«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР СУ” ҚЫЗМЕТІН ЖАҢАРТТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бейсенбі күні “Қызылжар су” ЖШС-і табиғи монополияларды реттеу департаментімен бірге кәсіпорынға облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары мен БАҚ құралдары өкілдерін шақырып, оларды өздеріндегі соңғы жаңалықтармен таныстырды. Тұтынушыларына сапалы қызмет көрсетуді көздейтін серіктестік бұл күні екі орталықтың тұсауын кесті. Олардың бірі – диспетчерлік қызмет орталығы болса, екіншісі – тұтынушыларға “бір терезе” ұстанымымен қызмет көрсету.

 

Қаланы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның 110 жылдық тарихы бар екендігін ескерсек, ондағы су тазарту және тарату жүйесіндегі құрал-жабдықтардың тозығы жетіп тұрғандығы – осы күнге дейін айтылып жүрген мәселе. Алайда, мұнда 2009 жылдан бері қолға алынған жаңғырту мен жөндеу жұмыстары кәсіпорынның сапалы қызметіне екпін бере бастаған сияқты. Онда “Жол картасы” бағдарламасының қолдауымен игі жұмыс атқарылған. Сондай-ақ өздерінің инвестициясы есебінен де бірқатар жаңғырту жүргізілуде. Әрине, серіктестіктің жөндеу қорынан бөлінген қаржыға бұл жұмыстарды толығымен жаңартып шығу мүмкін емес. Сондықтан кәсіпорын әкімшілігі бұл мақсаттарын жүзеге асыру үшін республикалық немесе облыстық бюджеттің қаржылай көмектері керек екендігін сөз етті.

Жаңғырту жұмысы өткен жылы қарқынды жүргізіліп, 170 миллион теңге жұмсалған. Кәсіпорынның инвестициялық міндеттерінің орындалуына 145 миллион теңге қаржы бағытталып, оның 64,6 миллион теңгесіне 5 шақырым су құбырлары жаңартылып, 55,1 миллион теңгеге бірнеше техника сатылып алынған. Бұл жаңа көліктер кәсіпорын қызметінің сапасын жақсартып, қала ішінде орын алған апатты дер кезінде жоюға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жаңартылған заманауи машиналар адам еңбегіне де үлкен қолғабыс. Алайда, бұл қажеттіліктің бір бөлігі ғана. Сондықтан кәсіпорын басшылары алдағы уақытта да лизинг арқылы бірнеше техниканы иеленуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар олар сорғы станцияларына 1,2 миллион теңгенің алты сорғы агрегатын сатып алыпты. Олар су тарату жүйесіндегі қызметтің тиімділігін арттырып, су және электр қуаты қорларын үнемдеуде зор септігін тигізіп отыр. Жалпы мұнда соңғы үш жылда жүргізілген жаңғырту мен жөндеу жұмыстары өндірістегі құрал-жабдықтар мен нысандардың саны мен ұзындығына шаққанда, теңізге тамған тамшыдай болып қана көрінеді. “Сондықтан атқарылған жұмыс бастамасы ғана”, – деді “Қызылжар су” ЖШС-нің басшысы Аслан Сатин.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp