«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ ЖІГЕРЛЕНДІРЕ ТҮССЕ, олқылықтарымыз ойландырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа жиыны өтіп, ол Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын түсіндіруге және спорт салаларының 2012 жылғы жұмыстарын қорытындылауға арналды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша басқарма бастығының орынбасары Азат Омаров сөз алып, жиналғандарға Елбасы Жолдауының бағыттарын баяндады. Екінші мәселені талқылауға А. Омаров, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жұмыстары бойынша оқу-әдістемелік орталықтың директоры Жанат Елеусізов және қалалық спорт бөлімінің бастығы Рүстем Асылбеков қатысты.

Дарья ТУШИНА,

облыстық туризм, дене шынықтыру және

 спорт басқармасының баспасөз хатшысы.

Өңір тұрғындарын сауықтыру, оларды спортпен шұғылдануға тарту, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау бойынша алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін бүгінде 2263 имарат жұмыс істейді.

Өткен жылы Петропавлда аумағы 8600 шаршы метрлік ДСК (дене шынықтыру-сауықтыру кешені) пайдалануға берілді.

 

Мұндай игілікті жаңалықтар өңір аудандарында да бар. Атап айтқанда, Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында (“Зенченко және К” КС-і) аумағы 1674 шаршы метр жабық хоккей алаңы, сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Казанка ауылында ДСК шаңырақ көтерді. “Атамекен-Агро” ЖШС-і қол ұшын берген соңғы кешенде жаттығу залы, 12 метрлік жүзу бассейні, футбол алаңы және екі волейбол залы бар. Облыста 30 шағын стадион қалпына келтірілді.

Соңғы жылдары ауылдық жерлерде дене шынықтыру мамандарының қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Мәселен, 2010 жылы облысымыздың 205 ауылдық округінде 86 әдістемеші-нұсқаушы жұмыс істесе, кейінгі екі жылда олардың саны 116 адамға жетті. Өткен жылы өңіріміздегі 905 дене шынықтыру ұжымы 140 мың адамды спорт шараларымен қамтыды. Жыл ішінде 1200 бұқаралық спорт шаралары өткізілді.

Өңір спортының көрсеткіштері жоғары дәрежелі жарыстарда қол жеткізілген табыстармен өлшенетіні белгілі. Бұл орайда осы мақсаттағы спорт салаларын қаржыландырудың жылданжылға артып отырғанын айтуымыз керек. Мәселен, 2012 жылы саланы қаржыландыру 263,6 миллион теңгеге жетті. Спортшыларымыздың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына 204,9 миллион теңгеге тарта қаржы жұмсалды (2011 жылы – 190 миллион теңге).

Бүгінгі күнге дейін өңіріміздің 285 өкілі Қазақстан Республикасының құрама командаларының мүшелері болып табылады. Былтыр 8 жерлесіміз халықаралық спорт шеберінің нормативін орындап, осы атақты иеленсе, 25 адам еліміздің спорт шебері болды.

Велошабандоз Александр Винокуров Лондондағы жазғы Олимпиадада жеңіске жетіп, Қазақстан Гимнін шырқатса, жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева үздік ондықтан орын алды. Алексей Луценко мен Майдос Тілеген велоспортта, Айбек Қырықбай қоян-қолтық жекпе-жекте, Виталий Диденко гір көтеруде әлемде ең үздіктер болса, Жандос Бижігітов, Бақтияр Қожатаев (велоспорт), Марина Зуева (еркін күрес), Рауан Смағұлов (кикбоксинг), Татьяна Сокирко, Елена Урванцева, Никита Ставцев (коньки), Роман Огородник (пауэрлифтинг) әлем чемпионаттары жүлдегерлерінің қатарына кірді.

Татьяна Юрченко (жеңіл атлетика), Марина Зуева (еркін күрес), Илья Хван, Александр Поляков (таэквондо), Ефим Шариков, Алексей Баталов, Максим Федоренко (армрестлинг), Самат Қадырбеков, Азамат Нұрпейісов, Рауан Смағұлов (кикбоксинг) Азия чемпионаттарында ең биік мерейге бөленді.

Құрлықтың жүлдегерлері Анжелика Щелчкова (еркін күрес), Айдос Сұлтанғали, Данияр Қаленов (грек-рим күресі), Назгүл Маратова (дзюдо), Гузель Искакова (каратэ) облыс жұртшылығын қуанышқа кенелтті.

Лондондағы Паралимпиада ойындарына қатысқан жерлесіміз Сергей Харламов, аса үздік болмаса да, биіктікке секіруде сегізінші нәтиже көрсетті.

Өзге де мүгедек спортшыларымыз облыс абыройына үлес қосты. Атап айтқанда, Елена Мазуренко мен Балта Тырқаев – үстел теннисі бойынша, Владимир Эрман – жүзуде, Руслан Долобаев – пауэрлифтингте, Қайрат Қанафин, Олег Сысолятин, Елена Мазуренко шаңғы жарыстарында ел чемпиондары атағын жеңіп алды. Ал облыстың мүгедек футболшылары елімізде командалық жеңіске жетті.

Өңіріміздің үздік спортшылары мен жаттықтырушылары ай сайын облыс әкімінің 30 стипендиясы мен грантын алып келеді. Басқарманың алқа жиынында түрлі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Атап айтқанда, “Үздік аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі” аталымында бірінші орынды Ақжар аудандық мектебі жеңіп алды. Оған 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Жеңімпаздарды анықтау жөніндегі жұмыс тобы екінші орынды және 150 мың теңге сертификатты Аққайың аудандық мектебіне беруді ұйғарды. Үшінші орынға және 100 мың теңге жүлдеге Тайынша аудандық мектебі лайық деп танылды.

“Қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің үздік спорттық жетістігі” аталымында гимнастика мектебі жеңімпаздың дипломымен және 500 мың теңге жүлдемен марапатталды.

“Үздік Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектебі” аталымының жеңімпазы – “Дельфин” мектебі диплом және 500 мың теңге жүлде иеленді.

Оқу-әдістемелік құралын шығарғаны үшін “Барыс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдістемешісі Вера Худякова Алғыс хатпен марапатталды.

Ауылдық жерде дене шынықтыру мен спортты дамытуға үлкен үлес қосқаны, саламатты өмір салтын насихаттағаны үшін Тимирязев аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Еркебұлан Майсатаев Құрмет грамотасын иеленді.

Облыс әкімдігінің “Он алтыншы облыстық халық ойындарын өткізу туралы” қаулысына сәйкес 2012 жылы облыс аумағында “Солтүстік” қысқы спорт мерекесі, мүгедектердің облыстық “Үміт” спартакиадасы, “Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі, ұлттық спорт түрлері бойынша спартакиада, әйелдердің облыстық спартакиадасы ұйымдастырылды.

Осы аталған бес спартакиаданың қорытындылары бойынша мыналар марапатталды:

Тайынша ауданы – он алтыншы облыстық халық ойындарының жеңімпазы.

Шал ақын ауданы – екінші орын.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан – үшінші орын.

Алқа жиынында сондай-ақ кейбір елеулі кемшіліктер назардан тыс қалмады. Мәселен, Жамбыл, М. Жұмабаев, Мамлют, Уәлиханов, Аққайың аудандарында әлі күнге дейін спорт бөлімдері жұмыс істемеуде.

Облысымыз бойынша тұрғындар санына шаққанда спортпен шұғылданушылардың көрсеткіші 24,2 пайыз болса (2011 жылы – 23,2 пайыз), бұл Қызылжар, Уәлиханов аудандарында және облыс орталығында жалпыоблыстық деңгейден төмен.

Басқосуда бұқаралық спортты дамытудың, жоғары дәрежелі спортты жетілдіре түсудің жолдары қарастырылып, болашаққа жоспарлар жасалды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp