – қасаң. Мысалы, тоғышарлар қарапайым орыс тілінен гөрі шеттен енген кірме сөздерді қолданса, қарсы жақтағылар “Бүкіл билік – Советтерге!”, “Біз жеңеміз!”, “Коммунизм дегеніміз – бүкіл елді электрлендіру” ұрандарын аузынан тастамайды.

Әрине, бар болғаны алты адам қатысатын қойылым екі бөлімнен тұратыны әуелгіде таңсық көрінген. Алайда, комедияның екінші бөлігі шығарманың барлық шешімін тауып береді. Рухани сырқат жандарды бір сәтте санадағы тарамыстай қатып қалған қасаңдықтан махаббат арылтады. Вася Тоняға, Абрам Людаға ғашық болып, жаңа шынайы адами болмыстың серпінін дарытқан махаббат сезімі бойды билейді.

Эпизодтарда қызыл бригаданы, үгіт тобын көрсету, олардың Сергей Есениннің “Шаруаның комсомолы таудан түсіп келеді” дегендей кекесін өлеңін айтуы режиссердің тапқырлығы екені даусыз.

Қоюшы-режиссер Виктор Шалаев В.Катаевтың көкейіндегі де осы екенін, 1928 жылы кеңес идеологиясының қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде Дзержинскийдің құрығынан қаймықпай, большевизмді және оның ізбасарын “Өзің комсомолсың, өзің ботқа жейсің” дегендей келемеждеуі көзсіз ерлік деп бағалайтынын айтты.

Сол үшін оны Одессада інісі Евгений Катаевпен бірге тұтқындағаны да анық. Алайда, Одессаны ақтардан тартып алған қызыл командир Котовскийдің арашалауымен аман қалған В. Катаев бұдан соң да бірқатар үздік дүниелер жазғанын білеміз.

Ал оның бұл пьесасы күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоймай, Ресейдің, ТМД елдерінің, Еуропаның, Американың іргелі театрларында репертуардан түспей келе жатқанын қоюшы-режиссер әңгіме барысында тілге тиек етті.

Сюжеті өткір, ащы мысқылға негізделген спектакль зал толы көрермендерді күлкіге бөктірді. Алайда, сананы серпілтті.

СУРЕТТЕ: Абрам мен Людмила.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp