«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІМІ ЕСТЕ ҚАЛДЫРУҒА ЛАЙЫҚ Есләмбек БЕКМҰРЗИН, ұлттық спорт мектебінің директоры.

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Есләмбек БЕКМҰРЗИН,

 ұлттық спорт мектебінің директоры. 

 

Қазақ халқында барша қауым ардақтап, мақтан тұтатын тұлғалар баршылық қой. Осылардың ішінде ең зорының бірі Қажымұқан десем, ағат айтқаным болмас. Ұлтымыздың ұлы балуанын білмейтін адам елімізде некенсаяқ шығар. Ал оның өмірі мен күрес өнеріне байланысты айтылатын әңгімелердің қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін айырудың өзі қиын.

Осы орайда “Солтүстік Қазақстан” газетінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы нөмірінде Зейнолла Әкімжанов жазған “Атақты Қажымұқан балуан есімі Қызылжарда құрметтеуге лайық” деген мақала балуанға деген ілтипат пен сүйіспеншілікті ұқтырады. Расында да, Қажымұқан Мұңайтпасовтың жас жігіт шағында Қызылжарда тұрып, байларда жалшылықта болғаны, сол күндерде Омбының, Қазанның цирктерінде өнер көрсетіп жүрген кәсіпқой ауыр атлеттердің, солардың ішінде балуандардың көзіне түсіп, жойқын күшіне қанықтырғаны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Қай уақытта болсын, тәңір берген талант танылмай қоймайтыны белгілі. Осы орайда Қажымұқанды да жаратқан жойқын күш иесі етіп, жарық дүниеге әкелді. Мысалы, Қызылжарда байлар мен көпестерде жалшылықта жүрген кездерінде жиырмаға тола қоймаған жас бозбаланың бір өзі он-он бес адамның қара жұмысын тындыратынын ауылымдағы көнекөз, кәрі құлақ қарттардан талай естіп, сілекейіміз шұбыратын еді ғой. Ал оның осы жойқын күшінің арқасында Омбының циркінде кәсіпқой, әдістәсілдерге жетік балуан Злобинмен жиырма минуттай белдесіп, тәжірибесінің мүлде жоқтығынан ғана ұтылғанын да жас кезімде естіген едім. Цирктің директоры, Қажымұқанмен күрескен Злобиннің ағасы оны “Феномен!” деген екен. Содан соң бірден қазақ жігітін Санкт-Петербургке, балуандар арасында “Ваня ағай” атанып кеткен Иван Лебедевтің күрес мектебіне жіберуді қолға алған да осы кісі екен.

Табиғат берген жойқын күшіне “Ваня ағайдың” мектебінде әдіс-тәсілдерге машықтануы қосылып, Қажымұқан аз уақытта орыстың ең беделді деген балуандарының қатарына кірген. Қажымұқанмен тетелес Иван Поддубныйдың өзі оның күреске деген ұмтылысын, күш-қуатын аса жоғары бағалаған. Қажымұқан 1909 жылдан былай бірнеше мәрте ірі жеңістерге жеткен. Ол кездері күрестің қазіргі грек-рим түрі “Француз күресі” аталған. Осы күресте Қажымұқан елуден аса алтын-күміс алқалар тағынған. Мұндай жетістікке бүгінгі қазақ даласында да әлі күнге дейін ие болған бірде- бір балуан, қала берді спортшы жоқ. Міне, оның құдіреттілігі қандай десеңізші?!

Ал “Америка күресі” – қазіргі еркін күрес. Осы күрестен дүние жүзінде Қажымұқанның алдына ешбір балуан түсе алмағаны өз алдына бір төбе.

Батырбалуанның қуаттылығы мен жойқын күшін оның тұлғасы да дәлелдейтіндей. Оқыған арнайы әдебиеттерде оның бойы екі метрге жақын, салмағы 135-140 килограмдай болғаны жазылған.

Ол бүкіл дүниені аралап келіп, 1914-1915 жылдардың шамасында өзінің жастық шағының біраз кезеңі өткен Қызылжарға келгенде небір кереметтерді көрсеткенін ақсақалдар айтушы еді. Мысалы, өзінде жалшылықта болып, енді әлем таныған Қажымұқанды қонақ қылған Масликов деген көпес одан бір өнер көрсетуін өтініпті. Сонда балуан көпестің ең жарау деген әрі зор үш айғырын алдырады. Үшеуінің де мойындарына арқан салып, ең ірісін ортаға қойдырып, көсем салдырады. Қалған екеуін екі жағына қойдырып, ортадағыға салынған арқанды мойнына байлайды да, қалған екі арқанмен қос қолының білегін орап алады. Одан соң Масликовтың жігіттері айғырларды қамшымен осады келіп. Бірақ олар Қажымұқанды шіренген қалпынан тартып әкете алмайды. Олай тартып, былай тартып арқалары қамшыдан қан жоса болған айғырларды босатып қоя бергенде көпестің тілі байланып, балуанды құшақтай беріпті, қалғандары сенер-сенбесін білмей “Құдірет! Құдірет!” дей беріпті деген әңгіме де бар. Сол жолы батыр он адам көтере алмайтын жуан сырғауылды қос қолымен төбесіне көтеріп жүріпті. Ал оның Омбының, Қазанның, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің цирктерінде көрсеткен ғаламат күш амалдары туралы әңгімелерді аңызға бергісіз деуге әбден болады.

Қаруы осыншама сұрапыл Қажымұқаннан өзге балуандар ығысады екен де, оны алдап, әбден шаршатып барып жығудың амалын іздейтін көрінеді. Мысалы, Балтық бойынан шыққан, оның үстіне цирктердің қожайындарымен ауыз жаласып алған Георгий Лурих, Алекс Аберг сияқты алаяқтар осындай айланы жиі қолданатын болыпты.

Менің өзімнің күреспен шұғылдануыма ұлы балуанның әсері болды деп анық айта аламын. Туып-өскен ауылым Дайындықта (Аққайың ауданы) үлкендерден көп әңігімелер естіп, құлағым қаныққан еді. Сондықтан Қызылжардағы екінші қазақ мектеп-интернатында оқығанда күреспен шұғылданып, содан бері оны өмірлік серігіме айналдырдым. З.Әкімжановтің “Солтүстік Қазақстандағы” аталған мақаласы менің көкейімнен шығып, ол көтерген мәселе – облыс орталығындағы Ярослав Гашек көшесіне ұлтымыздың ұлы балуанының есімін беруді құптап отырмын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp