«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕҢБЕК АДАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бері көкейінде жүріп, әбден пісіп-жетілген толғамды іс-қимыл бағдарламасы. Президент Қазақстанда мұндай қоғам құрудың қажеттілігін алғаш рет Индустрияландыру күніне арналған телекөпір кезінде айтты. Көп кешікпей ол Мемлекет басшысының жан-жақты талдап жазылған “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында кең өріс тапты. Осы маңызды жарияланым елде және әлемде өте зор қызығушылық туғызды, белсенді әлеуметтік саясатты күшейтуде тың серпіліс берді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әр нәрсенің бір бастауы болатыны секілді Елбасы бұл мәселені тегіннен-тегін қозғап отырған жоқ. Еңбек жолын қарапайым болат балқытушыдан бастаған оған маңдай тердің бағасы жастайынан белгілі. Жүрек қалауымен сүйіп атқарған істің немесе таңдаған мамандығың бойынша жасаған жұмыстың көңілден шықпауы мүмкін емес. Өйткені, еңбек қайсы түрінде болсын ешқашан өз мәнін жоймайды, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.

 

Әлеуметтік жаңғыру саясатын Елбасы былтырғы Жолдауында жария етті. Ал одан кейінгі аталмыш бағдарламалық мақала оны нақтылай түсіп, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын бірінші қатарға шығарды. Онда Президенттің өзі атап өткеніндей, бүкіл әлем өркениетінің экономикалық және мәдени байлықтары көз алдында көлбеңдеген қаржы институттарымен емес, адам еңбегімен жасалады. Сондықтан да нақтылы өндіргіш еңбектің еліміздегі әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне алынғаны өте дұрыс.

Мақаланы зер салып оқығанда, ондағы “Бүгінде қоғамда жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерістерін аса ерте кезеңнен бастап егу, мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды” деген сөздердің астарында терең мағына барын аңғару қиын емес. Ол мемлекет стратегиясының әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогресс бағытында құрыла бастағанын байқатады. Яғни, масылдыққа жол берілмейтін болады. Ал оның өзі түптеп келгенде ертеңгі өндіріс иесін мектеп қабырғасынан бастап еңбекке баулып, кәсіптік бағдар беру қажеттігіне әкеліп саяды. Бұл жайында көнекөз қарияларымыз көп айтып, көп жазып жүр. Жас ұрпақты мектеп жасынан еңбекке тәрбиелеу – жаңалық емес, қазіргі көпшілік аға ұрпақтың басынан өткен таныс жай.

Айталық, Киров атындағы зауыттың байырғы инженер қызметкері Жолдас Лұқпанов пен қарт ұстаз Ескендір Нұрымов өзіміздің “Солтүстік Қазақстан” газетінде жазғанындай, мектептерде бұрынғыдай кәсіптік білім беретін түрлі үйірмелер мен жазғы еңбек отрядтары жұмыстарын неге қайта жаңғыртпасқа?! Жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық, міне, осындай алғашқы білім ошақтарында оянады. Алпысыншы-жетпісінші жылдары механизатор кадрларға деген тапшылық болған жоқ, өйткені бұл мамандық ауыл мектептерінде пән сабағы ретінде оқытылып, мектеп түлектерінің көбі жақын жердегі кәсіптік-техникалық училищелерде білімдерін жетілдіріп, жұмысшы мамандықтарын алып шығатын. Сол сияқты, түрлі үйірмелерде кәсіптік бағдар алған қала жастары да ірі кәсіпорындардың жанындағы курстардан өтіп, түрлі техникалық мамандықтарды игеретін еді. Ал бүгінде мұндай құлшыныс жоқ десе болады. Ол үшін оған жастарды кінәлауға да бола қоймас, оған алдымен сол еңбек адамдарының әулеткерлік үрдісін, еңбек тәрбиесінің ерте ұйымдастырылуын жоғалтып алған қазіргі қоғамдық қатынастар мен өндірістік іс-тәжірибе сабақтастықтарының үзілуі кінәлі.

Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, жерлесіміз Геннадий Зенченко талай айтып жүргендей, жастардың ауылға баруға зауқы жоқ. Сондықтан бізде мамандар жетіспейді. Оның себебі, көптеген рухани құндылықтарымыздан айрылып қалдық. “Бағбан жақсы көретін ағашын қалай өсірсе, адамды да солай тәрбиелеу қажет” деген сөздің шындығын мойындауымыз керек. Шынында да, еңбек адамына ықыласпен қарап, аялаған жөн. Мұндай көзқарас жекеменшік кәсіпорындар еңбек заңнамасына көз жұма қарап, жұмысшылардың құқығын бұзатын қазіргі кезеңде ауадай қажет. Басшылардың жас мамандарға әкелік қамқорлығы еңбектің мәртебесін көтеретін, адамға қамқорлық жасаудың маңызды құралы болуы тиіс. Елбасымыз осыны ерекше атап көрсетті.

Әлеуметтік жаңғырту бүкіл қоғамның өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақтылы қадамдарды талап етеді дей отырып, Президент 2016 жылға дейін орындалуға тиісті 20 тапсырманы белгіледі. Мақалада өзек етілген нақтылы қадамдар да осылар. Соның бірінде кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесін құруға міндеттейді. Ол тегін емес, өйткені әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігі рас. Бұл – өте қалыпты жағдай. Адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады. Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін құру жөніндегі барлық жұмыстарға барынша екпін берілуі талап етілді. Тіпті, әрбір кәсіп үшін “Жол картасының” ашылу мүмкіндігі бары аңғарылады. Оның өзі жоғарыда пікір білдірген ардагерлеріміздің көкейіндегі ойларымен үндесіп жатыр. Бәрі түптеп келгенде, кәсіпқойлық және білім беру үлгісін жаңғыртып, оны осызаманғы талапқа сай дамыту болып отыр.

Біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағытталып отыр. Елбасы айтқан шындықты мойындауымыз керек: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-қуатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp