Жұма күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Фарфор таңғажайыбы” деген тақырыпта көрме ұйымдастырылды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш көрмеде Көкшетау, қазіргі Астана, бұрынғы Целиноград, Қапшағай қалаларындағы фарфор зауыттарында шыққан өнімдерді көруге болады. Ресей империясы тұсында танымал болған Кузнецов зауытының да ХVIII ғасырдың І жартысында шыққан өнімдері де қойылған. Бұл зауытта көбінесе ыдыс-аяқтар мен асүйге қажетті тұз, бұрыш сауыттар жасалған. Қызылжарлық тұрғындар арасында да бұл бұйымдардың сұранысқа ие болғандығын көрмеге қойылған ыдыстардан байқауға болады.
Көрмеде Көкшетау фарфор зауытында жасалған Абылай ханның мүсіні мен қазақтың оюөрнегі көмкерілген ыдыс-аяқтарды тамашалауға болады. Мың бұралған бишілер мен жан-жануарлар да ескерусіз қалмаған.
Іс-шара барысында көрмені тамашалауға келгендерге “Қуанамын” би ансамблінің тәрбиеленушісі Ангелина Коломиец би билеп берді. Көрме наурыздың 30-ыншы жұлдызына дейін созылады.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.